Екеу

1259

2

«Кешіріңіз, маған ана бір кітапты әперіп жібересіз бе?». Бұл жиырма төрттен сәл-ақ асқан, орта бойлы, арықша келген, қарақат көзді, кекілді қыздың кітап сөресіне теріс қарап сүйкеніп тұрған жиырма жетілер шамасындағы, тарамыс денелі, үстіне қара түсті тоқылған жемпір киген, ұзын бойлы жігітке қарата айтылған алғашқы сөзі еді. Алайда, иығын тік ұстағанымен басын төмен салған жігіт айтылған бұл сөзге бұрылып қарай қоймады. Сондықтан, қыз өтінішін екінші рет қайталап сұрап, ер адамның кең иығына саусақтарын салмақсыз ғана тигізіп түрткен еді. Осы бір ретсіз қимылға жігіт селк етіп, қолына ұстаған кітабы жерге түсіп кетті. Бірден төмен иіліп, жердегі кітапты көтеріп алды да, өзінің денесіне рұқсатсыз жанасқан қолдардың иесіне қарады.

-Ой, кешіріңіз, мен сізді шошытып алдым-ау деймін.

-Бәрі дұрыс. Не сұрамақ едіңіз?

-Не болғанда, ана бір кітапқа қолым жетпей тұр еді…

-Қайсысы?

-Әне, оңнан бастап санағанда үшінші тұрған, көк түсті жұқа кітапша.

-Мынау ма?

-Иә, осы-осы.

-Мінеки, алыңыз.

-Көп рахмет.

-Бұл елеусіз қалған ескі кітапханаға менен өзге адам бас сұқпайтын болар деп ойласам?

-Мен негізінде байқаусызда кірген едім. Жаныма бір ем іздеп…

-Кітапханада дәрі сатылушы ма еді? Ж-ә-ә-ә, қалжың деп түсініңіз.

Жігіт өзінің артық сөйлеп қойғанын түсініп, не істерін білмей қолындағы сағатына қараған. Артынша көз ілеспес жылдамдықпен үлкен кітап сөресінің артына барып қырымен түп-түзу болып тұра қалды.

-Не істеп кеттіңіз?

-Сағат кешкі жеті болып қалыпты ғой. Қазір кітапханашы осында келіп тексеріс жүргізеді.

-Келе берсін, ол кісіден неге жасырынып тұрсыз?

-Тыныш, ақырын сөйлеңіз. Егер ол әйел менің даусымды естіп қойса бүгін далада қонатын боламын.

-Ал үйіңізге қайтуға асықпайсыз ба?

-Асықпаймын. Бәрібір мені ол жақта ешкім күтіп отырған жоқ.

-Ымм. Ендеше сәл арырақ жылжыңызшы.

-Неге, не істеп жатырсыз?

-Мен де бүгін осы жерде қалуды шештім. Мені де үйде ешкім күтіп отырған жоқ.

-Қарындас, қазір әзілдейтін уақыт емес.

-Мен әзілдеп тұрғам жоқ.

-Ер адаммен оңашада қалуға қорықпайсыз ба сонда?

-Түшш, үндемеңіз. Осы жаққа біреу келе жатқан сияқты.

Айтқанындай кітапханашы дәліз бойынан өкшелі етігін тақ-тұқ еткізіп оқу залына кіріп келді де, қоңырқай көздерімен бөлмеге бір көз жүгіртіп шығып, тірі жан жоқ екеніне сенген соң, жарықты сөндіріп, есікті сыртынан кілттеген бойы қол сөмкесін иығына асынып тұп-тура аялдамаға беттеп жүріп кетті.

Кітапхана іші тым-тырыс. Тек екі адамның жүрек соғысы мен тыныс алған дыбыстары ғана естілуде. Бөлмеге жақтаулары биік орналасқан үлкен терезеден көшедегі шамдар мен көліктердің жарығы сәуле болып түсіп тұрды.

-Кетті ме?

-Кеткен сияқты. Қазір мен қарап көрейін. Телефоныңыздың жарығын пайдалансам бола ма?

-Әрине, мінекейіңіз.

Жігіт телефонды алды да, шамның жарығымен терезеге қарай беттеді.

-Әнеее, әдеттегідей он бесінші автобусқа отырып жатыр. Шыға берсеңіз болады. Қазір мен бөлменің жарығын жағайын.

Бойжеткен сөренің ар жағынан алдымен мойынын созып қарады, артынша үстіндегі ұзын жеңді пальтосын қолымен қағып, жарыққа шықты.

-Демек, бізді сыртымыздан қамап кетті солай ма?

-Дәл солай! Мәссаған, жүзіңіз кәдімгідей қуарып кетіпті. Не болды? Шешіміңізге өкініп үлгердіңіз бе?

-Жоқ, неге өкінейін? Мені үйде ешкім күтіп отырған жоқ дедім ғой.

-Сонда да қатты таң қалып тұрмын. Не үшін мұндай тәуекелге бардыңыз?

-Білмеймін. Мүмкін ақылды болып көрінуден шаршаған шығармын. Ал өзіңіз?

-Бұл жер менің екінші үйіме айналғалы қашан…

-Түсінбедім?

-Мейлі, сізге бір құпиямды ашайын, тек ешкімге айтып қоймаңыз. Мен осы кітапханаға түнеп шығу үшін келемін. Бірақ кітапханашы бұл жайлы білмейді. Өткен жолы осы бөлмеде ұзын диван тұрған. Бүгін келсем алып тастапты. Сондықтан, бағанадан тік тұрып ұйықтауыма тура келді. Күдік тудырмайын деп қолыма ілінген кітапты ашып оқығандай түр жасағанмын, қалғып кетіппін.

-Осылай жасап жүргеніңізге көп болды ма?

-Қазір қай ай? Қараша ма? Қыркүйек, қазан, қараша… Екі айдан асыпты. Тіптен шошыдыңыз ғой. Бұлай таңданып қарамаңыз. «Үйіңіз қайда?»-, деп сұрағыңыз келмей ме?

-Жоқ. Маған бәрібір.

-Солай болғаны дұрыс. Бұл жер қаладағы ең ескі кітапханалардың бірі. Қателеспесем, салынғанына бір ғасырға жуық уақыт болды.

-Менің бүгін алғаш келуім. Дегенмен, айналаның тым-тырыс болғаны бір түрлі екен.

Бойжеткен осылай деді де, жігіттің қасынан сәл ауаша жердегі орындыққа барып отырды. Қыздың өзінен сескеніп тұрғанын ол да байқаған, бірақ арам ойының жоқтығын түсіндірмек болып бірден шорт кесті.

-Тыңдаңыз, егер менен қорықсаңыз қысылмай ашығын айтуыңызға болады. «Кеткім келеді»-, десеңіз жеткілікті, қазір-ақ мына есікті сындырып, сізді бостандыққа шығарамын. Айтыңыз? Есікті бұзайын ба?

-Жо-жоқ, олай жасаудың қажеті жоқ. Кеткім келсе сосын да айта жатармын.

-Мен адамды жанымда еркінен тыс ұстай алмаймын. Соны біліңіз.

-Түсіндім…

Кітапхана ішіндегі екеу үнсіз осылай үнсіз қалды. Жігіт қабағын түйген күйі шылымын тұтатып, терезеден сырттағы күзгі жауын астында бастарын төмен салып, қолшатырларының астына тығылып жүгірген жұртқа қарап қалың ойда тұрды. Ал жас бойжеткен болса қаз қатар тізілген орындықта қолындағы көк кітапқа үңілген күйі қозғалыссыз отыр. Бөлме іші жылы болғанымен тұңғиықта түңілген екеудің арасында әлдебір ызғарлы жел есетіндей. Сәлден соң жігіт темекісінің шоғын өшірді де, аяқтарының арасын алшақ басып, қыздың қасына жақындады.

-Бұл бағанағы мен жоғарыдан алып берген кітап емес пе?

-Мхм, сол кітап.

-Соншалықты қызықты ма? Не жайлы жазылған екен?

-«Өміріңізді өзгертетін психологиялық он кеңес»-, деп тұр.

-Түсінікті.

«Тағы үнсіздік. Сөз таусылды. Менің енді шындап жыным келе бастады. Екеуміз осылай үндемей отырсақ ала таңды қалай атырмақпыз? Не ойлап тапсам екен? Ааа, айтпақшы, таптым!». Жігіт кітап сөрелерін жағалап жүрген күйі қызға қарап байқатпай жылы жымиып алды да сөрені тоқылдатты.

-Қарындас, маған бір сәтке назар аудара аласыз ба? Тыңдаңыз, қалай десек те бүгін осында түнеуімізге тура келеді. Біздің неге осылай жасағаныңызды білмеймін, әйтсе де бұлай екі жақта үнсіз отыра бергеніміз жарамас. Менде бір-екі тіске басар бар. Арадағы түсініспеушіліктерді былайырақ қойып, аздап жүрек жалғап алсақ қайтеді?

-Болады.

-Тамаша!

Жігіт дереу аспалы сөмкесін ашып, ішіндегі заттарды сыртқа шығара жүріп, сөзін жалғастырды.

-Бүгін осында сіздің қонақ болып келетініңізді білмей қалдым, әйтпегенде басқа да дәмді тамақтар алып қояр едім. Қазір мен үстел жасап жіберейін. Кіре беріс бөлмеде тоқ шәйнек бар. Краннан су ағызып қосып келсеңіз жақсы болар еді.

-Кітапханада тамақтанғанымыз бір түрлі ыңғайсыз емес пе? Әрі ол заттар манағы әйел адамға тиесілі ғой?

-Қорықпаңыз. Мен әрдайым алған заттарымды орнына қойып жүремін. Және біз ұрлыққа түсіп жатқан жоқпыз ғой, жай ғана уақытша пайдалануға алдық. Егер қысылсаңыз өзім барып келейін?

-Сөйтіңізші…

Жігіт қарсы алдындағы қыздың ұяңдығын ұнатты. Сол үшін де бір сөзге келмей дастарханды да өзі жасап, тоқ шәйнекті де өзі қайнатып әкелді.

-Мында самсаның екі түрі бар. Біріншісіне ет, ал екіншісіне асқабақ қосылған. Ұялмай дәмнен алып отырыңыз.

-Рахмет. Мен кітапханада емес, тап бір сіздің үйіңізде отырғандай сезімдемін.

-Әңгімеміз енді жараса бастаған сияқты. Дегенмен, біз әлі де бір-бірімізге құпия болып отырмыз.

-Құпия болып қала берсек те болады ғой?

-Неге? Әлде танысқанымызды қаламаймыз ба?

-Біз неге осы көзге көрінбейтін заңдылықтарға бағынамыз? Мысалы, мына кітапта «Бір адам аптасына орта есеппен жиырмаға жуық жаңа адамдармен танысады, бірақ оларды тек түрлері арқылы немесе танысқан жерлері арқылы ғана есіне сақтайды»-, деп жазылған. Яғни, адамның есімі мүлде маңызды емес…

-Бастысы олардың қайда танысқаны! Солай ма?

-Иә!

-Ендеше біз әлгінде өзіңіз айтқан көзге көрінбейтін заңдылықтарды бұзайық?

-Қалайша?

-Мысалы, есімдеріміз бір-біріміз үшін құпия болып қалсын.

-Сонда сізді қалай? кім? деп атап шақырамын?

-Енд-і-і-і, білмеймін, қаласаңыз «Сымбатты жігіт» деп атауыңызға болады?

-Есіміңіз тым ұзақ екен… Одан да сізді «Шам»-, деп атасам қалай?

-Неге?

-Өйткені, «Сіз шам сияқтысыз. Адамдардың өмірін қараңғылық басқанда олар сізге қарай ұмтылады»-, деп басталатын цитата есіме түсіп кетті. Егер қаламасаңыз олай айтпай-ақ қояын?

-Жо-жоқ. Ерекше атау екен. Мейлі, шам болсам болайын. Ал сіз, ал сіз ендеше «Шырақ»-, болыңыз! Шамның жанында әрдайым шырақ жүрмеуші ме еді? Әдемі ғой? Шам-Шырақ?!

-Әдемі…

-Осымен, бұл мәселенің шешімі табылды, енді тағы қандай заңдылықтарды бұзуға болады?

-Отбасымыз, жеке өміріміз жайлы артық сөз қозғамайық?

-Келісемін! Сөйтейікші! Олар бір күнге осы кітапхананың сыртында қала тұрсын. Сосын?

-Бір-бірімізге ғашық болмаймыз.

-Бұған да келісемін! Махаббатқа жол жоқ! Және таңға дейін ұйықтамасақ қалай? Таңға дейін ән айтайық, сыр шертейік, осы жерді жүз айналып жүгірейік бірақ ұйықтамайық.

-Жақсы. Бағымызды сынап көрейік!

-Осымен болды ма? Әлде тағы алып қосарыңыз бар ма?

-Өтірік айтпайық! Өйткені, кітапхана сыртында қалдырып кеткен адамдарымның ішінде онсызда жалған сөйлейтіндер жетерлік. Тым болмаса осы жер шынайылықтың жылы ұясына айналсыншы.

-Түсіндім. Жалған сөз айтылмайды! Ендеше, түкке тұрғысыз стереотиптерге қарсы тұрудағы алғашқы қадамдарымыз үшін ыстық шайдан ішіп отырайық!

-Шам?

-Ау?

-Міне қызық! Жаңа есіміңізді тез-ақ жаттап алыпсыз. Осылай атасам қарай ма екен деп сізді тексеріп көргім келген.

-Қарадым ғой, демек, енді бұл да менің сіз ғана білетін бір есімім. Ал өзіңіз жанарыңызды тайдырып жіберуге өте шебер екенсіз. Уәдем уәде! «Махаббатқа жол жоқ!»-, дедік қой. Сондықтан, текке қысылмаңыз.

-Сіз дүниедегі ең өткір нәрсенің не екенін білесіз бе?

-Семсер шығар. Әлде ине ме?

-Жоқ. Адамның көз жанары… Себебі ол әр адамға әр түрлі көзқараспен қарайды. Көңілі қаламайтын немесе жаны жараланған адамдарға өткір жебедей қадалуы мүмкін, алайда, сүйікті адамына күнәсіз кейіпте мейірлене қарай алады. Нағыз ғаламат құбылыс осы деп ойлаймын! Өйткені, барлығына бір көзқараспен қарау мүмкін емес! Ақиқатты да арамдықты да адамның жанары арқылы білуге болады.

-Олай болса, біз де солай жасап көрейік? Мен сіздің көзіңізге қарап осы жерге сізді не айдап келгенін айтып берейін, ал сіз менің не үшін екі ай бойы осында түнеп жүргенімді тауып көріңіз.

-Бұлай болмайды. Біз жеке өміріміз жайлы айтпауға келістік қой?

-Иә, біз айтпауға келістік, ал көз арқылы сезінуге болмайды деп тыйым салған жоқпыз.

-Жақсы. Дегеніңіз болсын.

-Ендеше, мен бастайын. Ең алдымен көзіме тура қараңыз. Күтіп тұрмын? Меніңше, сіз кітапханаға бір сұраққа жауап табу үшін келдіңіз. Дұрыс па?

-Иә. Оны қалай білдіңіз?

-Жанарыңыз арқылы…

-Кеше… Күні кеше мен ол адамды өз аузыммен басқа біреудің жары етіп жарияладым. И-ә-ә-ә, мен солай жасадым. Қатты айқайлап жылағың келсе де амалсыз қыстығып, кеудеңе ащы өксік тығылып тұрса да жылай алмау деген өте жаман сезім екен…

-Сыр бөліскіңіз келмей ме?

Жігіт қыздың жасаураған жанарына енді үңіліп, оның қимылсыз еріндері қашан қозғалар екен деп ұйып тыңдай бергені сол еді, ойламаған жерден кітапхана жарығы сөніп қалды.

-Не боп қалды? Жарық неге өшті? Шам, сіз осындасыз ба?

-Қорықпаңыз, осындамын, осында.

-Үффф, зәрем қалмады. Аяқ асты неге өшті екен?

-Мен де аң-таңмын. Көзіңізге енді қадалып қарай бергенде сөніп қалғанын айтсаңызшы. Қазір, мен тез барып тексеріп келейін. Телефоныңыздың жарығын бере тұрсаңыз?

-Иә, міне, ала қойыңыз. Қызық екен, көшенің шамы сөнбепті. Ана бір он қабатты үйлердің де жарығы жанып тұр екен. Мені естисіз бе?

-Естідім-естідім. Міне, келе жатырмын.

-Жөндей алдыңыз ба?

-Жоқ, қысқа тұйықталудың әсерінен сымдары күйіп кетіпті. Ол оңай жалғана салатын дүние емес. Арнайы құрал-сайманы болмаса қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл жердің ескі ғимарат екенін ескерсек, сымдарына көптен бері тоқ жалғаушылардың қолдары тимегені байқалып тұр.

-Енді не болады?

-Өкінішке орай таңды күтуге тура келеді. Егер сіз бұл жерден дәл қазір шыққыңыз келсе…

-Жоқ. Бәрі дұрыс. Жарық әдейі өшкен жоқ қой. Қайта өшкені де жақсы болған сияқты.

-Жақсы болды дейсіз бе? Себебі неде?

-Бұл жағдай менің бала кезімді есіме салды. Ауылдағы үйімізде жарық жиі сөніп қалатын. Сонда үйдегі үш бала ата-анамыздың бауырына тығылып көздерімізді тарс жұмып ұйықтап қалатынбыз. Тіпті дастархан басында майшамның жарығымен тамақ ішкен кездеріміз де көп болған. Сол бір үйдің үш баласы сығырайған шамның жарығына үймелеп жер үстелді жағалай сабақ қарайтынбыз. Есімде… Әпкем мен ағам менің үстіме майшам құлап кетпесін деп әр қимылымды бақылап отыратын. Бірақ бір күні балалығым ұстап, сабақ қарағым келмей ана тілі кітабымды үстелдің үстіне тарс еткізіп тастай салдым. Әлбетте, оның соңы неге әкеліп соғарын білмеген едім. Кірпік қағып үлгергенше мен лақтырған кітап майшам салынып тұрған шұңғыл кесеге тиіп, әпкемнің қолы оңбай күйіп қалды. Сол күні маған анам алғаш рет қатты ұрысты. Мен ботадай боздап жылап әкемнің кең құшағына барып тығылдым. Әрине, әпкем менің балалығымды кешірді, тек мен өзімді кешіре алмадым. Өйткені, оның саусақтарында мәңгіге күйіктің іздері таңба болып қалып қойды. Оның нәзік саусақтарындағы тыртықты көрген сайын, өзімді қоярға жер таппай іштегі ұятым мазалап кетеді. Ал қазір сол жер үстелді жағалай отырып өскен үш бала үш жақта жүрміз. Сол күндерді қатты сағыныппын. Енді ғана түсінгендеймін…

-Балалықтан болған шалалық дейсіз ғой? Жарықтың сөнгені сізге бұлай әсер етеді деп ойламаппын. Керісінше, кетемге басып, қорқып жылап жібере ме десем…

-Ал сізде осыған ұқсас жағдайлар болмаған ба еді?

-Мен қалада өстім. Бізде жарық ары кетсе үш-төрт сағатқа ғана өшетін, оның өзінде түс кезінде. Кейде көлік апаты немесе техникалық жағдайлар орын алғанда болмаса ауылдағыдай майшаммен кітап оқып көрмегенмін. Ал сіз мені тіптен қызықтырып жібердіңіз. Бір күні, жоқ уақыт созып қайтемін, тұп-тура ертең дүкенге барып арнайы майшам сатып әкелемін де, жарықты сөндіріп қойып кітап оқып көремін. Қалай? Керемет ой емес пе?

-Ауылға барып оқығанға жетпейді…

-Кешіріп қойыңыз, менің сіздікіндей ауылда кең сарайдай боз үйім жоқ. Сондықтан, осы жерді қанағат тұтуыма тура келеді.

-Шам…

-Айтыңыз?

-Артық сұрақ қоймауға келіскенбіз, десе де, неге осы кітапханада түнеп жүрсіз? Жаңа өз сөзіңізде «Қалада өскенмін»-, дедіңіз. Сізге бұл жерде болудың қандай мәні бар?

-Біз өтірік айтпауға да келіскенбіз. Мен екі ай бұрын түрмеден босап шыққан адаммын. Өгей әкемді өлтірдім. Сізге қылмыскермен бір бөлмеде болу қорқынышты шығар…

-Мүлде олай емес. Осы уақыт аралығында сізді аз да болсын танып білдім. Айтпағым, бұлай жасауыңыздың бір себебі болды.

-Өз әкем мен құрсақта жатқанда дүние салған екен. Содан бері анам мені жалғыз өсірді. Тоғызға толған жылы ол бір еркекпен танысты. Ал екі аптадан соң ол біздің үйге жүгін арқалап біржола көшіп келді. Екеуміз мүлде тіл табыса алмадық. Шешем үйде болмаған кездері одан талай таяқ жедім. Бірақ анама ауладағы балалармен төбелесіп қалдым деп айтатынмын. Ол кездері мен тым әлсіз бала болдым. Оған мүлде күшім жетпеді. Менің бала екендігімді пайдаланып шешемді де аямай сабап тастайтын. Тіпті ол кісі екі рет түсік те тастады.

-Анаңыз бұндай қорлыққа төзе бергенше неге ажырасып кетпеді?

-Сүйді… Анам оны ешбір кемшілігіне қарамастан сүйді! Бұл мен көрген ең жиіркенішті махаббат болатын! Үшінші рет құрсақ көтергенін білгенде ол сәбиді тоғыз ай перзентханадан шықпай аса үлкен қиындықпен босанды. Сөйтіп, қарындасым дүниеге келді. Анам осыдан соң барлығы жақсы болып кетер деп үмітін үзуге асықпаған еді. Алайда, өгей әкем үйімізді құмар ойынға тігіп жіберіп, шешемді шашынан сүйреп далаға шығарып тастапты. Бірақ өз қызына тиіспеген екен. Мен ол кезде университет жанындағы үйде курстастарыммен пәтер жалдап тұратынмын. Көршілер телефон соғып жағдайды айтқанда… Әйтеуір, бір есімді жинағанда оның қып-қызыл болып қанталаған көздеріне тік қарап, мойынынан буындырып жатқан едім. Ақыр соңында, он екі жыл бойы өгейлігін көрсеткен адамды өз қолыммен тұншықтырып өлтірдім. Сол жағдайдан соң шешемнің ақыл-есіне зақым келіп жындыханаға түсті, ал қырқынан да шықпаған қарындасымды полиция қызметкерлері балалар үйіне өткізіп жіберді.

-Сонда осы күнге дейін анаңызға бір де бір рет бармадыңыз ба?

-Бардым. Бірақ жеті жылдан соң көзбе-көз сөйлесуге батылым жетпеді.

-Өте ауыр оқиға екен. Десе де, қанша жерден қарсыласқаныңызбен сіз анаңызды сағынып жүрсіз ғой? Мойындаңыз? Анаңызға өкпелісіз, балалығыңыздың ұрланғанына, ең қызықты студенттік өміріңіз бен жастық шағыңыздың темір тордың ар жағында өткеніне, осының барлығына анаңызды кінәлайсыз. Егер «Сол адаммен таныспағанда, үйге алып келмегенде»-, деп іштей күйінесіз. Бірақ бұл өмір. Түбі неге әкеп соғарын ешкім де болжай алмайды.

-Иә, түрмеде жүргенде осы ойлар маған маза бермейтін. Соңыра, ойланып қарасам, егер сол күн мың мәрте қайта келсе де, мен мың мәрте оны өлтіретін едім. Осылай жасағаным үшін мүлде өкінбейтінімді түсіндім.

-Мен сізді жазғырмаймын, керісінше осы әрекетіңізді құрметке лайық деп ойлаймын. Соны біліңіз. С-с-сағат түнгі бірден асыпты. Таңның атуына әлі бірталай уақыт бар. Қазір көшелердің де жарығы өше бастайды…

-Жарық демекші біздің есімдеріміз енді ғана үйлесім тапқан сияқты. Бөлмедегі жарық сөнді, бірақ біз сөнген жоқпыз. Себебі, мен Шаммын, ал сіз Шырақсыз! Бұл деген тамаша сәйкестік емес пе?

Қыздың жымия күлгені терезеден түскен қоңырқай сәулеге жанасып, бөлме ішіне жылу сыйлағандай болды.

-Тауып айттыңыз! Есімдеріміздің мағынасын енді ұғынғандаймын.

-Сосын тағы бір нәрсе! Әлгінде жарық сөнбес бұрын сіз жайлы айтып жатқан едік. Ол әңгіме аяқсыз қалды?

-А-а-а, ол ма?

Қыз езуін ішке жиырып, терезе алдынан алшақтай түсіп, тап бір бөлме ішіндегі қараңғылыққа сіңіп кеткісі келгендей кітап сөресінің бұрышындағы жерге жайғаса кетті.

-Мен кешегі күнге дейін тағдырымның сол адаммен қайта тоғысатынына сенімді болдым. Иә, тоғысты. Алайда, менің тағдырыммен емес.

-Қателеспесем, «Өз аузыммен басқа біреудің жары етіп жарияладым»-, дедіңіз?

-Иә, дәл солай. Мен салтанат сарайында заңды түрде неке қию рәсімін өткізетін қызметкер болып жұмыс жасаймын. Біреу келіп, «сен ертең дәл осы жерде өзің ғашық адамның некесін қиясың»-, десе сенбес едім. Бірақ солай болды. Негізінде кешегі рәсімді мен өткізбеуім керек болған. Қасымдағы әріптес қыз тоқтамай жөтеле берген соң, оны алмастыруыма тура келді. Алғашында неке куәлігінен күйеу жігіттің есімін оқығанда жай ғана сәйкестік болар деп ойладым. Алайда, есіктен өзі кіріп келгенде… Бір-бірімізге қанша уақыт қадала қарап тұрғанымыз есімде жоқ. Мен ол адамды алғашқы және соңғы махаббатым деп келген едім. Ал мен оның алғашқысы да кейінгісі де емес болып шықтым.

-Сонда қашаннан бері таныссыздар?

-Бала күнімнен есіміне қанық болып өскен едім. Ол менің сыныптас құрбымның ағасы болатын. Менен бес жасқа үлкен болды. Мектеп бітіріп осында оқуға келгенімде құрбым екеуміз оқуға бірге тапсырдық. Ағасы «Үлкен қалада адасып кетерсіңдер»-, деп бізді апарып-әкеліп жүрді. Басында ағалық қамқорлығы болар деп мән бере қоймадым. Кейіннен, оны көргенде жүрегім атқақтап, төмен қарап ұялатынды шығардым. Сөйтсем, ол балауса махаббатым екен. Әпкем менің сол адамда көңілімнің бар екенін білгенде «Ол сенен біраз жасқа үлкен емес пе? Әрі мектепті тәмәмдағаның жаңа, махаббатты қойып алдымен мамандығыңды бір жақты етіп ал»-, деп ұрысты. Алайда, мен әпкемнің сөзіне құлақ аспадым. Ал ата-анам мен ағам бұдан хабарсыз еді. Білмегендері дұрыс та болған шығар. Өз өмірім, өзім білемін деп ұрандаттым да, үйдегілерден жасырып онымен кездесе бастадым. Әрине, әпкем маған жамандық тілемеді бірақ албырт сезіміме тоқтау сала алмадым. Көздерім сол адамнан басқаны көрмеді. Алғашқы махаббаттың ең бақытты сәттерін басымнан кешірген едім. Ол кезде ол да, мен де ешкім емес едік. Біз жай ғана қарапайым ғашықтар болатынбыз. Десек те, екі жылдан соң айырылысып тындық.

-Сонда қателік кімнен кетті?

-Ол мектеп кезінен кәсіпқой бокспен айналысатын. Біз кездесіп жүргенде үлкен жарыстарға қатысып, сол жылы Халықаралық дәрежедегі нөмірі екінші боксшы атанды. Біртіндеп, алыс-жақын шет елдерге аты шыға бастады. Артынша, араласатын достары да, жүретін ортасы да күрт өзгерді. Бір айға кейде тіпті үш-төрт айға жоқ болып кететін болды. Мен де «Жарыстарда жүрген болар»-, деп көп мазасын алмайтынмын. Бөлмеде бірге тұратын қыздар ол жайлы сұрай берген соң оның боксер екенін айтып мақтанған едім. Сондай күндердің бірінде ойламаған жерден жатақханаға келді. Ақыры «көп естігенше бір рет көрсін»-, деп құрбыларыммен таныстырдым. Бірақ ол сол күні менімен қоштасуға келген екен. «Мен сенің кіршіксіз таза махаббатыңа лайық емеспін. Сен өте тәрбиелі қызсың сол үшін менен де жақсы жігітке лайықсың»-, деп себебін түсіндірместен бұрылды да кете барды. Мен барлығына өзімді кінәладым. Ол кезде бар жоғы екінші курстың студенті едім ғой. «Жас әрі аңғал болғандығымнан оған лайықты түрде қолдау білдіре алмадым»-, деп өзімді жазғырдым. Тіпті сыныптас құрбыма хабарласып «Ағаң неге менен бас тартты, қай жерде қателік жібердім?»-, деп жалынып сұрадым. Құрбым менің көз жасыма шыдамай ақиқатын айтып берді. Айтуынша, оның айналасында ақшасы мен абыройына қызыққан адамдар көбейе бастапты. Ал ол болса, сол атақты көтере алмай мас күйінде кешкілік жұмысынан қайтып келе жатқан бір қыздың арын төгіп, сол жерде тастап кеткен екен. Артынша, үстінен іс қозғалып, ақыр соңында қызға көп мөлшерде айыппұл төлеп құтылыпты. Осы естігендерімнен соң, менің оған деген кіршіксіз махаббатыма үлкен дақ түсті. Сол күннен бері, қайтып алдыма келген емес. Мен де ол адам үшін көз жасымды төгуді тоқтаттым. Бірақ ұмыту қолымнан келмеді. Дәл кешегі күнге дейін көңілімді де ешбір адамға бере алмадым.

-Көзге елестетудің өзі қиын. Демек, некелерін қидыңыз ба?

-Әрине, бұл ең алдымен менің жұмысым ғой. Әлсіздік танытуыма болмайды. Сондықтан, барынша дауысымды жарқын шығарып, күліп тұруыма тура келді. Әрі қалыңдығы бір үлкен шенеуліктің қызы болып шықты.

-Түсінікті болды. Пайдаға құрылған отбасы болып тұр ғой. Қайын атасы беделді адам болса…

-Мүмкін шынайы махаббат шығар? Қайдан білесіз?

-Мүмкін-мүмкін, мен сонда да сенбеймін. Қайта сізге жаным ашып отыр. Жүрегіңіз одан бетер жараланды ғой?

-Менің жауапсыз махаббатым үшін енді құрғалы отырған шаңырағының шайқалғанын қаламадым. Сол үшін де, оны танымаған кейіп таныттым. Олар менің көз алдымда бір-бірінің қолдарына неке сақинасын тақты, көз алдымда мәңгі бірге болуға келісім берді. Мен болсам қолынан қысып ұстап неке куәліктерін табыстадым. Рәсім біткен бойда ол жерден қашып шықтым. Такси тоқтатып үлгергенімше артымнан қуып жетті. Көзіме қарауға ұялатынын, өзін ақтап алар бір ауыз сөзінің жоқ екенін айтты. Мен оған «Іште сізді қалыңдығыңыз күтіп қалды»-, дедім де, көлікке отырып кеттім. Онымен тілдескен соң, жүрегім қысылып, дем жетпеді. Содан бері мүлде көз ілген емеспін. Үйде де отыра алмадым. Көше кезіп, өз-өзіме келуге тырысып, сол меңіреу күйде осы жерге қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым.

-Демек, сізді Құдайдың өзі осында айдап әкелген. Бейтаныс екеу, ескі кітапханадағы қараңғы бөлме ішінде барлық тіршілік атаулыны сыртта қалдырып өз өмірлерін айтып отыр. Менің ше, біз бір-бірімізге жол көрсету үшін жолықтық.

-Мүмкін…

-Былай етсек қайтеді, тұп-тура бір жылдан соң дәл осы күні, осы жерде қайта жолығайық. Бір жыл ішінде біраз нәрсені өзгертуге болады ғой. Мүмкін өміріміз өзгерген соң біз де өзгеретін шығармыз. Және дәл осы күні міндетті түрде келуге тырысайық! Жақсы ма?

-Жақсы. Тек келер жылы кездескенде бүгінгідей емес барынша көңілді әңгімелер айтайықшы…

-Келістік! Осымен, таң да атып келеді. Біраздан соң кітапханашы есікті ашады.

-Дәл бүгінгі сәттен бастап өмірімізді өзгертуге тырысуымыз керек сияқты. Сіз ең алдымен анаңызды кешіріп, оны ол жерден шығарып алғаныңыз жөн. Және жетімдер үйіндегі жанары жасаурап жүрген қарындасыңызды да бауырыңызға басыңыз. Ол қандай әкеден туса да, сіз оған өгейлік танытып жатбауыр болмауға тиіссіз. Себебі, сіз оның арқа сүйер ағасысыз!

-Иә. Өзім де осы жерден шыққан бойда бірден оны іздеуге кірісемін. Ал сіз жүрегіңізді аялауды үйреніңіз. Оған баянды бақыт тілеп шығарып салыңыз да, енді қайтып өткен өміріңізге оралмауға тырысыңыз. Шырақ… Сіз сөнбеуге тиіссіз!

-Сізге де менен бұрын сөнуге болмайды, Шам…

Екеуі одан әрі үнсіз ұғысты. Бәлкім, іштерінен «Осы есіктен шыққан соң ең бірінші не істесем екен?»-, деп ойланып отырған болар. Бәлкім, бойжеткен қыз ауылдағы ата-анасына барғысы келді ме екен? Алыста жүрген аға-әпкесін ауылға шақыртып алып, сол баяғы ескі жерүстелді айнала жайғасып, шер тарқатып, мәре-сәре болсақ қой деп армандап отырған шығар? Ал жігіт балалар үйіндегі қарындасының түр-әлпетін елестетіп кетті ме? Оны шынашақтай кезінде бір-екі рет қана көріп еді, биыл алтыға толады екен-ау?! Кездескенде қандай сезімде болады? Бірден құшақтай ала ма? Егер қарындасы оған «Әкем қайда?-, десе не демек? Көзіне тура қарай алар ма екен? Белгісіз…

Таңғы тұман жайлаған қаланың ылғалды күзгі ауа-райына шамданып, көзілдірігінің буын сүртіп әуреге түскен кітапханашы әйел есікті ашып, былғары күртешесіне қонған жаңбыр тамшыларын бір-екі рет қаттырақ сілкіп жіберген. Осы сәтте оқырман залынан көздері күлімдеген екеу ілесіп шықты да, өздері рұқсатсыз алған тоқ шәйнек пен көк кітапты үстел үстіне қойып, екі бөлек бағытқа бұрылған күйі жүріп кетті. Ал кітапханашы әйел болса, ештеңе айтып үлгерместен кітап үстіндегі бүктелген ақ қағазды ашып оқи бастаған еді. Онда «Біз бір жылдан соң қайта келеміз»-, деп жазылған екен…

Назерке Серікқызы

Пікірлер:
  • Өте жақсы жазылған тамаша әңгіме. Ата аналар балаларым кішкентай кезінде тұрмыс құрып алайын, есейсе күйеуге шығу қайда деп, көзді жұмып шығып алады. Жұмыстан шаршап келіп үй тіршілігімен айналысып балаға көңіл бөлмеуінен осындай өкінішті оқиғаларға тап болады.

Пікір жазыңыз