Көмір қымбаттамақ: құн неге құбылды?

313

0

 Күз келді дегенше ел алдағы қысын ойлайтыны белгілі. Еліміздің басым бөлігі газдандырылмағанын ескерсек, көмір әлі де әлеуметтік маңызынан айырылған жоқ. Таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері биыл көмір бағасы қымбаттауы мүмкін екенін жасырмады. Осыған орай қара отын бағасы қалай құбыларын болжап көрдік.

Делдалы көп дүние

Сонымен, Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов көмір бағасы былтырғымен салыстырғанда орта есеппен 15 пайызға, ал кейбір аймақтарда 7-10 пайызға өсетінін мәлімдеді. Комитет төрағасының мәліметінше, бағаның өсуіне инфляциялық процестер, оның ішінде көмір өндірушілер де әсер етеді.

– Қазақстандағы әлеуметтік көмірдің құны ең төмен бағалардың бірі болып саналады. Егер бөліністе ол 7-ден 9 мың теңгеге дейін тұрса, онда пункттердің қашықтығына байланысты баға 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін, – деді Т.Жолмағамбетов.

Сонымен, биыл көмір бағасы көңілге медет болмайтын сыңайлы. Нарықтық экономикаға көштік дегелі сауда қатынасында тауарларды биржада саудалау белең алды. Еліміздегі көмір бағасының мезгіл сайын қымбаттауына осы делдалдық механизмдер әсер етіп отыр. Мұнда орасан үлкен көлемде сауда-саттық жүретіндіктен, оның баға түзу процесінде әсері зор. Бұл жерде әңгіме коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмір туралы болып тұр. Өйткені энергия өндіретін немесе өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған энергетикалық көмір өндірушіден тікелей жеткізіледі. Мысалы, жыл сайын жыр болатын «Шұбаркөл көмір» АҚ-н алатын болсақ, еліміздің коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға арналған көмірді өткізу нарығының 35 пайызына ие алпауыт компания биыл сауда-саттыққа Modern Trading Solutions тауар биржасы арқылы шығуға шешім қабылдапты. Ал бұл биржаға біржолғы кіру жарнасы оның жарғылық капиталының 4 пайызына тең. Кейін қайтарылмайтын, біржолғы төленетін бұл төлем бүгінгі есеппен шамамен 95 млн теңгені құрайды. Ендеше, бұл сома түптеп келгенде соңғы тұтынушының, сіз бен біз секілді қарапайым азаматтар мен мектеп, аурухана сияқты мемлекеттік ұйымдардың немесе кәсіпкерлердің қалтасына салмақ болып түседі.

Осыған байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталған тауар биржасына еліміздегі бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдаған екен. Бір сөзбен айтсақ, делдалдардың кесірінен халық үшін көмір бағасы орта есеппен 40-45 пайызға қымбатқа сатылады.

«Көмір өндірушілерімен байланысы бар делдалдар арқылы көмір сату тәжірибесі әлі де жалғасуда. Өндіруші компаниялар биржалық сауда-саттықты пайдаланады. Онда ірі көлемдегі көмір тауары бірнеше жыл бойы өзгермейтін әрі саны шектеулі жеткізушілерге ғана бірнеше минут ішінде сатылып кетіп жатыр. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» АҚ саудаға 3,2 млн тонна көмір шығарған кезінде оның 26 пайызын 16 өңірлік оператор, қалған 74 пайызын 10 делдал компания санаулы минуттарда талапайлап дымын қалдырмай алып кеткен. Мұндай делдалдардың арнайы инфрақұрылымдары да, қоймалары және тиеу-түсіру техникалары да жоқ. Ал саудалау кезінде олар 100 пайызға дейін үстемеақы қосып сатады. Мысалы, 2022 жылғы желтоқсанда «Халық Көмір» ЖШС «Қаражыра» АҚ-ның «Каспий «ТБ» АҚ тауар биржасы арқылы 120 мың тонна көлемінде көмірді орташа өлшенген бағасы – тоннасына 6500 теңгеге сатып алып, 12 595 теңгеге қайта сатқан. Осындай тауар биржалары туралы заңнаманың бұзылуына байланысты БҚДА былтыр әкімшілік құқықбұзушылық туралы 19 іс қозғады, 6 тауар биржасы өз қызметін тоқтатты, оның төртеуі тексеру алдында ерікті негізде және екеуі сот шешімі бойынша жұмысын тоқтатты» делінген хабарламада.

Сұраныс пен тапшылық арасы

Көмір тапшылығы жоқ дегенмен елімізде кейінгі жылдары ішкі на-рықтағы сұраныс арта түскен. Мәселен, былтыр көмір тұтыну көлемі 81,4 млн тоннаны құрапты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп. Оның 11,03 миллионы – коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмір. Ол да болса алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл динамиканы бірінші кезекте қыстың қатты болғандығымен байланыстырыпты. Еліміздің солтүстігі мен орталығы газдандырылмағандықтан, көмірді көбірек тұтынған. Десе де, олар халыққа арналған көмірдің шетінен сыртқа тасу деректері болғанын да жоққа шығармайды. Өйткені бізде тоннасы 15-20 мың теңге тұратын көмірдің экспорттық бағасы одан 700-900 пайызға жоғары. Сол себептен Үкімет ішкі нарықта тапшылық туындамау үшін экспортқа шектеу қойған болатын.

«Осы реттен алғанда 2022 жылы елімізде 113,9 млн тонна көмір өндірілген болса, бұл 2021 жылғы 111,7 млн тоннадан 2 пайызға артық, соның ішінде экспорт 32,5 млн тонна құрады. Ал ішкі нарыққа арналған 81,4 млн тоннаның 64,4 миллионы энергетикалық кешенге, 5,97 миллионы өнеркәсіптік кәсіпорындарға жөнелтілді», – деген ИИДМ Көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов.

Экспорт дегеннен шығады, қымбатшылықтың бір себебі – делдалдар болса, ендігі бір себебі – сыртқы нарыққа тасу. Елдегі көмірді сыпырып шетелге сатып жіберсек, өзімізде тапшылық туады. Ал тапшылық соңы – қымбатшылық. Сол себепті де Үкімет өзінің көмір карьерлері, шахталары бар немесе көмірді байытумен айналысатын тек 26 қазақстандық компанияға ғана көмірді экспорттауға рұқсат берген. Олар тас көмірді, оның брикеттелген түрін, жентектелген түрін және қара көмірді шетелге саудалау бойынша айрықша құқыққа ие болмақ. Мұндай шараға Үкімет энергетикалық қауіпсіздікті сақтау үшін және ішкі көмір нарығын тұрақтандыру үшін барып отыр. Өйткені былтыр көмірді сыртқа тасу қадағалаудан шығып кеткен. Соның салдарынан шекара маңындағы елді мекендерде көмір тапшылығы туындаған. Алыпсатарлар сол жаққа тасып жатырмыз деген желеумен көмірді шекара асырған. Мұндағы басты себеп: Ресей көміріне эмбарго салынғандықтан, кәрі құрлық елдері тарапынан Қазақстан көміріне сұраныстың еселеп арта түскені. Соның ішінде біздің көмірді ең көп сатып алған Швейцария екен. 11 айдың ішінде олар 132,1 млн долларға 4,4 млн тоннаға жуық көмір сатып алыпты. Нәтижесінде экспорттан түсетін кіріс те көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтырғы 11 айда біз алдыңғы жылмен салыстырғанда 87,6 пайызға артық табыс тауыппыз. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 446 млн доллар болса, былтыр 837 млн доллар. Бұл тұрғыдан келгенде, әрине, экспорт дегеніміз – табыс көзі. Десе де, сырттан түсетін табыс ішкі тапшылыққа алып келмеуге тиіс.

Өңірдің жайы қалай?

Әуелі Қызылорда қаласының жайын айтайық. Шаһарға алдағы жылыту маусымында 80 мың тонна көмір қажет. Қазір облыс орталығындағы қоймада 19 мың тонна қатты отын дайын тұр. Оны үздіксіз жеткізіп, бағасын тұрақты ұстауға қатысты жергілікті әкімдік пен қойма қожайындары арасында келісім жасалған. Сонымен қатар, белгіленген жылдық көлемді 10 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланыпты.

«Бұл шаралар күн суыта бере көмір қоймаларының алдында жыл сайын қайталанатын талас-тартыс пен ұзын-сонар кезекті азайту және бағаны шарықтатып жіберудің алдын алу үшін қолға алынып отыр», – деп мәлімдеді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі.

Қазір Қызылорда қаласына Қарағандының Шұбаркөл сұрыпты қатты отыны жеткізілуде. Жаздың соңғы күндерінен бастап тұрғындар тонналап сатып алып жатыр екен. Жалпы, тамыз айында қосымша 165 вагон көмір алып келу жоспарланған. Көмір тасымалдаушы мекемелер жақын маңда орналасқан аудандарға да тасымалдап жатыр.

Ең негізгісі баға екені анық. Дегенмен көмір бағасы әлі нақты белгіленіп үлгермеген. Сондықтан біз тасымалдау шығыны мен делдардар есебін айтпаған күннің өзінде, кеніш басынан қаншадан сатылып жатқанын білдік. «Майкөбе» кенішінен шығатын қара көмір халық арасында аса сұранысқа ие. Қызуы жоғары әрі шығатын күлі аз болғандықтан оны жеке үйлер ғана емес, бюджеттік нысандар да көптеп сатып алады. Антрациттің артықшылығын білетін кеніш қожайындары күзде пайданың астында қалуды көздей ме, әйтеуір әр тамыз айында бағаны көтереді. Биыл кеніштен тоннасы 8 мың теңгеден шығып жатыр. Халыққа жетем дегенше бұл баға 15 мыңның шегінен асып жығылуы мүмкін. Қазір кей өңірде «Шұбартаудан» жеткізілген отын тоннасына 22 500 теңгеден сатылып жатыр. Сол сияқты «Майкөбе» көмірінің жеткізілгені тоннасына – 14 мың, «Богатырь-Көмірдің» қатты отыны 10 мың теңге тұрады. Бұған көмірді жеткізу құнын қосыңыз. Қай жағынан қарасақ та, тұтынушылар үшін көмір бағасының біршама өсіп кеткенін байқауға болады. Салыстырып көрсек, былтыр дәл осы кезеңде майкөбелік көмірдің тоннасы – 12 мың, Шұбаркөлдікі 18 500 теңгеден сатылған. Былтыр Қарағанды көмірінің тоннасы 3 500 теңгеге қымбаттаса, ал биыл бақандай 4 мың теңгеге өсіп шыға келген. Ал жеткізушілер қымбатшылыққа себеп ретінде сол баяғы жанар-жағармай құны мен тасымал шығындарының өсуін алға тарта беретіні анық.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<