Ыстық тамақ: Құн мен құнар түрленіп тұр

549

0

Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Өйткені баланың дұрыс тамақтануы денсаулықтың кепілі болмақ. Алайда өңірлердегі жағдай ала-құла. Тамақ бағасы әр жерде әртүрлі. Оған қоса, жыл басында жеке мектеп оқушыларына ыстық тамақ үйлестірілмей, ата-аналар тарапынан дау туындаған болатын. Ал ауыл мектептеріндегі кейбір келеңсіз жайттар жария болып та үлгерген еді. Десе де, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бәрі тиянақты жүретініне жауапты мамандар сендіріп отыр.

Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн бала білім алады, оның ішінде 364 мың бала – бірінші сынып оқушылары. Биылғы оқу жылында ел бойынша 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен толықтай қамту көзделген.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту жоспарланған, – делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінде.

Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге. Бағаның әркелкі болуы да қоғам назарынан тыс қалмады.

– Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% құрады. Бұл қатарда Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады, – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.

Былтыр Сыр өңірінде оқушыларды тамақпен қамтудағы көрсеткіш бөтен болмаған тәрізді.

– Оған дейін бір мезгіл тегін ыстық тамақ тек әлеуметтік жағдайына қарай берілген болса, енді мемлекеттік мектептердің 1-4-сынып оқушылары 100% ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70 863 бастауыш сынып оқушыларына берілді.

1-4-сыныпта білім алатын 70863 оқушы, 5-11-сыныпта қолдауды қажет ететін 17382 бала, барлығы 88245 бала тегін тамақпен қамтылды. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 7,6 млрд теңгені құраған еді, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Б.Қаратай.

Қазір қоғамда әртүрлі пікір айтылуда. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желіде тамақтану құнының әр облыста әркелкі екенін сынға алды. Сыр өңіріне сапары барысында М.Әбенов Шиелі ауданы тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның жүзеге асу барысымен танысты. Депутатпен кездесуге жүзден астам азамат келді. Олар балаларды мектепке даярлауға берілетін қаржылай көмектің әділ бөлінбеуі, көпбалалы отбасыдан шыққан және әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медицина саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың жалақысының төмендігі, білім беру форматының өзгеруі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударып отырған қаржыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Азаматтардың пікірін назарға алған депутат бұл мәселелер бойынша тиісті министрліктерге ұсыныс беретінін айтты.

– Барлық ауылда халықпен кездескенде көтерілетін мәселелер бірдей. Ол – медициналық қызметтің сапасы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының жұмысы. Халық қорға ақшасын төлейді, бірақ орнына алып жатқан сапалы қызметі жоқ. Екінші мәселе – балаларға берілетін мектептегі ыстық тамаққа бөлінетін қаржы көлемінің әралуандығы. Мәселен, бір ауылда бір балаға күніне тамақ ішуге 200 теңге, енді бір ауылда 400 теңге қарастырылған. Астана мен Алматыда 800 теңге, ал Назарбаев зияткерлік мектебінде 2000 теңге деген реніштер айтылып жатыр. Әрине, бұл өте орынды деп есептеймін. Себебі мемлекет тарапынан барлық балаға бірдей жағдай жасалуы керек. Сондықтан біз Парламент қабырғасында бұл мәселе бойынша тиісті министрліктерге стандарттар енгізу жөнінде ұсыныс беретін боламыз, – деді депутат.

Биылғы ахуал жаңа оқу жылында белгілі болмақ. Ас – адамның арқауы десек, балаларға берілетін тағамның құнарлы болғаны дұрыс. Бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр. Өйткені бала денсаулығы үшін астың сапасы бірінші кезекте болуы тиіс.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<