Сыр бойының ғалым қызы

627

0

Білім-ғылымды басты құндылық санайтын адамзат баласы ғалымдарды да асыл ойлары мен жетістіктері үшін ерекше ықыласпен құрмет тұтады. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Шәркүл Таубаева – Жаңақорған ауданының тумасы. Педагогикадағы жолы Жаңақорғандағы №3 мектеп-интернатта ұстаздықтан басталды. Сабақ беріп жүргенде оқу орнынан аспирантураға шақырған хабарлама келді.

Осылайша Кеңес дәуірінде ең танымал ғалымдардан педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістері мәселелері бойынша дәріс алды. Бұл Шәркүл Таубайқызы үшін ғылымға жасалған баспалдақ еді. Кейіннен Мәскеу қаласына арнайы барып, алты ай бойына кітапханаларда зерттеу тақырыбы бойынша оқып ізденді. Диссертациясын қазақша жазып біткенде, жаңа талап шығып, енді диссертациялар тек орыс тілінде қорғалуы керек болады. Осыдан бастап орыс тіліне басымдылық беріп жаттыға жүріп, Орталық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына әдіскер болып жұмысқа қабылданады. Теория мен тәжірибені ұштастыру, ол үшін республиканың түкпір-түкпіріндегі озат тәжірибелі мұғалімдердің жетістіктерін насихаттау, тәжірибе алмасу, білім арттыру мәселелерімен айналысып, әдіскерлік мүмкіндігімен танылады. Арман болған Мәскеуге жиі барып, конференцияларда баяндама жасап, семинарларда түрлі идеяларын бөліседі. Орталық институтқа танымал орыс ғалымдарының келіп дәріс оқуына, тығыз педагогикалық шығармашылық байланыс орнатуға ықпал етеді.

Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкерліктен бастап, онда академия болғанға дейін түрлі деңгейде басшылық қызметтерді атқаруы, білім беру саласын зерттеудің қыр-сырына төселіп, басқарушылық әлеуетін іске асыра білуі – тағылымға толы мектеп. Иә, шындығында профессор ғылым биігіне бірден жеткен жоқ. Үнемі ізденіс, оқып-үйрену, ғалымдармен сұхбаттас болу, пікір алмасу сияқты әріптестік байланыстар оның педагогика ғылымынан өз орнын табуға бағыттаса керек. Соның дәлелі, ол бірнеше ғылыми диссертациялық кеңестің мүшесі, ҚР ҰҚК Шекара академиясындағы диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Оның жетекшілігімен ғылым жолына түскен шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еселі еңбек етіп жүр.

Профессор білім-ғылым саласы бойынша қандай басшылық қызмет атқарса да аудиторияда сабақ беруді тоқтатқан емес. Оның мәнісін сұрағандарға «Жауапты жұмыстардың басы-қасында жүру – бір басқа, ал білім алу мен білім берудің ләззаты ерекше ғой» деп жауап береді.

Дәріс беру барысында ол білім алушылардың зерттеу тақырыбына байланысты мысалдар қарастырып, ойларын дамытып отырады. Тағы бір таңғаларлығы, ол кісі үнемі қосымша сөмке ұстап жүреді. Сол сөмкемен үйінен әріптестеріне, білім алушыларға берілген қандай да бір тапсырмаларға, ғылыми жұмыстарына қатысты кітаптар, газет-журналдар тасиды. Қазіргі жастар қағаз көтергеннен гөрі материалдың электронды түрін жеңіл көргенімен, профессор өзінің классикалық зерттеушілік мәдениетін үйретуден жалықпайды. Жаңадан шыққан кітаптар, педагогикалық басылым туралы жаңалықтар электронды поштамызға көбіне Шәркүл Таубайқызынан келеді. Шетелдік әріптестерінен кітаптар алдырудан, жіберуден, конференцияларына қатысып, баяндама жасаудан жалыққан емес.

Оның бастамасымен республикада «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогикалық өлшемдер» мамандықтары ашылып, білім беру бағдарламалары дайындалып, жоғары оқу орындарында осы салаларда мамандар даярлау жұмысы жолға қойылғанын жұртшылық біле бермес. Жоғары оқу орнында білім бере жүріп, ғылыми жетекшілік қызметінің үздіксіздігі, магистранттар мен докторанттарды қорғату, ғылыми жобаларға қатысу, оқулықтар жазу, білім бағдарламаларына кеңес беру, мақалалар жазу сияқты толассыз еңбек жолы оның сан қырлылығын сипаттаса керек. Осындай еңбегінің нәтижесінде профессор Ш.Таубаева  – 2 монография, 7 оқулық, 10 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік құрал, 2 білім беру бағдарламасы, 5 типтік оқу бағдарламасы, 9 авторлық куәлік, 500-ден астам мақаланың авторы.

Қазақ ғылымына сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Ол – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің, «ЖОО-ның 2017 жылғы үздік оқытушысы» атағы мен грантының иегері. «Әдіснамашы ғалым», «Әдіснама зергері», «Зерттеу мәдениетінің корифейі», «Кәсіби педагогиканың көрнекті өкілі» деген ғылыми болмысын айқындайтын атақтары көп. Мұны ғалымның ғылыми ортада мойындалған әлеуметтік мәртебесі деуге болатын шығар.

Шәркүл Таубайқызының ғылым туралы әңгімесін тыңдасаңыз, басқа ештеңемен айналыспаған шығар деп ойлайсыз. Ол кеңестік кезеңдегі Алматыға тұрақтаған қазақ жастары өтуге тиіс қиындықтарының бәрін бастан кешкен. Жолдасы Жайшылық аға – мәдениетті, білімді, өз кәсібінің шебері, қатардағы инженерден компания президенті қызметіне дейін көтерілген мықты тұлға. Отбасында екі бала өмірге әкеліп, білімді де тәрбиелі етіп өсірген.

Ғалым Шәркүл Таубайқызының 75 жылдық мерейтойымен алыс-жақын шетелдегі достары мен әріптестері оқу жылының басынан бері  құттықтап, лайықты бағасын беруде.

Сараш ҚОҢЫРБАЕВА,

әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры,

педагогика ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<