БІРЛІКТІҢ, ЖАСАМПАЗДЫҚ ПЕН ӨРЛЕУДІҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

1305

0

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Конституция – Тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі және кепілі. Қай дәуірде, қай қоғамда болмасын, кез келген елдің пайда болуы мен мемлекеттің қалыптасуы, дәуірлеп-өрлеуі белгілі бір құқықтық жүйеге сүйеніп жүзеге асатыны тарихтан белгілі.

Әлемдік конституционализм үде­рісінде біздің бүгінгі түсінігіміздегі жазбаша конституция тұңғыш рет 1787 жылы Америка Құрама Штаттарында өмірге келгені белгілі. АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі, үшінші Президент Томас Джефферсон ел Конституциясын: «Бұл біздің еліміздің бар даналығының қосындысы», – деп ерекше құрмет тұтады. Дегенмен, әлемде Конституциялары жоқ елдер де кездеседі.

Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы Ата Заңымыз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар-ожданы мен биік парасатынан тұра­тын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірген. Қабыл­дан­­ғанына 25 жыл болған тари­­хи құжатымыз – әлемдегі ең жас  Конс­ти­ту­ция­лардың  бірі. Алайда, халық­аралық сарапшылардың пікі­рінше, еліміздің Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құн­ды­лықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады.

Қазақ даласында мемлекеттік пен құқықтық дәстүр өзінің түп-тамырын ғасырлар қойнауынан тартады.

Ұлы даланы дүр сілкіндірген Ұлы Түрік қағанаттары VІ ғасырда Еуразия кеңістігіне үстемдіктерін жүргізіп, мемлекеттерін нығайтып, заңдарын шығарып, халқын кемелдікке жеткізе алды. Әлемге әйгілі Күлтегін ескерткішінде бұл жөнінде былай деп жазылған: «Әлемнің көгінде аспан, төменінде қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат баласының үстінен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, түркі заңдарын шығарып, оны бекітті».

Қытай жылнамаларына сүйенсек, түркілердің мемлекеттік заңы негізгі бес баптан тұрған және ең қатал жазалар көтеріліс жасап, бүлік шығарғандар мен халықтың мүддесін сатып, елге опасыздық жасағандарға берілген.

Ұлы дала халқының мыңдаған жылдар бойы өзіндік әдет-ғұрыптары мен дала заңдары болған. Дәстүрлі дала заңының бір ерекшелігі – әділдік жолын ұстаумен бірге, сөз өнерін, шешен­дік, тапқырлық, айтқыштық өнерді де жоғары бағалап, оған жүгінген. Соған лайық әділ билердің өзін де, сөзін де қа­дір тұтып, олардың есімін аузынан тастамаған. Мәселен, халық жадында ерекше сақталып, төбе би атанған атақты ұлы дала ойшылы Майқы «Хан ақылды, әділ болса, қарашасы ынтымақты, батыл болса, қара жерден су ағызып, кеме жүргізеді… Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, ел болуды ойлаңдар», – деп халықты бірлікке шақырған, елдік мүддені көздеген өсиет қалдырған.

Ерте орта ғасырда түркі бабаларымыздан бастау алған заң түзу қызметі, қазақ хандығы тұсында Қасым ханның, Есім ханның және Тәуке ханның тұсында өз жалғасын тапты. Олар – қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуда ерекше рөл атқарған ірі мемлекет қайраткерлері.

Қасым ханның есімімен байланыс­ты «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы – қазақ мемлекеттілігінің тарихында ерекше орын алатын маңызды құқықтық құжат. Бұл заңның негізгі мазмұны  Қасым ханның сол кезең­дегі жүр­гізген мемлекеттік саясаты­мен ты­ғыз байланыста құрылып жасалған. Ал «Есім хан­ның ескі жолы» заңдар жинағы сол дәуір­де­гі қаз­ақ қоғамындағы азаматтық және бас­қа да құқықтық ережелерді, мемлекеттік басқару жүйесін реттеуге ба­ғыт­тал­ған негізгі заңы болып есептелді.

Тәуке хандық құрған ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басы қазақ хандығы үшін абыройы асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Бұл жайында белгілі орыс тарихшысы Алексей Левшин: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді… Күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты», – дейді. Қазақ қоғамына осындай біртұтастық дарытып, ынтымақ орнықтырған ежелгі ереже-қағидалардың, салт-дәстүрлердің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті Жарғы» баба даналарымыздың «Қасым  ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен биліктің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, жан-жақты байыпталған құқықтық мұрасы болды.

Осы игілікті істердің басында сол кезеңнің үш данасы, үш кемеңгері деп танылған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер жүрді. Жарғыны дайындауда сол кездің тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаңғыртып жасаған. Сөйтіп тек билердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының саяси-әлеуметтік, рухани-танымдық, салт-саналық болмысын тұтастыра көрсететін құжат дүниеге келді.

«Жеті Жарғы» қазақ мемлекет­ті­лігінің құрылымын қорғауға және оның территориялық тұтастығын, ұлттық бірлігін сақтауға бағытталған заманауи озық ережелерден тұрды.

Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғаны тарихтан белгілі.

Қазан революциясынан бас­тау алған Кеңестік кезеңде Қазақ­станның үш Конституциясы қабыл­данды. Оның ең алғашқысы – 1926 жылы, екіншісі – 1937 жылы, үшіншісі – 1978 жылы қабылданған Конституция.

Өткен ғасырдың 90 – жылдары Еуразия кеңістігінде жетпіс жылдан астам билік құрған Кеңес мемлекеті тарих тұңғиығына еніп, оның орнында тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Солардың бірі – Қазақстан Рес­публикасы. Тәуелсіздігін жа­рия­лап, әлем елдерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатуды мұрат еткен Қазақ елі уақыт талабына сай Конституцияны қабылдауды қолға алды. Бұл туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздігімізді ал­ған­нан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конс­титуция­сы ашық және демо­кратиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баян­ды етуге тиіс», – деп атап өткен болатын.

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Консти­туциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Оның бұрынғы Қазақ КСР Конституциясымен салыстырғанда едәуір айырмашылығы мен өзгешелігі болды. Дегенмен, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Себебі Конс­титуцияны жасау барысында ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық, т.б. процестерді кешенді түрде ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктері мен жоспарларын ғылыми тұрғыдан нақты айқындау мәселесі жетіспеді.

Осы уақытта жас тәуелсіз мем­­лекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уакыт­тың өзі алға тартты.  Елімізде консти­туциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды.

Конституцияны қабылдау қар­саңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар жүргізілді. Елбасының бастамасымен құрылған сарапшылар көптеген әлем елдерінің Конституцияларын, әсі­ресе ХХ ғасырдың екінші жар­тысында қабылданғандарын мұқият сараптаудан өткізді. Мемлекет басшысының өзі ыждағаттылықпен Еуропа мен Азияның,  Солтүстік Американың барлығы 20-дан астам дамыған елдердің конституцияларын талдап, саралап, өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа Конституцияның жобасын тапсырған болатын.

Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды. Өзінің құрылымы мен заңдық негізі жағынан еліміздің жаңа Конституциясы белгілі дәрежеде Француз Республикасы, АҚШ, Корей Республикасы сияқты демократиялық өзгерістерді іске асыру мақсатында халық пен мемлекеттің мүдделерінің бірлігіне ең жоғары кепілдік үшін биліктің барлық салаларын үйлестіруді қамтамасыз ететін елдердің дәстүрлі Конституцияларына негізделді.

Конституция жобасын тал­қылауға еліміздің белгілі заң­гер­лерінен бөлек, Францияның Конституциялық және Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысты. Сонымен қатар, құжатты талқылауға 3 млн 345 мың адам қатысып, 31 мың 886 ұсыныс түсіріп, оның 1 мың 100-і конституция жобасына еңгізілді.

30 тамыз күні – жалпы­халық­тық Референдумға сайлау­шылардың 90,58 проценті қатысып, олардың 89,14-ті жаңа Конституцияны қолдады.

Бұл тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық тал­қылауға салы­нып, елдің пікірі ес­керілген халық­тық Конституция болды.

Конституцияда Қазақстан Рес­публикасы демок­ратия­лық, за­йырлы, құқық­тық және әлеуметтік мем­лекет екендігі, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бос­тан­дықтары екендігі көрсетілген. Биліктің бірден-бір бастауы халық болып танылды.

Конституция бойынша Қазақстан Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз ету құқына ие болды. Бұл елімізде күшті Президенттік билік вертикалінің қалыптасуына жағдай жасап, жас мемлекетіміздің орнықты әрі жүйелі дамуына, әлемдік кеңістікте өзінің орнын ойып тұрып алуына негіз жасалды.

Осылайша, 1995 жылғы Конс­ти­туция Қазақстанның қазіргі мемле­кеттілігінің негізін салды. 1998, 1999, 2007, 2017 және 2019 жыл­дары енгізілген өзгерістер мен толықтырулар саяси билік инсти­туттарын әрі қарай жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы қатынастарды реттеп, қазіргі заман талаптарына сәйкестікке келтіруге бағытталған.

Бүгінде Конституциямыз еліміз­дің қоғамдық-саяси және әлеу­меттік-экономикалық дамуының негізіне айналып, заң үстемдігінің шынайы үлгісін көрсетіп отыр. Конституциялық нормаларды қатаң сақтай отырып, елімізде Президенттік биліктің демократиялық принциптер негізінде алмасуы орын алды.

2019 жылдың маусым айында өткізілген Президенттік сайлауда «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды тұғырнамасымен Елбасының сенімді серігі, ірі мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қолдауына ие болып, ел Президенті атанды.

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Жолдауында  «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп,  елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Біз бұған Елбасы саясаты­ның  ­сабақ­тас­тығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», – деп мемлекеттік дамудың жаңа белестерін белгілеп берді.

Бүгінде Алаштың анасына ба­ланған қасиетті Сыр өңірінде жүр­гізіліп жатқан жүйелі жұмыс­тардың нәтижесінде тұрғындардың әл-ауқа­ты өсіп, кемел болашаққа деген сенімдері артуда. Ағымдағы жылдың 1 маусымына облыс тұр­ғындарының саны 808,1 мың адамға жетті. Олардың – 96,3% қазақтар, 1,8% орыстар, және басқалары.

2019 жылы жалпыөңірлік өнім көлемі 1831,8 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,0% көрсетті.

Аймағымыз минералды-шикізат ресурстарының айтарлықтай әле­уетіне ие. Олар: көмірсутек ши­кізаты, түсті металдар, уран, ванадий, ас тұзы және жерасты сулары.

Сонымен қатар, өңір күріш егу бойынша еліміздің дәстүрлі көшбасшысы, күріштің 90% – ға жуығы облысымызда өндіріледі. Сырдың маржанына айналған күріші, қауыны мен қарбызы алыс және жақын шетелдерге танымал. Бүгінде аталған дақылдар облыс брендіне айналды.

Әлемді өзінің құрсауына алған COVID-19 пандемиясына қарамастан, облыс диқандары 184,7 мың га ауылшаруашылық дақылдарын екті.  Биылғы жылы алғаш рет егісті әрта­­рап­тандыру бағытында перс­пективалы дақылдар қант құмайы 70 гектарға, соя 240 гектарға, жүгері дақылы 1667 гектарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аква­гель­дерді пайдалану арқылы 80 гектар богарлы жерлерге күздік бидай дақылы егілді.

Қазіргі таңда аймақтың экспорт­тық әлеуеті артып, өңірдің күріш өсірушілері өз өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Иракқа экспорттауда.

Облысымызда емдік қасиеті өте жоғары бағаланатын, дәрумендерге бай, ағзаға пайдалы шұбат сусынын өндіру жыл сайын артып келеді. 

Былтыр еліміз бойынша 16827,6 тонна түйе сүті өндіріліп, оның 4623,8 тоннасы немесе 30 пайызға жуығын облыстың тауар өндірушілері өндірген. Мәселен, Шиелі ауданына қарасты «Аруана» шұбат өңдеу кәсіпорыны тәулігіне 1 тонна шұбат, 1 тонна сиыр сүті, қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт, және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығаруда.

Облысымыздың аграрлы-индус­триалдық қуатын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін  индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 44,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылуда. Олар: Арал ауданында «Балықты терең өңдеу зауытының және пластикалық қайықтар шығаратын цехтың құрылысы» жобасы, Қармақшы ауданында «Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы» жобасы, «Қызылорда қаласында қуаты жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіру және өңдеу зауытын салу» жобасы.

Облыс көлемінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда бұл бағытта 214,1 млрд теңге, оның ішінде білім беру ісіне – 155,0 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 8,5 млрд теңге бөлінді.

Конституцияда азаматтардың мем­лекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріліп, міндеттелген. Сондай-ақ,  мемлекеттік жоғары және орта арнаулы оқу орындарына конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.

Қазіргі таңда ­облыс­­­та­ғы 673 мек­тепке дейінгі білім беру ұйым­­дарында 59 659 бала тәр­биеле­­нуде. 3 пен 6 жастағы балалар 100% бала­бақшамен қамтылған.

Биыл облыстың 293 мектебінде 168 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында 46 инновациялық мектептер желісі құрылған.  Оларда жаратылыстану-математикалық бағыт­тағы пәндер тереңдетіліп оқытылуда.

150 мектепте химия, биология, информатика, физика пәндерінің элементтері пилоттық негізде ағылшын тілінде оқытылуда. 122 мектепте робототехника және «3Д-модель­деу» кабинеттері жұмыс жасайды.

Өткен жылы мектеп бітіру­шілерінің 98% колледждер мен университеттерге оқуға түсті. Оның 65%  жоғары оқу орындарында мемле­кеттік грант есебінен білім алуда.

Облыстың 30 колледжінде 20365 студент білім алса, 3 жоғары оқу орнында 9826 студент бар. Жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде 400 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, студенттер қауымына табысталмақ.

Сыр өңірі – қазақ халқы мәде­ниетінің күретамырындай. «Сыр елі – жыр елі» деген сөз соның дәлелі болса керек. Бүгінде облысымыздың мәдениет саласы айтарлықтай жетіс­тіктерге қол жеткізіп отыр.

2020 жылы «Қорқыт ата мұра­ларының ЮНЕСКО-ның материал­дық емес мәдени мұралар тізіміне» енгізілуіне орай облыстық филар­мония жанынан «Қобызшылар»  ансамблі құрылды. Сыр сүлейлерінің мақам-саздары мен жыр термелерін жаңғырту, Қорқыт мұраларын насихаттау мақсатындағы «Жыр мұра» жобасы аясында Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында «Жыр-терме» және облыстың мәдениет ұйымдарында «Қобыз» үйірмелері ашылды.

Бүгінде аймақ халқының те­геурінді еңбегінің арқасында облы­сы­мыздың әлеуеті күн санап артып келеді. Әлемнің бәсекеге қабілетті, ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу мақсатында елімізде кешенді жұмыстар атқарылуда. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды.

Өзінің 25 жылдығы қарсаңында Конституциямыз ел дамуының өмір­шең құжаты екенін көрсетіп, тәжірибелік маңыздылығын дә­лел­дей алды. 

Әрине, тарих ауқымымен ал­ғанда, бұл – азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты көрсете білді.

Құрметті жерлестер!

Конституциямыздың 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміз тұғырлы, болашағымыз жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<