Біз көрген бас қала

631

0

– Аға, астаналық атан­ға­ны­ңыз­ға 20 жылға жуықтапты. Бұл қалада тұрудың оң, теріс тұсын жақсы білетін боларсыз…

– Елорданың ұнамайтын тұ­сы бара ма, осы?!

Бас қаладағы жүргізушімен әңгімеміздің әлқиссасы осылай басталған. Бейтаныс қалаға аяқ бассақ, таксисті сөзге тартатынымыз белгілі әдет. Шаһарды алғашқы болып таныстырып, артық-кем тұсын «таразылап» беретін де – солар. Бірақ сұрағыма орай сұрақ қойылғасын, аздап тосылып қалғаным рас.

–       Адамдары тым асығыс. Тұр­ғын үй бағасы қымбат. Шілде әне-міне кіргелі тұр, ал мұнда қарашадағыдай қарасуық. Жаңбыр да жылдам жауа қояды екен.

– Асығыс жүретініміз рас. Бір­ақ он ойланып, сабырмен сараптап ат­қаратын жұмысымыз жетерлік. Саз балшығы иленіп жатқан Сарыарқаның бұл аумағынан үлкен қала тұрғызу оңай болмаған, астаналық атану үшін де сан сыннан өтуге тура келді. Нұр-Сұлтанда өмір сүрудің алабөтен ерекшелігі жоқ, керісінше суық сергітеді, қызметтегі бәсеке мүмкіндік емес пе? Ал өзің айт­қан «стереотиптен» арылмасаң, алға адымдау мүмкін емес, – деді ол.

Рас, бас қаланың ажары да, аурасы да бөлек. Мұны Есіл бо­йындағы көпірден өткенде сезгенбіз. Бекіреге ұқсас, 313,5 метрлік оң және сол жағалауды байланыстырған бұл өткел – Атырау облысының сыйы. Формасы ерекше құрылысқа өрнек ретінде «Фибоначчи» заңдылығындағы «өмір гүлі» қолданылған. Ал көпірдің қақ ортасында Кас­пийдің қола бекіресі тұр. Сый болса, осындай-ақ болсын. Қала тұрғындарының жанға сая іздейтін, көп келетін жері де осы маң.

Байқадық, Ерке Есілде қайықпен серуендеуге де, әдемі өткелден асып, орталық саябаққа беттеуге де болады. Парк маңайы ығы-жығы, ылғи аяқ киімсіз бала-шаға. Табан асты шылқыған су. Ел  бір-біріне су шашып ойнайтын көңілді маңайдан құрғақ өту мүмкін емес. Есесіне, тым тәтті шақтың, бейбіт күннің берекесін сезіп өтесің.

Елорданың жиырмажылдық тойына тартудан қай өңір де аянып қалмаған. Ақыры арнайылап келген соң, Сарыарқаға Сыр елінің сыйын көрмей кетуге болмайды. Бағытымыз – зы­мыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспози­циясы. Әлгі жүргізуші аға бізді сол аумаққа, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орта­лығына алып келеді. Музейге бара қалсаң, Байқоңырдан көкке ұшқан әйгілі «Союз», «Протон», «Зениттің» макетін тым жақын көруге рұқсат. Иә, бұл – ғарышқа сапардың қазақ жерінен басталғанын білдіретін ерекше нысан. Бүгінде ашық ас­пан астындағы музей – ас­та­наның туристік кластерінің ма­ңызды бөлшегі. Атап өтке­німіздей, мұн­дағы «Союз» – «Королевтің же­тілігі» аталып кеткен Р-7 жи­нақтамасының ең танымал зымыраны болса, «Протон» – автоматты ғарыш аппараттарын Жер шарының орбитасына, әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған бір­жолғы зымыран-тасығыш. Ал, «Зенит» – ұшырылым құра­лында персоналдың болуын қа­жет ет­пейтін алғашқы әмбебап кешен, «Боран» – «Энергия-Боран» бағ­дарламасының аясында жасап шығарылған орбитальді ға­рыш кемесі. Міне, Тұран даң­ғылының бойындағы Назар­баев университеті, сәл ұзай бе­ре Ұлттық ғарыш орталығы кө­рінді. Бірақ, бұл жолы маңайы толған әскери адамдар екен. Оқу-жат­тығу жиыны өтіп жатқанға ұқ­сайды. Осы жолы еңселі әрі ерекше макеттерге мойын созып қанша қарағанымызбен, аумаққа кіре алмайтынымызды ұқтық.

Қайтар жолдағы әңгімеге «Қа­зақ радиосы» берген «Елге сәлем» әні арқау бола кетті. Мейрамбек Беспаев «Алма­ты­да бір ұлың сәлем деді дегей­сің, Сәтін салса құдайым ке­ лем деді дегейсің, Көңіл-күй­ін байқатпай, кейде жүрер жол таппай, Сағыныштың сызы­ғы тереңдеді дегейсің» деп жүрек­тен жүрекке жеткізе орын­­да­ғанда-ақ жүргізуші аға шеші­ліп сала берді.

– Бұл қалаға алғаш келген екі мыңыншы жылдарды еске түсірсем, сол кезден қалай өткен­мін деп әлі таңғаламын, – деді ол. – Шығыстағы ауылдан онға жуық жас жігіт Нұр-Сұлтандағы ауқымды құрылысқа бірге кел­генімізбен, екі-үш жылдан соң қалада қалғанымыз бірен-саран. Шаңырақ көтерген соң, үлкен қаланың тұрғыны болсақ деген ниетпен жас келіншегімді де осында ала келдім. Бірнеше жыл­­дан соң, жақын ауылдан ша­­ғын баспана сатып алдық. Бі­рақ «аяққа тұрып кеткенше, қарайласайық» деген ата-ана тілегін тыңдап, балаларды елге жібердік. Арқаның қы­­сы тым қатты, жеңгең он­ға таяу жұмысын аяқтаса, ме­нің құрылыстағы қыз­метім түн­­гі бірге дейін созылатын. Астананың іргесіндегі ауылға түнде тартып кетуге мүмкіндік жоқ. Үйге қайту үшін келіншегімнің екі-үш сағат кө­лік ішінде тосуына тура келді. Ал түн жарымда баспанамызға кірген бетте от жағып, тамақ істейтінбіз. Ең қызығы, таңер­теңгі уақыт болатын. Қар қалың жауатыны сонша, ауылдан қа­лаға шығар жолды бір-ақ түнде басып қалатын. Сонда таңғы ал­тыда тұрған жеңгең екеуміз жолдың едәуір бөлігін күреп, қардан тазалайтынбыз. Кейін білдік, кішкене шыдасақ, таң ата үлкен көліктер жүріп, жол салып кетеді екен. Жол болмай, жұмысқа үлгермей қаламыз деп жанталасатын күн­дер-ай. Құрылыста шағын топтың бри­гадирі болдым. Ол кез – мер­дігер компаниялар қаржы тап­пай, жалақыны кешіктіріп бе­ретін уақыт. Мұндайда амалы таусылған құрылысшылар қол­ды бір сілтеп, басқа жұмыс іздеп кететін. Бірде белгілі ком­пания жұмысшылардың ай­лығын төрт ай өткен соң бір-ақ берді. Сонда бірге жұмыс істе­ген құрылысшыларды қаланың әр тұсынан іздеп табаным­нан тозғаным-ай. Аманат әрі адал ақы, маңдай тері деп әр­қайсысын жеке сұрастырып жүріп, еңбекақысын қолдарына тап­сырғанмын, – деп сөзін аяқ­тады.

– Сондайда елге тартып кетуге намыстанған боларсыз…

– Үйдің үлкені болған соң, қалайда берілмеуге бекіндім. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар»? Қиындыққа төзбеген құрдастарым әлдеқа­шан ауылға аттанған. Кейін мен де, жеңгең де тұрақты жұмысқа орналастық. Ал жылдар өте келе,  іргелес ауылдан үлкен үй салып, жуырда ғана қала орталығынан жаңа пәтер сатып алдық. Бала­лардың алды өсіп қалды, кейін жоғары оқу оқығанда қала­дағы үй қажет болады, – деді аға. 

Енді түсіне бастаған секіл­ді­мін, жүргізуші аға әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін, сабырлы, істің адамы сыңайлы. Жастығы астанамен байланыс­ты жігіт ағасы жол бойы қайта бастауға қаймығатын, тәуекелге толы өткен шағын айтып берді.

Байқағаным, бұл – астаналық бір адамның жігері мен еңбегін байқатқан үзік сыр. Ал тұтас елдің айбары, сәні мен салтанаты болған Елорданы тұрғызу қаншалықты тәуекелдің ісі де­сеңізші. Осыдан 26 жыл бұрын, 1994 жылы сол кездегі Жоғары Кеңестің сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның аста­насын Алматыдан Ақмолаға ауыс­тыру жөніндегі идеясын жария еткенде ел арасында үміттен күдік басым  түсті. Бірақ жылдар өте білікті стратег – Тұңғыш Президенттің бұл идеясы «жаңа астана қарапайым әкімшілік орталықтан аса алмайды» деген сенімсіздіктің сеңін бұзды. Елорда – ел экономикасын ал­ға сүйреген, тұрғындары мен ау­мағы жыл сайын еселенген алып мегаполиске айналды. Нұр-Сұлтанның салынуы елдің сенімін нығайтып, бірлігін бе­кем­дей түсті, ауқымды жос­пар­ларға жол ашты. Сәулеті мен дәулеті артты. Бүгінде бас қалаға сапарлаған кез келген ел тұрғыны міндетті түрде аты әйгілі «Бәйтеректе» фотоға түсуге тырысады. Қаладағы әлем бойынша шатыр формасындағы ең үлкен ғимарат «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілсе, «Думан» ойын-сауық орталығының мұхит аралы – әлемдегі көк мұхиттан 3000 шақырым қашықтықта орна­ласқан жалғыз мұхит арал.

 Заманауи ғимараттары бір бөлек, қалада өткенмен әдемі бай­ланыстың барын Ұлттық музейге барғанда байқағанбыз. Бірнеше қабаттан тұратын ғима­ратта ел тарихының баға жетпес мыңдаған жәдігері жарқырап тұр. Сонау тас ғасырындағы бе­дерлі құралдар, Моңғолиядан әкелінген Тоныкөк ескерткіші көшірмесінен бастап бертіндегі жазушы, ғарышкер­лер­дің тұтын­ған заттарына дейін жақыннан, керек десең қолға ұс­тап көруге болады. Тіпті жаз мау­сымында кез келген оқу­шының ақысыз кіру мүмкіндігі қа­растырылған.

Осылайша ойды ой қозғап, жүргізуші ағамен жылы қош­тастық. Оңтүстікке қайтар мезет те таяды, қаладан шығар бетте қарақаты мен бүлдіргені мол, ара-тұра елік пен қоян кездесетін тоғай маңынан өттік. Бұл да Елбасының «Нұр-Сұлтан маңайы көгалданып, орманға айналса екен» деген ниетінің жемісі. Әйтпесе, он жыл бұрын бұл маңай тақыр жер, иен дала еді ғой. Иә, Елорда – ердің жігерін жаныған, елдің еңсесін биіктеткен, сенім мен тәуекелдің қаласы. Бұған сәні мен сәулеті келіскен Нұр-Сұлтан, еселі еңбектен береке тапқан астаналықтар дәлел.

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<