Ел жақтаған басшының жүзі жарқын

689

0

Ертеде Сырым батыр Малайсары биге сәлем бере келіп: “Шалдар үш түрлі болады деуші еді: Қазымыр шал, Қадірсіз шал, Қыдырымпаз шал. Өзіңіз соның қайсысыз», – деп сұраған екен. Сонда Малайсары би: «Қадірсіз десең – халқымнан сұра, қыдырымпаз десең – көршімнен сұра, қазымыр десең – келінімнен сұра» – деген екен.
Иә, ел басқарған үлкен билік тізгінін ұстаған кісілердің қандай адам болғанын, беделінің қаншалықты екендігін халық біледі. Халық жақсы кісінің есімін әманда жадында сақтайды, оның игі істері мен ізгі сөздерін, естелік қып айтып жүреді.


Билік, ел басқару ісі жоғарғы жақтың нұсқаулары мен тапсырмаларын құр орындау ғана емес, азаматтың ажарын көрсететін, беделіне бедел қосатын, елдің, қам-қаракетін ойлайтын, ел үшін тер төгетін – биік мәртебе.
Мұны біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Сәмит Далдабаев ағамыз осы үлкен парызды ұғынған жан еді. Осынау тұлғаның азаматтық қырына ол кісімен бірге қызмет еткен жылдары анық көз жеткізген жайым бар. Бүгін осы бір кезең естелігінен деректер келтіруді азаматтық парызым деп есептедім.


1981 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының «агро¬ном-инженер» мамандығын алып, сол жылдың тамыз айында бұрынғы «Задарья» совхозына агроном болып жұмысқа орналастым. Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейсов еді. Мен келген жылы ауданда 13 мың гектарға күріш дақылы егілді. Семинарлар да, жиналыстар да көп. Жұмыстың ұшы қиыры жоқ, тәулік бойы тырбансаң да таусылатын жұмыс жоқ. Қолымыздан келгенше күнді-күнге ұрып жұмыс жасайтынбыз.

«Задарья» совхозы аудандағы күріш егетін 7 шаруашылыққа арнайы күріш және жоңышқа тұқымын дайындап, оны тазалап себу дәрежесіне жеткізіп беретін бірден бір шаруашылық болды.


Сол жылдың желтоқсан айында шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы Амалкүл Болтаева мені кабинетіне шақырып, ертең азанғы сағат 9.00-ден кешікпей аудандық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Асқар Ибрагимовке жолығуым керек екенін айтты. Ол кісіден менің кандидатурамның «Задарья» совхозына бас агроном қызметіне ұсынылғанымды білдім. Енді тәртіп бойынша бюро мүшелерін жағалап, келісім парақшаларына қол қойдыруым қажет екен. Жанымда инструктор Әбен Тұрсынбаев деген кісімен бірге ауданның атқару комитетінің төрағасы С.Далдабаевтың алдына кірдік.

Сәкеңнің қабылдау бөлмесінде сол кездегі ауданның партия ұйымының 2 хатшысы және ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы кезек күтіп отыр екен. Бұл екі кісі де бюро мүшелері. Сол жерде тұрғанымызда екеуіне Әбен Тұрсынбаев мән-жайды түсіндіріп айта бастады. Екі кісі салған жерден бұл қалай болады екен, « Негізі, «Задарья» өте үлкен шаруашылық, оның үстіне судың аяғы, су жетіспейді. 4-5 жылдан бері жоспарлы өнім алынбай жатыр» деген ойларын бүгіп қалмады.


Біз кезде бізді ішке шақырды. Ортадан жоғары, ақ сары, өте бір келісті кісі отыр екен. Менің құжаттарымды мұқият қарап, оның ішінде қызыл дипломымның көшірмесі мен жарты жылдық жұмыс өтіліміне назар қойып, асықпай ана екі кісіге қарап: «Сондай ауыр жерде осындай жастар жұмыс жасамағанда кімдер жұмыс жасайды? Көрсін, барын көрсетсін, күндіз-түні шапқылап жұмыс жасасын. Мен келісемін, – деп шиырып тұрып қолын қойып берді. Екі кісім де сол кабинетте, қолдарын қойып келісімін берді.


Бюроның қалған 9 мүшесінің алдынан кідіріссіз өттім. Ұшы-қиыры жоқ жұмыс басталды да кетті. Уақыт өтіп жатыр. 1982 жылдың сәуір айының аяғына таман, ауылдық кеңестің төрағасы Яхия Төлепбергенов шұғыл түрде іздеп жатыр деген соң келіп жолықсам, қазір сағат он бірлер шамасында шаруашылыққа «Сәкең келеді, күтіп аламыз. Шаруашылық басшысын емес сені қалап отыр» дегені бар емес пе. Сонымен 1-май бөлімшесі тұсында күтіп алған екеуміз ол кісімен бірге кеңшардың егін-жайын аралап кеттік. Сәкеңе шаруашылықты, егін егуге дайындықты т.б. елдегі ахуалды жан-жақты баяндай келе, совхоз орталығы «Қыркеңсе» ауылына келдік. Бұл жерде Сәкең барлық бригада жұмысын көрді.


Әңгіме тек шаруашылық жөнінде болды. Негізгі дақыл күріштен неге жоспар орындалмайды, басты сұрақ. Оған мен жауап бердім. Сәке, күріш суда өседі ғой, каналдың ең аяғы болғасын су жетпейді, жоғарғы шаруашылықтар жоспарлы суды бермейді, бәрі жолдан басады. Водхоздың бақылауына көнбейді, жоғарғы шаруашылықтар артық жер егеді, т.б. талапқа тұсау мәселелердің түйінді тұстарын түсіндіріп бақтым.

Содан бір оншақты күн өткен соң «Задарья» совхозына бұрынғы бірнеше жыл қатарынан жарамсыз болған Чех-насос орнына жарамды бір насос келеді деген әңгіме шыға бастады. Аяғы расқа айналып, 1-май елді мекенінің тұсынан, дарияға келіп орнатылды. Суға қанған күріштікте өнім 42-45 центнерге артты, жұрт жыл соңында берілетін қосымшасын алып, рахметін айтты. Бұл таза Сәкеңнің еңбегі еді.


1983 жылдың қараша айы болу керек. «Бірлік» совхозының директоры Ш.Қарақожаев телефон шалды. “Директор қайда?” “Директор демалыста”. “Орнында кім?” “Мен”. “Сен онда тыңда”, деп маған тәжірибе алмасу тапсырмаларын айтып жатыр. Қарақожаев абыройлы беделді, директорлардың бірі, кезінде жоғарғы кеңеске депутат болған, бірден мақұл дедім.


Бір алқалы жиында Сәкеңнің «жаңа¬қорғандықтардың күріш егісі мәселесі жөнінен, төменгі аудандарға қарағанда тәжірибесі кем. Сонымен қатар, топырақтың құрамы да жеңіл, құнары аздау, біздер бұл кемшіліктердің орнын химиялық тыңайтқыштармен толтырамыз», деген сын-ескертпесіне орай күріш звеноводтары мен бригадирлер «агро оқу» міндетіне көштік.

Қызылорда ғылыми-зерттеу инсти¬тутының мамандары, сонымен қатар аудандағы білікті мамандар, тәжірибелі күрішшілер күріш шаруашылықтарына бөлініп, агро-оқу басталды да кетті. Мені ауылшаруашылығы басқармасына бас агроном қызметіне тағайындады. Жаңа «Уаз» автокөлігін берді. Аудандық «Сельхозхимия» мекемесіне вагон-вагондап тыңайтқыштар мен күріш гербицидтері келе бастады. Осы істі бастандыруға ұйытқы болған Сәкең қанша тыңайтқыш, түсті және де әрбір шаруашылықта өтіп жатқан «агро-оқудың» жайы, кімдер не тақырыпта баяндама жасады, барлығына қатаң түрде қадағалау жасап отырды.


Сәкеңнің бір мінезі, не тапсырма берілсе де соның орындалуын қалт жібермейтін, ұмытпайды да. Аудандағы мықты-мықты мекеме басшыларынан шаруашылықтарға өкілдер бөлді. Өкілдер де әртүрлі болды ғой, «қырамын, жоямын» – деп аттандап бітетінін де, бар-жоғы белгісіз әйтеуір күн өткізетінін де жаратпай, олардың орнына қолынан іс келетін, тірліктің көзін білетін, шаруашылыққа жан-жақты көмек беретін өкілдер тартылды.
Бір сөзбен айтқанда Сәкең ел-халықпен, үлкенді-кішілі азаматтармен етене араласып, үлкенмен сыйласып, замандастарымен сырласып жұмыс жасау стилін ұстана білді.

Ауданымыздың құрметті азаматы, белгілі қаржыгер Бекмахан Дүйсенбаев ағамыз бір әңгімесінде: «Сәкеңнің тұсында жоспарлы экономиканың шарты бойынша қандай құрылым болмасын мемлекеттік қаржыға байланысты болды. Өнімді тек мемлекетке өткізесің, бұны да өзіндік артықшылығы мен кемшілік тұстары бар. Ал, мәдени-әлеуметтік салаларға көп қаржы бөліне бермейтін. Сол бір жылдары күз айында ауылшаруашылығы қызметкерлерінің спар¬такиадасы аудандарда кезекпен өтетін. Кезек Жанақорғанға келді, оның үстіне ел жастарының спортқа деген құлшынысы жоғары, ал дене тәрбиесімен айналысатын орын жоқ. Бұл үлкен мәселе еді. Ауданда 1,5-2 мың орындық орталық стадион соғу қажет, бірақ оны шешу жолы қайсы, қаржысын қайдан табамыз? Мен асарлап соғуды ұсындым. Сәкең бірден құптады. Сонымен қызметтегі, елжанды, озық ойлы, мықты жігіттермен ақылдаса келіп, стадион орнын белгілеп, аудандағы 4-жылжыма¬лы механикаландырылған колонна ме¬ке¬месіне өз қаржысы есебінен стадионның қабырғасын тұрғызып, басқа да құрылыстарын жүргізуге, ал электросеть мекемесіне барлық жарықтарын орнатуға тапсырма берілді. Ол кезде қаржы бөлімі басшысы едім, маған орындықтар мен ішкі құрал-жабдықтарын қамтамасыз етуді тапсырды. Далдабаевтың сұсы да бөлек қой, мекеме басшылары бірден келісті» деп айтып еді. Сол стадионды халық кешеге дейін игілігіне пайдаланып, неше түрлі шаралар ұйымдастырылып келгенін аудан жұртшылығы жақсы біледі.


Сонымен бір қатарда аудан орта¬лығындағы №63, №56, №51 мектеп, №2 автобаза, «Ордакент» кинотеатры, екі қабатты аудандық редакция және баспахана үйі және қазіргі әкімшілік үйі құрылысы басталды.
Сәмит Далдабаев Қызылорда қаласына жұмысқа ауысқан соң облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың ұйымдастыруымен ау¬дан¬да өткен облыстық семинардың бірінде «Өзгент» ауылындағы мектеп құрылысының жаңадан толық бітуіне байланысты, өзі басқарған ауданына ат басын бұрды. Мектепті көруге қатар келе жатырмыз. Сол жолы қабатымыздағы 3-4 кісі аудан әкімі Қ.Қалмырзаевтың іскерлігін, соның бір дәлелі мына мектептің біткенін айтып келе жатыр еді, әңгіме ауанын аңдап келе жатқан Сәкең: “әй, жігіттер, мектеп құрылысының біткенінен бұрын, қалай басталғанын айтуды ұмытпау керек”, – деп ескерту жасады. Мектеп Сәкеңнің кезінде басталған ғой.


Қазақта «Өмір деген өткен күндердің бәрі емес, есте қалған күндерің» деген сөз бар.

Қалай екенін қайдам, Сәкеңнің тұлғалық кейіпі көңілімде түп-түгел орнығып қалған. Ол кісінің отырған отырысы, жүрісі, сөйлеген сөзі, мінез қалыбы, сөз арасындағы бір маңызды тұстарына екпін бере тоқталып, даусын кенеп, көптің де көңілін соған бұруға тырысар тәсіл-талабы, асықпай сөз баптайтыны бәрі есте.


«Жігіттермен ақылдасқан, келіскен жұмыс қой» деп арасында бізді көтермелеп, дем беріп қоятыны да жарасымды. Мемлекет мүддесі, ел мұратына қызмет ете жүріп, абырой жинаған кісі еді.


Сәкеңнің бойында, өзім аңғарған түрлі жақсы қасиеттері: тура сөзділігі, берген уәдесіне беріктігі еді. Аудан төңірегінде бір-біріне қиянат жасап, бірін-бірі қаралап, сотқа дейін барған жанды көрген жоқпын, барлық дау мен арыз-шағым өз кезегінде рет-ретімен шешіліп жататын.

Қай орта, қай жиында болсын, істі әбден қиындатып жүрген кісілердің болсын сөздерін дұрыс қабылдай білді, өнбес дау қуғандарға кейін де сұрақ жауаптардың болатынын еске салатын.


Қайбір жұмыстың майдасынан ірісіне дейін зерделеуі, төзімділігі, ұстамдылығы, турашылдығы мен шыңшылдығы әділ мінезінің айнасындай сезілетін.

«Сыйлаған елдің құлы бол, құлы бол да пірі бол”, – деп айтылатын жақсы сөз бар. Осы сөз Сәкеңе арнап айтылғандай. Сәкең өмірінің соңына дейін Жаңақорған халқының қуанышына да, қайғысына да, үлкенді-кішілі шараларында мүмкіндігінше қатысып отырды.


Тастың бойындағы от сияқты, адамның табиғатындағы жасырын қасиетін сыртқа шығаруын Тәңірдің Сәкеңе берген сыйының ең биігі ме деп есептеймін.

Қысқасы, бұл кісі қашанда өзін ар алдында жауапқа тартып, есепке алған ашуын, мінезге жеңдірген, сабыры мол, кісілігі зор азамат еді.


«Ақылдассаң шешерсің, ақылдаспасаң кем кесерсің», – дегендей, ылғи да ел ақсақалдарымен, зиялы қауыммен келісе ынтымақтаса отырып, небір күрмеуі қиын мәселелерді дауға айналдырмай шешімін тауып отырды.
«Адамның ақылы сөзіндегі ісінде тұрады, бақ пен ынтымақ егіз» деген рас екен. Жаңақорған жерінде Сәкеңнің аузынан шыққан сөз бидің билігіндей болды.

Құдайдың берем десе бағы жоқ па, дегендей, Сәкеңнің Жаңақорғанда бағы көтерілді, жұмысы жүрді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні елдің шынайы сүйіспеншілігін арқалап өткен жан.

Алмас НӘЛІБАЕВ,

ауыл шаруашылық саласының ардагері, аудандық қоғамдық


кеңестің мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<