ҰБТ: дайындық деңгейі жоғары

277

0

 Өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы енгізілдіОсыған сәйкес жалпы мектеп бітірушілер үшін қорытынды мемлекеттік аттестаттау мектеп базасындаал жоғары оқу орнына түсуге  талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пункттерінде өтетін болады

Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 74 бұйрығына сәйкес мектеп бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 29 мамыр – 30 маусым аралығында жүргізіледі. Онда бітіруші түлектер ана тілінен, Қазақстан тарихынан, алгебра және анализ бастамаларынан және таңдау пәнінен емтихан тапсырады. Бұдан соң маусымның 15-не дейін бітірушілерге орта білім туралы аттестат беріледі. Ал жоғары оқу орнына түсуге талапкерлер 20 маусым – 1 шілде аралығында қаладағы және аудан орталықтарындағы тестілеу пункттерінде ҰБТ сынағынан өтеді.

Жалпы облыс бойынша биылғы оқу жылында мектепті 7102 оқушы  бітіретін болса,  оның 5196-сы , яғни 73 проценттен астамы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Нақты айтар болсақ, Арал ауданы  – 62,8%, Қазалы ауданы – 75,6%, Қармақшы ауданы – 76,1%, Жалағаш ауданы – 77,0%, Сырдария ауданы – 73,5%, Шиелі ауданы  – 66,2%, Жаңақорған ауданы – 60,1%, Қызылорда қаласы 82,3%  қатысуы жоспарланған.

Бүгінгі күні барлық мектептерде бітіруші түлектің білім деңгейі мен қабілетіне қарай бағыт бағдар беріліп, қандай оқу орнында кәсіби білім алуға болатындығы жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде, бітірушілердің 73 проценті  жоғары оқу орындарына түсуге қабілетті деген болжам бар.

Оқу жылының басынан облыстық білім ұйымдарында  қорытынды аттестаттау мен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Ол үшін қажетті байқау сынақ кітапшасы  алынып, мектеп бітірушілер айына екі-үш реттен сынама тест тапсыруда.  Тест қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында, білім бөлімдерінің кеңес отырыстарында пән мұғалімдерінің қатысуымен талдау жасалып, тиісті шешімдер қабылданып отырады. Осындай талдау нәтижелері бойынша биылғы жылдың қаңтар айында «Алтын белгіге» – 472, «Үздік аттестатқа» 289 үміткер тіркелсе, наурыз айында бұл көрсеткіштер өзгеріп, «Алтын белгіге» – 430,  «Үздік аттестатқа» – 289 үміткер анықталды. Аталған үміткерлерге білім бөлімдері тарапынан және «Ustudy» оқу орталығының дайындаған тестілеу кітапшаларымен сынама жүргізіліп, сарапталды.

Бітірушілерді ҰБТ-ға даярлауда жыл бойы облыс аумағындағы лагерьлерде арнайы курстар ұйымдастырылады. Онда білікті педагогтар жұмыс жасап, бітіруші түлектердің білім деңгейін арттыруға барынша үлес қосып келеді. Соңғы үш жыл көлемінде ҰБТ көрсеткішінің сатылап жоғарылай бастауы – осы жұмыстардың нәтижесі. Сондықтан аталған шараларды ұйымдастыруға биыл қала бюджетінен – 15,5, ал аудандарда 4 млн –13 млн теңге аралығында қаржы бөлінді. 

Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, сала жұмысы серпін алып, орташа білім деңгейі жыл санап жоғарылап келеді. Сондай-ақ, мектептердің материалдық-техникалық базасы жоғары талаптарға сай жабдықталған. Себебі, бұған облыс бюджетінен жеткілікті қаржы бөлініп отыр. Одан бөлек, 2013 жылдан бастап халықтың осал топтарынан шыққан студенттерге облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Грант иегерлері еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінгі таңда олардың 116-сы қолына диплом алып, өз мамандығының иесі атанды.                

                                                                                                              Ғазиза ӘБІЛДА,

                             «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<