Басты мақсат – халықтың тұрмысын жақсарту

390

0

 Өткен сенбі күні Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік топ жұмыс сапарымен облысымызда болып, әлеуметтік салаға арналған жиындарға қатысты. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесіп, өндіріс орындарының жұмыстарымен де танысты.

Үкімет басшысының орынбасары бастаған жұмыс тобы алдымен  Т. Есетов атындағы №264  мектеп-лицейінде ұстаздармен, білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті.

Жиында вице-премьер Прези­денттің «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұ­рақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауын­да жүктелген міндеттерді жү­зеге асыру, педагогтардың мәртебесін арттыру, сала қыз­мет­керлерінің жалақысын кө­бей­ту мәселелері туралы сөз қозғады.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық Тамыз конференциясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім са­ласында бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тап­сырған болатын. Кездесу барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов аймақтың білім саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

–    Соңғы жылдары облыс­та білім сапасының артуында ай­тарлықтай нәтижелер бар. Аймақта бюджет қаржысының ең көп бөлігі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бөлінген. Балабақша желісі жыл сайын артып келеді. Оның 72 проценті жекеменшік. Нәтижесінде 3-6 жастағы балалар балабақшамен 100 процент қамтылды. Облыста үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі шешілді. Мектеп бітірушілердің 98 проценті университеттер мен колледждерде оқуларын жалғастыруда. Аймақ мектептерінің 60 проценті жаңа модификациялық пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілсе, компьютерлер 100 процентке жаңартылды. Әрине бұл Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы Парламент қарауында. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова заң жобасын барлық мұғалім, педагогикалық ұжымдар талқы­лап, дайындау барысында 8 мың­нан астам ұсыныс түскенін айтты.

– Жаңа заң жобасында педа­гогтардың құқықтары бо­йын­ша 10 жаңа позиция қарас­тырылды. Олардың барлығында мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіншілік жасау бағытталған. Сонымен қатар, педагогтың шамадан тыс есеп беруіне, негізсіз тексерістер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша да нормалар заң жобасында қарастырылған, – деді ол.

Сондай-ақ, заң жобасында жас мамандар үшін алғашқы кезекте балабақшаларда орын беру, ҚР Еңбек сіңірген ұстазы мемлекеттік марапатын енгізу бойынша қолдаулар барын айтты.

Ал, Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясында алдағы 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады. Ш.Каринова заң жобасында бар­лық педагог үшін демалыс кезеңін 56 күнге ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы, магистр дәрежесіндегі мұғалімдерге 10 айлық есептік көрсеткіш ретінде үстемақы беру қарастырылғанын жеткізді. 

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев білім сапасы мен тәрбие мәселесіне ерекше тоқталды.

– Әрбір мемлекеттің дамуы сол мемлекет азамат­тары­ның біліміне, денсаулығы, мәдениеті, тәрбиесіне байланысты. Біздің балаларымыздың білімінің сапасы халықаралық деңгейге сәйкес болуы керек. Олар шетелде тұратын қатарынан қалмауы керек. Бұл үшін ең негізгісі – заман талабына сай білім беру. Ол сіздерге байланысты, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ, алдағы уақытта мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы орта деңгейден жоғары болуы керектігін айтты.

– Мысалы, бұл мектепте 4000 бала, ал көрші мектепте 500 бала оқиды. Жүктеме әр­түрлі, ал директорлардың жа­ла­қысы бірдей. Сондай-ақ, оқу са­пасы – «Алтын белгі» ала­тын түлектері саны, тәртібі және басқа да көрсеткіштер есеп­­телмейді. Бұл мәселелер жаңа заңда ескерілетін болады. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сына сәйкес, 4 жылдың ішін­де біз мұғалімдердің орта жала­қысын республиканың орта жала­қасымен теңестіруміз керек. Жалпы келешекте мұға­лім­дер, дәрігерлер орта жалақы­дан жоғары алуы керек, – деді ол.

 Вице-премьер мұғалімдер алдымен білім сапасын жетілдіруі керектігін, қазір ұлттық тәрбие берудің кемшіндігін айтып, тәрбиеге баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, колледждердің жұмыс сапасы туралы сөз қозғап, бұл оқу орындарының көрсеткіші түлектердің жұмысқа орналасуымен анықталатынын баса айтты. Әсіресе, түлектердің жұ­мысқа орналасуы, дуальды оқыту нәтижесі, «Күнделік» ақ­парат­тық жүйесі туралы жал­ған ақпарат болмауы керегін жеткізді.

Оқушыларға оқулықтан тыс пайдалы ақпараттың берілуі де қазір өте өзекті. Бердібек Сапар­баев келесі жылы Абайдың 175, Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы, жеңістің 75 жылдығы екенін еске салып, ұлы тұлғалар мен ел өміріндегі елеулі кезеңдер туралы бүгінгі буын біліп өсуі үшін жан-жақты жұмыс жасау керектігін тапсырды.

***

Еліміз бойынша 11 оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. Оның үшеуінің құрылысы келер жылы басталады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Талсуат ауылдық округінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында өткен кездесуде айтты.

Бердібек Машбекұлы орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оң баға берді. Жүйелі жұмыс жүргізіп отырған  басшылыққа ризашылығын білдіріп, әлеуметтік қорғау бағытында қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің абырой-беделі арта беретінін жеткізді.

– Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерге айрықша ден қойылып келеді. Кезінде осы орта­лықтың ашылуы да соның бір дәлелі. Келер жылдан бастап әлеуметтік қыз­меткерлердің жалақысы орта есеппен 30 процентке өседі, оған қоса 11 оңалту орталығын салу жоспарда бар. Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің ролі әрдайым ерекше болып қала береді. Себебі, сіздер кез келген жанға жан жылуын сыйлап, әркез көмек қолын созуға даяр тұрасыздар. Ол әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңын­да қажырлы еңбек пен ақ пейілдеріңіз, өзгенің қайғысына көз жұмып қарай алмайтын адалдықтарыңыз үшін сіздерге шын жүректен алғыс білдіреміз, – деді Б.Сапарбаев.

Әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов тілектестігін білдірді. Мұнан кейін үздік мамандар марапат төрінен табылды. Олардың қатарында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Алтын Есқараева, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғам­дық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов пен «Кіші кәсіп­кер әйелдер қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Салтанат Сыздықова бар. Жиын соңында көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, көңілді серпілтті.

оңалту орталығына сырқатына шипа іздеп келген әрбір адам жанына демеу, дертіне дауа табады. Осы кезге дейін орталықтан 6 мыңға жуық адам қызмет алған. Мұнда қажетті ем-домды жүргізу, бос уақытты тиімді өткізу қарастырылған. Үйретері көп үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар, қызыққа толы мәдени кештерде де өнеріңді ортаға сала аласың. Ең бастысы, осы шаралардың нәтижесінде кресло-қорапты біржола тастап, аяққа тұрған жандар көп. Ол төккен тердің, еткен еңбектің еш кетпейтінін байқатады.

***

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік топ «Достық» үйінде жұртшылықпен кездесті.

Кездесуде облыс әкімі Қ.Ысқақов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы туралы айтып, кей­бір мәселелердің шешілуіне Үкімет тарапынан қолдау қажеттігін жеткізді.

– Атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2019 жылға бюджеттен 14,7 млрд теңге қаралып, әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 14808 теңгені құрады. Жыл аяғына дейін 19,7 млн теңге қаржының жұмсалуы күтілуде. Атаулы  әлеуметтік көмекті қоса қаржыландыруды 15 процентке жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Шартты атаулы әлеуметтік көмек алатын 1351 отбасымен әлеуметтік келісім-шарт жасалып, 1243 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  Артық төленген атаулы әлеуметтік көмектің 23,1 млн теңгесі бюджетке қайтарылып, 1 млрд 71 млн теңгеге төлем тоқтатылды, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері туралы ақпараттандыру жұмысы жүйелі жүргізіліп, халық өзгерістерді оң қабылдауда. «Еңбек» бағдарламасына қатысуға 23988 адам тартылған. Облыста «Бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру және сапалы жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі іс-шаралар жоспары» жол картасы қабылданды.

Денсаулық сақтау саласында мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесін  іске асыруға барлық шаралар қабылдануда. Мемлекеттік медицина ұйымдарында ақпараттық жүйе 100 процент енгізіліп, компьютермен толық қамтамасыз етілген. Өңірдегі 42 жеке медициналық ұйым­­дардың 12-сі медициналық ақ­параттық жү­йені енгізсе, 26-сы тә­жірибе негі­зін­де қолдануда. Интернет желісі ау­дан­­дарды толық қамтып, шалғай елді мекендер 86,2 процентті құрап, жыл ая­ғына дейін толық қосуға мүмкіндік бар.

Аймақ басшысы денсаулық саласындағы шешімін табуы тиіс мәселелерге тоқталды.

– Облыстың әлеуметтік-эконо­микалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында жергілікті бюджет есе­бінен 500 төсек орынды көпбейінді аурухана салу көзделген. Дегенмен, жергілікті бюджеттің қаржылық мүм­кіндігі жоқ екені ескеріліп, респуб­ликалық бюджеттен іске асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар тізіміне енгізу қажеттігі туындауда. Сондай-ақ, экологиялық апат аймағындағы әйелдерге босануға дейінгі және кейінгі демалыс күндерін ұзарту мүмкіндігін қарастыру, Арал өңіріндегі экологиялық апаттарға байланысты аурулардың тізбесін анықтау тапсырылған болатын. Жобаны сапалы әрі мерзімінде іске асыру үшін Премьер-министр орынбасарының төр­­аға­лығымен ведомствоаралық комис­­сиясын құруға ұсынысты қол­дауыңызды сұраймыз,– деді облыс әкімі.

Өңірде білім саласын қолдау да айтарлықтай. Білім саласындағы көр­сетілетін қызметтің 15-і автомат­тандырылса, республикада алғаш­қылардың бірі болып мұғалімдерді жұмысқа қабылдау электронды түрде жүргізіле бастады. Жаңа оқу жылында 475 мұғалім осы жүйе арқылы жұмысқа тұрған. Облыстағы спорттық кешендер соңғы 3 жылда толығымен жаңартылды. Кәсіптік және техникалық салада соңғы екі жылда 22 жаңа мамандық бойынша оқытылып, түлектердің 80 проценті жұмысқа орналасқан. Аймақта жыл сайын мектеп құрылысын жүргізу қарқынды болғанымен, алдағы жылға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы жоспарланған құрылысты салу­ға жеткіліксіз екені атап айтылды.

Кездесуде Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев ел тәуел­сіздігін алған 28 жылда ең негізгі мақсат – халықтың жағдайын жақ­сарту болғанын атап айтты. Ел қазынасының 45 проценті әлеуметтік салаға жұмсалса, енді бұл 47 процентке көбеймек. Биыл аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында атау­лы әлеуметтік көмек тағайындауға, тұтыну несиесін өтеуге қыруар қаржы бөлінгенін атап өтті. Алайда мұқтаждық пен масылдықты ажырата алмағанымыз ашық көрінді. Енді атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа жүйесі енгізілмек. Сондай-ақ, халықтың жағдайы назардан тыс қалмайды.

– Негізгі міндетіміз – халықпен қарым-қатынасты жақсарту. Әрбір тұрғынның мәселесіне құлақ асып, заңға сәйкес келетін болса, шешімін табуға көмектесу керек. Жергілікті биліктің жұмысына халық баға беруі қажет. Сауалнама жүргізіп, нәти­жесінде халықтың оң бағасы 30 проценттен төмен болатын болса, шара қолданылады, – деді Б.Сапарбаев.

Білім саласына қамқорлық жыл сайын арта түспек. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, мұғалімдердің жалақысын арттыру жүйелі жүзеге аспақ. Сондай-ақ, елімізде дарынды балаларды қолдау мақсатында «Ел үміті» жобасы дайындалуда. Жоба бойынша дарынды 1000 бала іріктеліп, оларға қолдау көрсетілмек.

Мәдениет саласындағы өзекті мәселенің бірі – сала қызметкерлерінің жалақы­сының төмендігі болса, енді олардың жалақысы 30-50 процентке өсетін болды. Жастар жылының нәтижесі де Үкімет назарынан тыс қалмайды.

Зейнетақы қорының белгілі бір мөлшерін мұқтаждық үшін беру – көп көкейіндегі сауалдың бірі. Бұл мәселе әлі де талқыланып жатқанын, ең бас­тысы, ертеңгі күні кез келген азаматты зейнетақымен толық қамтамасыз ету қажеттігі ескерілетіні айтылды.

Кездесуде денсаулық саласының ардагері Т.Маханов сұранысқа сай он­ко­логиялық аурухана салу қажеттігін айтса, қоғам қайраткері Қ.Баймаханов газ бағасы және кәсіптік-техникалық колледждерде еңбек нарығына қажет маман даярлау мәсе­лесін көтерді. Бі­лім және ғылым қызметкерлері кә­сіп­одағының төрайымы Р.Бай­на­зарова өңірде жаңа мектептер салу­­ға қажеттілік жо­ғары екенін алға тартса, кәсіпкер С.Алшынбаев жеке балабақшаларға берілетін мем­ле­кеттік тапсырыс көле­мін арттыру жайын айтты. Үкімет басшысының орын­басары барлық  сауалдарға нақ­ты жауап берді.

***

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы Шиелі және Жаңақорған ауданында болды. Жергілікті тұрғындармен кездескен делегация ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттарын түсіндіріп, көпшілік көкейіндегі кейбір өзекті мәселелерді ашып айтты.

Кездесуде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін көпбалалы және мұқтаж отбасыларға арналған көмектің жаңа әдісі туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларды қолдау республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақыны енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Аталған мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасыларға төленбек. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына байланысты сараланып, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден берілетін болады. Ал, атау­лы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға да төленеді.

– Мемлекеттің негізгі қағидаты – шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсету. Еңбекке жарамды азаматтар жұмыс істеуге тиіс, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмек көпбалалы отбасыларды қол­дауды, аз қамтылған отбасыларға атау­лы әлеуметтік көмекті, аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған кепілді әлеуметтік пакетті қамтитын болады, –  деді Б.Нұрымбетов.

Жиналыста атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екендігі айтылды. Оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы негізге алынып отыр. Сондай-ақ, отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартса, онда тиісті көмек төлемі барлық отбасы мүшелері үшін бірден тоқтатылатыны баса айтылды.

Аудан тұрғындары зейнеткерлік және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және басқа да мәселелерді шешуге қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, тиісті жауап алды.

Жиында сөз алған вице-премьер мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап отырғанын айтты.

– Бүгінде осы салаға рес­пуб­ликалық бюджеттің 45% бағытталған. Биылдың өзінде атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 200 млрд теңгеден астам қар­жы жұмсалған. Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы өсуде, жаңа мектеп пен ауруханалар, әлеуметтік тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделуде, – деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, вице-премьер жастарға рухани-адамгершілік тәрбие мен білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, МӘМС-ті енгізу, сандық технология­ларды дамыту, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік саланы дамытудың мәселелерін айтып өтті.

Сапар барысында үкіметтік топ жыл аяғында пайдалануға берілетін аудандық аурухананың құрылысын аралап көрді. Одан соң жылына 1 млн тонна өнім шығаруға қуатты «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС зауытында болып, заманауи технологиялармен жабдықталған кәсіпорын жұмысымен де танысты.

«Сыр бойының»

тілшілер тобы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<