Көшпелі тәжірибелік семинар: Арнайы білім беруді дамыту тәжірибесі

152

0

Фото автордан

Ерекше білім беру қaжеттіліктері бар балаларды сапалы біліммен қамту – білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі. «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды жалпы ортаға қосу, облыстағы инклюзивті білім беретін мекемелердің үлесін көбейту, инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Дефектолог-мұғалімдерге арналған курс тыңдаушыларын курстан кейінгі қолдау мақсатында №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернатында «Арнайы білім беруді дамыту тәжірибесі» тақырыбында көшпелі тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.

Тәжірибе алмасу семинарының мақсаты – көру қабілеті бұзылған балаларға білім беруде жаңа ақпараттық технологиялар мен оқытудың тиімді әдістерін пайдалану.

Семинар аясында ерекше білім беру қaжеттіліктері бар балаларды оқытуда түзету және қалпына келтіру міндеттерін шешу, баланың көру қабілетін дамыту, оларды оқытуға қажетті дағдылар мен құзыреттіліктерін дамытуға бағыт беру және нәтижелерін оқу үдерісіне ендірудің тиімді жолдары көрсетілді.

Семинардың практикалық бөлімінде мектеп-интернат педагогтері мұғалім көмегімен мәтін құрап жазу, «Ориентир» құралын пайдаланып отырып, кеңістіктегі заттардың орналасуын болжау, «Еңбектен бақыт тапқан Батыр Ана» тақырыбында ашық сабақтар, «Сәтті қарым-қатынас» тимбилдинг-тренингін, «Американдық панкейк және дәрумендік смузи дайындау» атты әлеуметтік тұрмысқа бағдарлау сабақтарын көрсетті.

Тәжірибелік семинардың соңында ерекше білім беру қажеттіліктері бар, көру қабілеті бұзылған балаларды түзету жұмыстарындағы проблемалар айтылды, кемшіліктер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернаты арасындағы педагогтерді курстан кейінгі қолдауға, тәжірибе алмасуға бағытталған жұмыстар жалғасатын болады.

Венера Нурманова ,
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<