Гүлшара Әбдіқалықова: «Қоршаған ортаны қорғау – ортақ игілік»

286

0

«Қадірлі жерлестер!

Бүгін – Экологтар және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні.


Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдан бері аталса, елімізде 2011 жылдан бастап Экологтар күні ресми түрде белгіленді.


Эколог мамандығы – қажет мамандық.

Өйткені, қоршаған ортаны қорғау және сақтау – бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі.

Табиғатымызды сақтау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы таза да жайлы өмір сүру – өз қолымызда.


Шындығында, қоршаған ортаға зиян тигізетін де, оны қорғап, көркейтетін де – адамзат баласы.

Айналамызға немқұрайлы қарауымыздың кесірінен «нашар экология» деген сөз қолданысымызға берік орнықты.

Адамға қажетті ауа мен судың тазалығы да экологиялық жағдайдың тұрақтылығына тікелей тәуелді. Егер, ол сақталмаса, эпидемиялық аурулар пайда болып, адам ауру-сырқауға ұшырайтыны белгілі.

Жан-жануар, жәндіктер мен өсімдіктер, барша тіршілік иесі осы табиғатпен тығыз байланысты.

Ал, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуы тіршілік атаулының жер бетінен жойылуына әкеледі. Оның бір мысалы – өзіміздің Арал теңізі болды.

Елбасының бастауымен ғасыр жобасы аталған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының арқасында жөнінде Арал теңізі маңындағы тіршілік қайта жандана бастағаны баршаға мәлім. Енді «САРАТС» жобасының ІІ фазасын іске асыру бойынша жұмыстар жүруде.


Бүгінгі күнгі өзекті мәселе – су тапшылығының үкіметаралық деңгейде шешілуі өңіріміздің дамуына айтарлықтай серпін берері сөзсіз.

Құрметті қоршаған ортаны қорғау саласының қызметкерлері, сала ардагерлері!


Сіздер өңір экологиясы мен қоршаған ортаны қорғауда белсенді жұмыс істеп келесіздер. Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!

Табиғатымыздың, қоршаған ортамыздың тазалығын сақтайық!


Сыр елі жасарып, жайнай берсін!» деп жазды аймақ басшысы фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз