Мәселе қараусыз қалмайды

898

0

Қызылордадағы ғимараттар мен үй-жайлар қоларбаға таңылғандар үшін қолайсыз болып тұр. Есту қабілетінен айырылғандардың бас қосатын орны ескірген. Өзекті мәселелерді мүмкіндігі шектеулі жандар облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуде көтерді.

Аталған санаттағы адам­дарға ерекше назар ауда­рып, барлық мүмкіндікті жасау ке­ректігі Президент Жолда­уында айтылған болатын. Олар­дың өмір сүру сапасын арттыру және құқықтарын қамтамасыз ету бағытында 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын ұлттық жоспар бекітілді.

– Жоспар аясында өңірде мүге­дектікпен есепке алынған жандарға көрсетілетін қамқор­лық аясы кеңейіп, ауқымды ша­ралар атқарылып келеді. Бү­гінде осы санатта 30 мыңнан астам адам бар. Оларды қолдау мақсатында биыл былтырғыдан 1,5 есе көп қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы қордаланған мә­се­­лелерге жеке-жеке тоқтал­ды. Бі­ріншіден, жүріп-тұруы қиын адам­дар үшін әлеуметтік нысандардың қол­жетімді бо­луы маңызды. Жергілікті ин­фра­құрылым бұған әлі то­лық бейімделмеген. «Nur Otan» пар­тиясы қабылдаған «Ке­дер­гісіз келешек» бағдарламасы ая­сында жұмысшы топ тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Бірақ кемшілік әлі бар.

– Мүгедектерді әлеумет­тік-тех­никалық оңалту құрал­да­рымен, қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мемле­кеттік сатып алу жолымен шешіледі. Заң талабына сәйкес өнім беру­шіні таңдау кезінде ең төмен баға ұсынысы ескеріледі. Бұл кейде сапаның әлсіз­дігіне әкеп тірейді, – деді аймақ басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі адам­дарға керек тауар және қызмет түрлерінің тендерге түсуі 2025 жылдан бастап тоқтамақ. Оның орнына бұлар портал арқылы қолжетімді болады. Үшіншісі – жұмыс берушілердің арнайы квота бөлуі. Заңда тайға таңба басқандай көрсетілгенмен, та­лап­тың орындалуы тасада қалуда.

Жиында ерекше санаттағы жан­дардың басын біріктіретін қоғамдық ұйымдардың жетек­шілері көптеген мә­селені орта­ға салды.

«Облыстық мүгедектер қо­­ғамы» ҚБ төрағасы Мұрат Жұмаділаев алдымен атқарыл­ған жұмыс туралы айтты. Өт­кен жылы қоларба сыятын авто­бустар мен вагондар сатып алынды. Барлық ауданда инва­такси бар. Қызылорда қала­сы бойынша тағы 4-ін алу жос­пар­ланып отыр. Әлеуметтік пә­терлер құрылысы жалғасын табуда. 1 тамыз күнгі мәліметке сүйенсек, 528 қызылордалық еңбекпен қамтылды. Соның тек шамамен 10 проценті тұ­рақ­ты жұмыста. Кәсіпке ден қой­ғандар үшін мемлекеттік грант, несие беру жолға қойылған.

– Шешімін таппаған жайт­тар аз емес. Олар – әлеуметтік нысандар мен жолдардың ар­ба­дағы адамдар мен зағип жан­­дар үшін кедергі кел­ті­руі, мүгедектерді тұрақ­ты жұ­­мыс­пен қамту, жергі­лікті мәс­­лихаттар мен қоғам­­­дық ке­­ңестерде біздің сөзімізді сөй­лейтін тағдырлас жандардың болмауы сияқты мәселелер, – деді М.Жұмаділаев.

«Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төр­ағасы Ас­қар Қолдабеков 80 жылдан астам тарихы бар ұйым ғимаратының сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Ұйым мүшелерінің қолынан шыққан төсек-жабдық пен киім-кешекті өткізудің қиындығы өз алдына.

– Өңірде 1200 көз мүге­дегі бар. Соның ішінде ІІ топ­тағылардың жағ­дайы мәз емес. Жұмысқа ала қоймайды. Жәр­демақылары да мар­дым­сыз. Олар қоғамдық көлікте біз сияқты жеңілдікпен жүрмейді. Осын­дай мәселелердің шеші­луіне ықпал жасалса, – деді филиал басшысы.

Сондай-ақ, ол ғимарат база­сында арнайы компьютерлік курс ашуды ұсынды.

Құлағының мүкісі бар 800-ге тарта қызылордалыққа ар­налған ғимараттың есік-терезесі әбден ескірген. Бір-бі­рімен кез­десіп, ортақ проблеманы ортаға салатын орын жоқ. Содан кеп көшіп-қонып жүруге мәжбүр. «Облыс­тық саңыраулар қоға­мы» ҚБ төрайымы Алтын­гүл Аяпова осы ретте жаңа ғи­ма­раттың қажеттілігін алға тарт­ты.

Ал І топ мүгедегі Зәуре Өк­сім­баева қаржылай қиындыққа тап болған өзі секілді 50 шақты адамның ұсынысын арқалай келіпті. Айтуынша, пәтер кезегі жылжымаған соң ипотекалық үй алған. Алайда, қазір қолға тиетін азғантай жәрдемақысын аузынан жы­рып, айма-ай соған төлеуге мәжбүр.

– Бізге ипотекалық жүкте­мені ба­рынша азайтып, қарыз сомасын қайта қаржыландыруға көмектессе, – дейді ол.

Облыс әкімі мәселелерді шешу жолдарын қарастыру туралы орын­басары мен тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<