Майлы жілік немесе қоңды қордың ел мүддесіне пайдасы қандай?

528

0

Бүгінгі айтпағымыз – жаңалық емес. Жылдар бойы айтылып келе жатқан әбден жауыр болған тақырып. Әйтсе де, ол неге қайталана береді? Себебі оның орындалу тетігі жетілдірілмеген. Дұрысын айтқанда, бүгінге дейін жетілдірілуіне ынталылар тым аз болды.

Кешегі Президенттің өзі атап көрсеткен «Қасіретті қаңтар» сабағы жауыр болған тақырыпты қайта қозғауға мәжбүр етті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қызметінің тиімділігі туралы тағы қозғады. Түсіндіру үшін фактілерге жүгінейік. Осы қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 процентіне жуықтайды екен. Басқаша айтқанда, бұл мемлекеттің ішіндегі мемлекет деген ұғымды білдіреді. Осы Қордың 60 процентті иемденіп отырып Қазақстан экономикасының тайғанақтай беретіні неліктен? Демек, жұмыс қалыпты емес, салада жемқорлықтың үлесі ұшан-теңіз.

Қордың иелігінде «Кегок», «Қазақгаз», «Қазақстан теміржолы» және басқалар да бар. Оған өзгесін айтпағанда «ҚазМұнайГаздың» мол сыбағасын және қосып қойыңыз. Қысқасы, табыс жағынан Қазақстанның сүбелі кәсіпорындарының бәрі «Самұрық-Қазынаның» үлесіне тиеді. Президент кеше ғана «Қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» деп атап көрсетті.

Ашынғаннан, көп жыл бойы айтылғаннан ештеңе болмаған соң осылай деді. Шындығында, қор қажет пе, Президент өз сөзінде осы сыңайдағы пікірін жасырған жоқ.

Естуімше, мемлекеттің қатысы бар қорлар әлемде көптеп саналады. Бірақ біздің пайымдауымызша, олар сол мемлекеттің өркендеуіне үлкен үлесін қосады. Олардың активі бақылауда, халықтың көз алдында. Қазақстандағы секілді таныс-тамырлық жайлаған ортада менеджерлерді 20-30 млн теңге жалақымен қызметке ала бермейді. Оларда білімі, жалпы компанияның қызметіне тиімділігі барынша еске алынады.

Айталық, Норвегияда аз ғана халқы бар мемлекеттің ұлттық қорындағы қаржы бізден анағұрлым асып түседі. Осыған ұқсас компанияларда қызмет істейтіндердің жалақыдан алынатын табыс салығы 30-40 процентті құрайды. Бізде бірнеше жыл бұрын бұл жөнінде де әңгіме қозғалған. Бірақ нәтиже жоқ. Министрлерден бастап олардан жоғары қызметте отырғандардың балалары  «Самұрық-Қазынада» жұмыс істейді. Жалақылары әлгі айтқандай, жоғары нәпақа аламын десеңіз, Қазақстанда «Кембриджді» немесе басқа да әлемдегі озық оқу орындарын бітірудің қажеті шамалы. Ең бастысы, жоғарыда отырған қолдаушың мықты болса жетіп жатыр.

Айта берсе мысалдар көп. Шағын мақалада біз оның бәрін тізбектеп жатқымыз келмейді. Президент білгесін айтады. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың негізін кейде осы қордың жұмысынан іздеуіміз керек. Елімізде қаншама жобалар жүзеге асырылып жатыр? Оның тиімділігі қанша? Көптеген салалар бойынша олардың мысалын жүздеп келтіруге болады. Нәтиже бермейтіні, мұндағы қаржы мемлекеттікі. Мемлекеттікі болған соң ешкімнің жаны ашымайды. Сұрап жатқан және ешкім жоқ. Соған қарамастан бұл қордың директорлар кеңесі қызмет істейді. Олар кімдер? Тағы да белгілі адамдар тобы. Жалақылары шектен тыс, бұған қосымша жылдың қорытындысымен бірнеше миллиондаған теңге сыйақы алады.

Президент күні кеше «Қордың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелер бар. Шағымдар жиі түседі. Осы мәселелердің міндетті түрде жауабын табу керек. Әсіресе, мемлекеттік сатып алуды бір тараппен ғана келісім-шарт жасауға мүмкіндік беретін негіздерді азайту маңызды. Былтыр реттелетін сатып алулар туралы заң шықты. Алайда мәселелердің көбі бұрынғыдай заңға тәуелді актілер мен қордың өз шешімі деңгейінде шешілуде. «Самұрық-Қазына» ережелері мен рәсімдерін Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісуді қамтамасыз ету керек» деді. 

Біздің журналистік пайымдауымызша, қор басшыларының мемлекеттік талаптарды орындауға келгенде енжарлық танытатыны неліктен? Адам психологиясы бесенеден белгілі, ешкім оңай келетін олжадан айырылғысы келмейді. Қарсыласады, өзіне тиімді заңның шикі тұсын тиімді пайдалана қояды. Сондықтан Президенттің осы қордың қажеті бар ма деген сауалды алға тартуы тегін емес.

Нарық экономикасы жекешелендіруді көздейді. Біз бұл заңдылықты 30 жыл өтсе де әлі толық ескергеніміз жоқ. Тіпті сонау Батыстан келген «Мемлекет – нашар менеджер» деген үйреншікті қағиданы және есімізге ала бермейміз. Мемлекеттің дайын ақшасы маңдай терді сіңірмей алуға жақсы, оған заң тетігінің жетілдірілмегенінен сыбайлас жемқорлыққа барудың жолы тіпті оңай. Қысқасы, мемлекеттің миллиардтаған теңгесі біреулердің қалтасына оңай сіңіп жатыр. Ал нарық дегеніміз, жекешелендіру, тиімді қызмет істеу, білімге, инновацияға деген құштарлықты туғызады.

Бізде қалай болып жатыр? Кеше ғана қоғам қайраткері Нұртай Сабильяновтың «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатынан тағы бір сұмдықты құлағым шалып қалды. «Самұрық-Қазынаның» бір жылғы таза пайдасы екінші деңгейдегі банктердегі депозитінен құралыпты. Демек, Қор ақшасын депозитке салады. Пайдасын алады. Қажетіне жаратады. Ал елдің мүддесіне қажетті жобаларға бас қатырып керегі не? Біздегі жағдайдың бүгінгі жиіркенішті көрінісі осындай.

Бұл елімізде қалыптасқан келеңсіз көріністің бір қыры ғана. Ел тәуелсіздігін баянды етіп, әлемдік өркениет көшіне еретін болса, экономиканың өз болмысына тән заңдылығымен дамуы қажет. Бүгінгі өмір заңдылығы міне, осы.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<