Ешкі сүтінің емі көп

897

0

 Бұл ауылда кәсіпкерлер қатары көбейген. Ауыл деп отырғанымыз Қазалының дәл іргесіндегі Қ.Пірімов атындағы елді мекен. Өткен жылдары «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша ауыл тұрғындары оқуға қатысып, өздерінің бизнес жобаларын сәтті қорғап шығыпты. Ауылдық округте бір ауыл шаруашылығы кооперативі мен 70-ке жуық шаруа қожалығы тіркелген. Мал шаруашылығы және жолаушы тасымалымен айналысатын да бірнеше кәсіпкер бар.

Ауылдағы осындай шаруа­шы­лық жайын күйттеген кәсіпкерлер қатарын Ләззат Бекназар да толтырып отыр. Ол асылтұқымды швейцариялық заанен ешкісін өсіруді қолға алыпты. Өзгелерден ең алдымен сүттілігімен ерекшеленетін ешкіні алуға мемлекеттік бағдарламаның септігі тигені айтпаса да түсінікті. Ләззат өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнес­ті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында грантқа қол жеткізіп, осы кәсібін бастап кеткен.

– Өзім ауылдық жерде тұрғандықтан жас кезімнен малдың жа­йын жақсы білемін. Сондықтан да асылтұқымды ешкі өсіруге ерекше қызығушылық таныттым. Өйт­кені, Швейцарияның Заанен өлкесінен тараған заанен тұқымдас ешкі ең алдымен сүттілігімен танымал. Ал ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті мол екені көпке мәлім. Тәулігіне 3,5-4 литрге дейін өнім беретін  ешкі сүті көп жерде таптыра бермейтіні рас, – дейді ауыл тұрғыны.

Бүгінде кәсіпкер келіншек грант арқылы қол жеткізген 750 мың теңгеге асылтұқымды заанен ешкісінің 7 төлін алған. Жоба бо­йынша алынған малға қол жеткізген соң кәсіпкерге жем-шөп алу үшін қосымша 75 мың теңге қаржы берілген. Мұның өзі кәсібін енді бастаған жан үшін таптырмас көмек.

Қазір асылтұқымды ешкілер төлдеп, мал басы біршама көбейген. Ләззат алдағы уақытта қолға алған кәсібін дөңгелентіп әкету үшін өз қаржысының есебінен тағы да 2-3 ешкі сатып алуды көздеп отыр. Себебі, асылтұқымды ешкі сүтінің 1 литрі бізде 500 теңге болса, көршілес Байқоңыр қаласында оның литрі 1000 теңгеден өтеді. Бүгінде емге ешкі сүтін іздеушілер Ләззатқа жиі қоңырау шалады.

– Заанен ешкісінің сүті мың да бір ауруға ем екен. Бұл істі қолға алмас бұрын әбден зерттедім. Талай жыл ауырып жүрген жандар ешкі сүтін ішкен соң дертінен айы­ғып, аяққа тұрып кеткенін білгенде қызығушылығым арта түсті. Сондықтан да бұның өнімі қымбат тұрады. Өзім қорада азын-аулақ мал ұстап, сиыр сауып отырмын. Оның сүтінен бастап, құрт-майға дейін базарға өткіземін. Сиыр сүтінің литрін 250 теңгеден, май мен құрттың келісін 2000 теңгеден сатамын. Бұ­йырса, ешкі сүтінің де құрт-майын да сатам ба деп отырмын, – деп алдағы жоспарымен де бөлісті.

Ержан Қожасов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<