Ел нышандарына құрмет еселенуі тиіс

566

0

Облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның онлайн отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі, комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік жасады.

Мемлекеттік рәміздер – елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі. Осы орайда тәуелсіздік тұмарындай болған қасиетті рәміздерді қадірлеп, қастерлеу – әрбір қазақстандықтың парызы.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен дана­лығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген болатын. Сондықтан әрбір азамат оларды құрметтеуді азаматтық парызы санауы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Комиссия отырысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысын жария етті.

– Тексеру мамыр, маусым айларында жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты мекемелерде Мем­лекеттік Елтаңбаның латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуымен толық ауыстырылғаны анықталды. Алайда, жергілікті мем­лекеттік мекемелерде конс­титуциялық заң талаптары әлі ақсап тұр, – деді ол.

Бақылау шаралары 167 мекемені қамтып, соның 21-де кемшілік анықталды. Көпшілігі аумақтық депар­таменттердің аудандық бөлім­шелеріне, аудан әкімдіктері мен облыстық басқармаларға қарасты мемлекеттік мекемелерге тән. Кейбір ғимараттарда мемлекеттік рәміздер стенді орналастырылмаған. Кейбірінде Мемлекеттік Ту жыртылған немесе ластанған. Енді бірінде ол жоқ. Түсі стандартқа сәйкес келмейтін жағдайлар да ұшырасты.

– Облыстық полиция депар­тамен­тінің қалалық, аудандық басқар­малары мен жергілікті ішкі саясат бөлімдері осы жылдың ақпан айында Instagram және TikTok әлеуметтік желілеріндегі Мемлекеттік Гимн­ді рэп жанрында орындаған жасөс­пірімдердің бейне­ролигіне байланысты бірлесе жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 2 дерек анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 1-не – 10, екін­шісіне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Мира Қазбекова.

Басқарма басшысы үнемі хатта­малық тапсырма берілгеніне қара­мастан, кемшіліктер қайта­ла­на­тынын жеткізді. Сондықтан мем­лекеттік міндетті орындауда жауапкершілік таныту маңызды. Ал инспекциялық топтың тексеру қорытындысына сәйкес олқылық анықталған жағдайда сол мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігі қаралады.

Елдігіміз бен егемендігіміздің бас­ты нышандары талапқа сай қол­данылмаған салалардың бас­шылары мен бірқатар аудан әкімдері кемшіліктер дер кезінде түзетілгенін айта келе, мемлекеттік рәміздерді наси­хаттау шараларына тоқталды.

– Мемлекеттік Ту екі түрлі жағ­дайда көтерілетіні белгілі. Соның бірі – спортшылар халықаралық жарыс­тарда жеңіске жеткенде. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Мем­лекеттік Гимн шырқалғанда қай-қайсымыздың да кеудемізді қуа­ныш кернейді. Жыл сайын Азия, Әлем чем­пионаттарында сырбойылық спорт­­шылар жеңімпаз атанып, елі­міздің даңқын асқақтатып келеді. Осы орайда ұлттық құрама коман­да­сындағы жерлестеріміз байрақты бәсе­келерде топ жарып жүр. Оларға Мем­лекеттік Ту көтерілгенде Гимн­ді зор мақтанышпен айту мемлекет біртұтастығының кепілі екені ескертілген, – деді облыс­тық шынықтыру және спорт басқар­масы­ның басшысы Жақсылық Оспанов.

Жиын соңында Гүлшара Әбді­қа­лықова түсін­діру жұмыстарын кеңі­нен жүргізіп, кем­шілік­терді жою бойынша тиісті шаралар қабыл­дауды тапсырды.

– Мемлекеттік рәміздердің күн­делікті жай-күйіне бақылауды кү­шейтіп, стандартқа сай болуын қада­ғалау және оларды ауыстыру үшін мемлекеттік тапсырыс аясында қара­жаттың уақытылы бөлінуін қам­тамасыз ету қажет. Тиісті заңнама нормаларын қатаң сақтап, шаралар қабылдау, түсіндіру жұмыстарының аясын кеңейту керек, – деді облыс әкімі.

Назерке саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<