
– «Бөбек» Жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен кезекті жарыстан жүлделі оралдым. Арнайы төсбелгі иеленіп, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібековтің қолынан мадақтама алдым. Сонымен қатар бізге сайыс барысында белсенді деп танылған үздік студенттердің жеткен жетістігі жинақталған кітап табысталды. Алдағы уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Елбасы кітапханасынан орын алмақ, – деді Асқар.
Ол сондай-ақ, бұл байқаудың үлкен мотивация сыйлағанын алға тартты. Айтуынша, сайысқа қатысуға 700-ден астам студент ниет білдірген. Соның 70-і ғана іріктеуден өтіп, қазылар алқасының оң бағасына ие болған. Бұл ретте Асқардың креативті деп танылуына ешкім шүбә келтірмегенін айту керек. Себебі, ол бұған дейін де интеллектуалды бәйгелерде жақсы нәтиже көрсетті. Дарынның ауылдан шығатынын дәлелдеді. Қазір Асқар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінде оқиды. Жас кәсіпкер ретінде көпшілікке таныс. Талапшыл жастың болашаққа жүйелеген жоспары да көп. Ол ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиевті өзіне үлгі тұтады, ағасының жолын қууды армандайды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.