Маңдай терді мақтаныш етсе, жарасар

1812

0

Мынадай бір қызық дерек бар. Мына көрші Шымкент, дұрысы Түркістан облысы дейікші. Бір айда 2 мың тонна күріш тұтынады-мыс. Біздің Қызылорда мың тоннадан аса пайдаланады бір айда. Көрші облыста халық көп қой. Айтпақшы, бұл карантин алдындағы дерек. Ол кездегі аста-төк жағдайдың  жүлгегі белгілі ғой. Қазір жиын-той азайды. Бірақ, бұл күріш нарығына кері әсерін тигізді деген сөз емес. Өйткені, Сырдың басты дақылы шет ел асқалы көп жыл өтті. Күріштің құнарын құнттай білген біздің диқандар мың мәрте құрметке қашаннан лайық болатын.

«Тұрмағанбет»

түлей бермек

Қармақшы ауданындамыз. Сыр сүлейі Тұрмағанбет атын иемденген елде болдық. 240 адамнан аса қызметкері бар ша­руашылыққа соққанбыз. Ең­бек адамдарын қашаннан насихаттайтын біздің басылымның мақсаты да сол – ала жаздай кетпен арқалаған диқан ағайынның тіршілігін тізбектеп жазу.

Ауыл атымен аттас «Тұр­мағанбет» ЖШС жиырма жылдан астам уақыт күріш егіп келеді. Ал биылғы екі мың гек­тардан астам егілген салы жиналып бітуге таяу. Алдағы қысқа шөбі орулы, отыны қам­даулы бұл елде екі мыңнан ас­там халық болса, соның бар­лық қажеттілігіне бір ғана шаруа­шылықтың көмегі жетіп-ақ тұр.

– Жылда 2700 гектар еге­тінбіз. Биыл су тап­шы­лы­ғын білесіздер. Алдын ала жос­пар­лағанымыздай, егістік кө­­лемін осыған қатысты қыс­қарттық. 2300 гектардан аса күріш ексек, қазір жиналу нау­қаны да аяқталуға таяу. Өнім­ділік жылдан жылға жақсы. Жаңа технология, заманауи ша­руашылық көліктерінің бізге үлкен көмегі бар. Технология дегенмен де, күрішке тәжірибелі маман қа­жет. Өз басым осын­дағы Аман­қос Тоғызбаев, Болат Сәуенов, Нұржан Ертаев сияқты еңбек­кер­лерді мақтан тұтамын.

Екінші бір айта кетер жайт, бізде әртараптандыру бағыты жақсы. 100 гектар бидай, 70 гектар соя ектік. Былтыр осы соядан жақсы өнім алғанбыз. Бұдан бөлек, 10 гектар қауын-қарбыз сияқты бақша өнімдері бар. Айтпақшы, шаруашылық техникалары осындағы жеке бақшалықтың жерін жыртып, қарығын қазып береді. Оған да көктемде он күн уақыт бөлеміз, – дейді серіктестік директоры Нұржан Пірмантаев.

Көбіне-көп нарық сұраны­сына орай «Лидер» сортын ұсы­натын шаруашылық жергілікті «Сыр сұлуы» деп аталатын күріш түрін егуді кеңітіп келеді. Басқа күріштен 20 күн бұрын ерте пісетін бұның құнары да аса жоғары көрінеді.

Серіктестікте сырттан адам жоқ. Бәрі осы ауылдың тұр­ғын­дары. Шаруашылық өз жұмыс­шыларына жағдай жасап тұр. Ал ауылға ше? Санамалап айтсақ, бұндай тіршілік өте көп. Мысалы, былтыр Еңбек Ері, Сыр анасы Сәлима Жұмабекованың құрметіне 80 орындық «Салима ана» балабақшасын салып берген.

– Енді құрылысқа қажетті торлы сым тоқитын және макарон өнімдерін шығаратын цехты іске қостық. Тамақ өнімін жандандыруды қолға алдық. Макаронның 5 түрін шығарамыз. Бес адам жұмысқа тұрды. Кешегі індет қала мен ауылға әсерін тигізді ғой. Қашықтан оқыту кезінде де балаларымызға планшет ұйымдастырып, ауылға 1 млн теңгеге дәрі-дәрмек алдырдым. Аудандағы емханаларға да үзбей көмек көрсетіп келеміз. «Өзімнің шаруам бітсе болды» дейтін кеудемсоқтан аулақпыз. Ел болмаса, бұның бірі де болмас еді ғой, – деп ағынан жарылды төраға.

Айта берсең көп. Нұржанның тапсырмасымен осындағы жігіт­тер ауылдағы әрбір ардагерге 150 бума шөп тегін түсіреді екен. Қарттарға көмек қой. Ал былайғы жұртқа бағасы 500-600 теңге болатын бір бума шөпті шаруашылық басшысы жарты бағасына береді. Шаштараз оқушылар мен зейнеткерлерге тегін. Осы екі аралықтағы буын қойылған бағаның жартысына шаш қидырып жүр. Тым арзан. Ал шаштаразға 70 мың айлықты шаруашылық бөлек төлейді.

Алғаш құрылған жылы 800 гектар жерге күріш егуді бастаған олар жылдан-жылға еңсе тіктеп келеді. Балабақша, наубайхана, торлы сым мен макарон цех, шаштараз, монша. Шаруашылық жасап берген жақсы істер елдегі ағайынға осындай қуаныш сыйлап келеді.

Бөлінбеген

берекеге кенеледі

Кеңестік дәуірде бұл жерде бес майда шаруашылық колхоз болып бірігіпті. Жаңажол деп ат берген. Сол біріккен шаруашылық әлі күнге дейін іргесін бұзбай келеді. Тіпті, то­қырау кезінде өзге ауылдағы егін не мал шаруашылығы тарам­дала бөлініп, жекеге өткенде бұл ел «бөлінбеудің» тұтқасын мықтап ұстаған. Мемлекет «бөл» дегенде де үлкендері басын шай­қапты. Ақсақалдарының мық­тылығы ғой бұл. Рахатын кейін көрді. Әңгіме Қармақ­шыға қа­­расты Дүр Оңғар ауылын­да­ғы шаруашылық туралы. Осы «Жаңажол» деп аталар се­рік­тестік облыстағы ең үздік ша­руашылықтың қатарында қа­зір. Әлгі бөлінбеудің арқасы. Тарқатып айтсақ.

Басты дақылы – күріш болып саналатын шаруашылық биыл тағы тамаша жетістікпен жиын-терімді аяқтағалы тұр. Осы жылы 3 мың гектарға жуық күріш еккен. Орта есеппен гектарына 70 центнерден өнім алынуда. Егін орағын бітіріп қалған. Одан басқа, 100 гектар бидай, бес гектар картоп, 1200 гектарға жуық жоңышқасы бар. Егінді әртараптандыру үдесінен де шығып келеді. Ол мақсатта 70 гектар соя, 2 гектар көкөніс, 4 гектар алма бағы егілген. Айтпақшы, бақ демекші, келер жылы Жаңажолдың алмасы на­рыққа шығады деген сенім бар.

– Ел бірлікпен еңбек етуде. Озаттар көп. Жалпы судан мәселе болмады емес, болды. Бірақ, халық несібесі дейтін бар. Егіннің шығымы жақсы бо­лып тұр. Өздеріңде басқа ел­дегі шаруашылықты аралап келе­сің­дер, байқап отырған болар­сыңдар.

Мен осы елде 30 жыл бас­шылық қызметте болдым. Мар­құм облыс білетін Қы­лышбек Әбішовпен тізе қосып жұмыс істедік. Алдында шаруашылық төрағасы Болатбек Сүлейменов болып, ол бес жыл басқарды. 1988 жылдан бастап 1993 жылға дейін. Одан кейін Қылшекең келді. Колхоз едік. Әу баста на­рыққа үйренгенбіз. Өйткені, кол­лективтік шаруа­шы­лық болған соң өз күнімізді өзіміз көру керекпіз, – деп әң­гімесін бастады біз сұхбат құр­ған ауылдық ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов.

Иә, тәуелсіздік алған жылдары жекешелендіру саясаты қарқынды жүрді. Бұл реформа жаңажолдықтарға да келген. Бірақ, Қылышбек Әбішов бастаған ел ағалары бұдан бас тартты. Бұрынғы сүрлеуді таң­дады. Ешкім бөлінбейді, шаруашылық өз күнін өзі көруі тиіс. Бақытбек ақсақалдың ай­туынша, «бөлінгенді бөрі жей­ді» деген ұстаныммен барлық бригада басшылары біріге біл­ген. Ешкім қара басын ойлап, қызметке құмартпай, шаруа­шылықтың іргесін шайқамауға бел буған. Содан бері 25 жылдан аса уақыт өтті. Ауызбіршіліктің арқасында қазір серіктестің кеңестік дәуірдегі техниканы ысырып, 90 процентін жаңартуы – шаруашылықтың бөлінбеуінің арқасы. Өзгелердей жерге талас, жұмысшылардың құқы тапталуы деген бұл жақта болмаған.

– Неге ұзақ басқардыңыздар деген сұрақ қояды маған кейде. Шынын айтайық, бізде әр­кім өз жұмысымен айналысты. Бәрі еңбекке ұмтылды. Жұмыс істеп жүрген адам өзге іспен басын қатырмайды. Басқа жақ­тарда бір-екі жылда әкім не басқа директор ауысып, тұ­рақ­тамай жатады. Себебі не? Жұрттың қолы бос болса, әңгіме тергіш. Сөз көбейткіш. Сын мен мінін арқалап, арыз жазу жұмысы жоқ адамның әуресі ғой әу бас­тан. Бұл елге іріткі әкеледі. Мысалы, ауылда 400 үй бар. Шаруашылықта 450 адам жұмыс істейді. Бес көшеге ша­руашылықтың бес бригадирі бекітілген. Солар көшенің таза­лығы, тұрғындардың мәсе­лесіне жауапты. Әр тоқсан сайын ша­руашылық есебінен жан басына он келі ақ күріш беріледі. Ең төменгі бағамен. Жем-шөпті де солай,  – дейді Бақытбек ақсақал.

Бір кездері ауылдағы әр отбасы 25 тал егуге міндеттелген. Тіпті өріске шығатын ірі қараның тезегі көшеде жатпауы тиіс. Қалай жерге түсті, сол замат ауыл келіндері қағып алып, қоқысқа құртып отырған. Тазалықты өз ауласынан бастайтын Дүр Оңғардың тұрғындары ертеден келе жатқан тәртіп са­бақтастығын әлі бұзбай келеді.

Ауыл іші мен қырман басын таныстырған шаруашылықтың бас жоспарлаушысы Берденбек Рахуев те біраз жаңалықпен бөлісті.

– Анау мұнараға ұқсас стелланы көріп отырсыз ба?! Бес жұлдызды нысанның салыну та­рихы тым әріде, – деді Берденбек ағамыз.

Оның айтуынша, жоға­ры­да айтқандай, бұл стелла 1930 жылы біріккен бес ша­руа­­шы­лықты білдіреді. Бес жұл­дыз­ға неге тірелді десеңіз осы ғана. Бес шаруашылықтың ұйы­ған ай­рандай бүгінге дейін бей­біт еңбек етуі. Ең ұшар ба­сын­дағы алақан бейнесінің үс­тіне жақын арада «Жаңажол» ЖШС логотипі орналасады. Жан-жа­ғына әуенді су бұрқақ, тамаша аллея, сауда орындары ашылмақ. Шаруашылық бұған 200 млн теңгедей қаржы қарас­тырыпты. Ал келер жылы дәл осында спорт кешені салынады.

– Елге басқа ауылдан көшіп келіп жатқандар бар. Жастар жұмыссыздығы деген жоқ. Үз­діктерге жылда көлік мінгізіп, қомақты ақшалай сыйлықпен марапаттап келеміз. Атап айтсақ, сушы Бағдаулет Байдрахманов 39 гектардан 100 центнерге жуық, ал Асқар Құлғараев 34 гектардан 91,7 центнер кү­ріш жинады. Жатка айдайтын Тұрсынбек Досанов «Магдон» техникасымен 1300 гектар егін орды. Ал комбайнерлердің  ара­сынан үздіктер егіс толық біткен соң анықталады, – дейді шаруа­шылықтың бас жос­парлау­шысы.

Иә, расы сол, карантин кесірінен 90 жылдығын дүріл­дете тойлай алмаған диқан ау­ыл ауызбіршіліктің ең биік нүк­тесінде тұр. Айтпақшы, Орын­басар Төлепов бастаған еңбек­керлер 2017 жылы серіктестік өз күшімен бетон шығаратын зауыт ашып, ел ішіндегі құрылысқа пайдаланып келеді. Былтыр газблок шығаратын нысан жобасы қолға алынып, алдағы жылы бұл зауыт та іске қосылмақ.

Бес жылғы белес

Қармақшы ауданындағы «Ақ­төбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев жайлы естіп пе едіңіз?! Өзі жақсылық жасағанымен қоймай, жарнамасы қатар жүретін кейбі­реу­лерге ұқсамайды. Бізге белгілісі, мына аты жаман індет тарағанда ең бірінші болып 700 оттегі баллонын ұйымдастырған осы азамат еді. Қап-қап күрішін ауруханалар асып-тасқаннан таратпағанын да білеміз. Халыққа болсын деген қарапайым шаруашылық иесі. «Ел болмаса, еткен еңбегіңнен не пайда?» дейді ол сөз арасында. Жұртқа жанашыр болуда алда жүрген жігіт ағасын қырман басынан таптық. Бес жыл бұрын құрылған шаруашылықтың қа­лай еңсе көтергенін өз аузынан естіп көріңіз ендеше.

– 2015 жылы құрылдық. Бас­ты саламыз сол, күріш өсіру. Ол кезде мына сіздер отырған кеңсе түгілі қырманның орны да жоқ еді. Бәрін басынан бас­тадық қой. Екі жарым жыл ішінде қойма, қырман орнын да­йындап үлгердік, – деп бастады әңгімесін Нұрлан Іздібаев. Елуден енді асқан шаруашылық төрағасы өзі туған Ақтөбе ауыл­ындағы жұмыс тіршілігін таныстырып өтті.

– Таза өнім шығаруда әзірге өзге шаруашылықтардан алда­мыз. Биылдың өзінде 80 цент­нердің үстіндемін. Әр гектарына. 1741 гектар күрішті осылай есептеп отырмын. Біз қазір бір-екі күнде егінді бітіреміз. Технология жақсы дамыған уақытта шетелдік лазерлі құрылғылар арқылы жерді тегістеу мүмкін­дігіне ие болдық.  Жердің 80 про­центі италиялық лазермен тегістелді. Осының арқасында су толық егінге жетіп тұр. Сенесіз бе, кеңестік кезеңде бір гектар жерге 24 мың текше метр су есептесе, соңғы технология арқылы ол жерге 12 мың текше метр су жіберіп отырмыз, – дейді  ол.

Каналдар мен қашырт­қы­ларды жылда тазалап, биік жер­лерді жоңышқа алқабына ай­налдырған Нұрлан су тапшы­лығын аса сезінбегенін айтады. Сондай-ақ тұқым дайын­­­даумен айналысатын бұлар «Лидер», «Янтарь», «Әй-Керім» сорттарын ұдайы жақсы қалыпта, құрамын бұз­бай өсіріп келеді.

141 адамды тұрақты жұ­мысқа алған серіктестік жо­ңышқа, бидай егеді. Бақша өнім­дері тағы бар. Ауылда соңғы үлгідегі оңтүстік корея­лық күріш ақтау зауыты тұр­ғызылып, өнім «Ақтөбе и К» маркасымен сырт елдерге шы­ғуда. Мысалы, Өзбекстан, Тә­жікстан, Қырғызстан сияқты көр­ші елдер осы шаруа­шы­лық­тың күрішін тікелей алып отыр.

Еңбекқор егіншілерге сы­йақы беруден тартынбайтын Нұрлан Іздібаев «басқа басқа, дала жұмысшыларының еш мә­селесі болмауы тиіс» дейді. Комбайнер Болат Мәкенов, кү­рішшілер Басқынбай Қа­йыр­құлов, Бақыт Нұрманов, Баубек  Кетебаев сияқты жігітте­рін мақтан еткен төраға шаруа­шылық жұмысшыларын жылда көтермелеп келеді.

– Биыл 4-5 көлік мінгіземіз. Бұл бес жыл ішінде нағыз еңбек үлгісін көрсеткен аза­мат­тарға құрметіміз. Одан бөлек, қымбат сыйлықтар жылда беріледі. Жал­пы бізде ең төменгі айлық 66 мың теңгеден асады. Орташа айлық 92 мың теңге. Тоқсан са­йын алатын қосымша сыйақысы тағы бар, – дейді шаруашылық басшысы.

Бес жыл ішінде ауыл бере­кесін кіргізген төрағаның ен­дігі діттеген ісі – тезірек Ақ­төбедегі құс фабрикасын біті­ру. Иә, Ақтөбеде салынып жатқан «Қармақшы құс» ет бағы­тын­дағы бизнес нысаны іске қо­сылса, жылына мың жарым тонна етті нарыққа шығарады.

Марапат

неге ауылға

жетпей жүр?!

…Тым тәуір дүние жазып келе жатып, кейбір көз көрген істе қарын ашатыны бар.

Осы жылы Президент таға­йын­даған «Халық алғысы» ме­далі табысталды. Біраз адам алды.

Ашығын айтайық. Кешегі індет кезінде көмекті аямай бер­ген шаруашылық басшыла­рын біз ұмытып кетіппіз. Бір­лі-жарым алған да болар. Рас. Аңқаумыз ба, әлде, әдейі іс­тей­міз бе?! Еңбек адамын наси­хаттауда  енжарлық таныт­пасақ деген тілек қой.

Шаң жұта егін егіп, еңбекші қауымды ұйыстыра білген бар­лық аудандағы төрағалар онсыз да жергілікті жұрттың алғысын арқалап жүрген еді. Жағымды ісімен. Соны ұқсақ дейміз. Соларды қуанта білсек екен. Қайырымдылықты аттандап жүріп жасайтындардың қасында үндемей ғана үлкен іс тындыратын шаруашылық ие­лері халыққа шын керек…

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<