Күн жылынғалы жол құрылысында қызу тіршілік басталды. Бір белгілісі, кейінгі жылдары аймақтағы жол инфрақұрылымы қарқынды жүруде. Айталық, 2022-2026 жылдары 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелін салуға 185,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Кейінгі төрт жылда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті.
Құрылыс артқан соң асфальт-бетон зауыттарындағы жұмыстың тоқтаусыз жүретіні анық. Соған орай, облыстағы барлық кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтқан. Біз «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» аймақтағы филиал мамандарымен бірге кейбір өндіріс орындарын араладық. Сапар «Сапа керуені» жобасымен ұйымдастырылған еді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы Ержан Усмановтың сөзінше, өңірде 23 асфальт өндіретін зауыт бар. Оның 10-нан астамы облыс орталығының маңында. Маңыздысы, құрылыс маусымы басталмай тұрып, бұл кәсіпорындардың жұмыс қабілеттілігі қадағаланатын көрінеді. Әр кемшілік ұсыныс ретінде орталық тарапынан беріледі, ол түгелденген соң барып зауыт асфальт өндіруді бастайды.
– Зауыттың барлығы асфальтты дайындамас бұрын біздің орталық зертханасына әр шикізатты ұсынады. Құрамын жеке-жеке тексеріп, сараптамадан өткізіп, әрқайсысының стандартқа сай не сай емесін зерттеп, анықтамасын береміз. Содан соң барып, олар өз зауыттарында көрсетілген құрам бойынша асфальт өндіре бастайды. Екіншіден, жергілікті не республикалық жолдар салынып жатқанда не салынып біткен соң оның тығыздығын тексереміз. Әрине, мұның барлығы жол салуға тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелердің ұсынысы негізінде жүзеге асады, – дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, бұрынғыдай емес, қазір жол салу ісінде сапа артып келеді. Мердігер мекемелер барынша қателікке жол бермеуге тырысады. Жол дұрыс салынбаса, тапсырыс беруші сотқа жүгініп, құрылыстағы кемшілік дереу қайта қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Мұндай оқиғалар көбіне-көп аудан орталықтарында болып тұрады.
– Одан бөлек, «Қызылорда-Жезқазған» бағыты бойынша біздің аймаққа тиесілі жол құрылысының сапасында кемшілік болмай қалған жоқ. Бірақ оның барлығын орталық тарапынан зерттеп, анықтап бердік. Былтыр жыл соңына дейін ақаулардың барлығы жойылды. Биыл жыл басынан бері біздің филиал қызметкерлері барлық статустағы 46 жол нысанына барып, 133 рет тексеріс жүргізді. Айта кетейін, біз ағымдағы жөндеу емес, орташа, күрделі жөндеу және қайта жаңғырту сияқты жол құрылыстарының сапасын қадағалаймыз, – деді бөлім басшысы.
Ал жергілікті халық «УАД» деп атап кеткен, облыстағы ірі жол құрылыстарын жүргізетін «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС өкілінің сөзінше, зауыттан шығатын асфальт өзге жол салушы компанияларға сатылмайды. Бір күнде 3 мың тоннаға дейін жол құрылысына қажетті басты өнімді шығаратын кәсіпорында 30 адам еңбек етіп келеді.
– Жаңақорған ауданында асфальтқа ең қажетті зат – қиыршық тасты дайындайтын екі зауыт орналасқан. Онда асфальт жабындысына және жолдың ең астыңғы қабатына төсейтін қиыршық тасты өз өлшем түрлеріне қарай дайындайды. Мысалы, 5/20, 20/40 сияқты өлшемдегі қиыршық тастар сұрыпталып, осында тасымалданады. Ал битум Ресейден келеді. Қосымша тастың құм түріндегісін және химиялық басқа да қоспалар алдырамыз. Біздің кәсіпорынға қарасты екі асфальт зауытының бірі сағатына 160, ал екіншісі 180 тонна өнім шығара алады. Зауыт қытайлық қондырғылардан тұрады, бірақ италиялық технологиямен орнатылған. Толық автоматтандырылған, яғни біз компьютерге нұсқау береміз, қалған қажетті жұмысты өзі атқарып шығады, – дейді серіктестіктің өндірістік учаске басшысы Алмас Қалиев.
Оның сөзінше, зауытта битумға араласқан қиыршық тасты шетелдік технологиямен 160 градуста қайнатып, автоматты қондырғылар арқылы сапаны арттыратын түрлі химикат қосады. Демек, асфальт тек ыстық күйде жолға төселеді. Нормативтік талапқа сай өзінің белгілі температурасы бар. Зауыттан 160-155 градуспен шыққан өнім жол салатын аумаққа кемі 150 градуста жетуі тиіс. Зауыт бұған дейін қыс бойы шикізатын жинап, үлкен қор дайындап үлгерген. Қазір кәсіпорыннан шыққан ыстық асфальтты жүк көліктері лезде құрылыс аумағына әкетіп жатыр.
Асфальт жабындысының барлық түрін дайындайтын кәсіпорын өз мамандарын арнайы Қытайда оқытқан. Барлығы да – кәсіби маман. Әрі мұндағы орташа жалақы 300 мың теңгеден асады.
Ал «Қыран» ЖШС-на қарасты асфальт жабындысын өндіретін зауыт басшысы Руслан Жүргеновтің айтуынша, өздерінде барлық құрылысқа қажетті шикізаттың 10 мың тоннадан асатын қоры бар. Қазір зауытта 20 адам тұрақты жұмыс істеп жүр.
– Жаңақорған және қала орталығында зауытымыз орналасқан. Бірі – украиналық, екіншісі кореялық технологиямен жұмыс істейді. Алдағы уақытта сағатына 240 тонналық зауытты орнатамыз. Оның қондырғыларын тасымалдау басталып кетті. Жалпы біздің компания жол салып қана қоймай, қажетті құрылыс заттарын өзі дайындайды. Облыс қана емес, өңіраралық жолдарды салуда да бәсі жоғары. Қазір күніне 1500 тоннаға дейін асфальтты сұранысқа қарай жіберіп отырмыз, – дейді ол.
Расымен де биыл республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының қала аумағында айналма жол құрылысын салуды бастаған серіктестіктің еншісінде қалаішілік үлкен көшелер де бар.
– Негізгі қондырғылардың басым бөлігі автоматтандырылған. Біздің операторлар тек жұмыс процесін бақылап отырады. Егер қандай да бір олқылық болса, компьютерден анықтап, кемшілік түзетіледі. Жалпы қажетті асфальт өндіру үшін барлық қоспалар белгілі бір мөлшерде беріліп, сапасы қадағаланып отырады, – дейді Руслан Жүргенов.
Қазір қала ішіндегі негізгі көшелермен қатар, шет аймақ жолдарын жөндеуге де басымдық беріліп жүр. Биыл 23,6 млрд теңгеге қала мен оған қарасты кент пен ауылдық округтердегі 70 көше қайта жаңғыртылмақ.
Ал былтыр көлік кептелісін азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруда әуежай және Шиеліден кіреберіс, Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралық, А.Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы төрт жолақты жолға айналды. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жол құрылысы жүргізілді. Арал қаласы мен Жаңақорған кентіндегі теміржол арқылы өтетін көпірлер, қала орталығы мен Жалағаш кентінде жаяу жүргінші өткелдері пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Қызылордадағы «Бәйтерек» шағын ауданына жаңа көпір салу жоспарланған. Сондай-ақ Қармақшы ауданындағы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы да жақында басталады.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





