Мектептегі жылыжай

562

0

Қаладағы №15 мектеп-лицейі өткен оқу жылында БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында «SAMSUNG» компаниясының демеушілігімен  «Жылыжай» жобасының грантын ұтып алған еді. Жалпы құны 2 млн 200 мың теңге болатын жоба оқушыларға тәжірибе жасауға, биология сабағындағы теориялық білімін практикалық жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Жуырда жылыжайда алғашқы өнім жиналды.

    

Жылыжай туралы білуге барған бізге мектеп басшысы Күміскүл Серкеева  жоба жайлы толық ақпарат беріп өтті. Мұнан кейін білім ошағының сыртында орналасқан алаңға тарттық.  Іші жап-жасыл. Тартылған жіптерді қиялаған қияр бойын тіктеп, өнім салыпты. Бөлме гүлдерінің сан алуан түрлері де осында. Өсімдіктің хош иісі аңқып тұр. Жылулық бірқалыпты сақталған. Оқушылар көкөністі кезекті ата-аналар жиналысына дайындап жатыр екен. Әрине, жылыжайдың жайқалуы ұстаздар, ата-аналар мен оқушылардың тынымсыз атқарған еңбегінің жемісі деуге болады. Осыдан аз уақыт бұрын топырағы  енді өңделіп жатқан алаң бүгінде жасыл желекке айналған.

Жабық алаңнан жылына екі рет өнім алынады. Сонымен    бірге мұнда  органикалық қалдықтарды ыдыратушы биогумус  жасайтын құрттар өсіріледі. Бұл құраттар топырақты құнарландырады. Нәр береді. Оқушылар оқу өндірістік тәжірибеде бақша дақылдарын қалай өсірудің қыр-сырын үйренумен қатар, оны көбейту жолдарын да қарастырып жатыр. Енді қызанақ өсіруді қолға алмақ. Мектеп директоры Күміскүл Серкееваның айтуынша, жылыжайдағы көкөністер израйльдік  әдіспен, там­шылатып суарылады. Сонымен қатар мұнда 40-тан астам бөлме өсімдігі бар. Енді олардың қатарын көбейтіп, сирек кездесетін гүлдерді егуді жоспарлап отыр. «Жылыжай ашудағы мақсаттың бірі – оқушыларды ауылшаруашылық саласындағы маман­дықтарға баулу, қызығушылығын ояту» – дейді биология пәнінің мұғалімдері.

Бүгінде жылыжайды көруге  келетіндер қатары артыпты. Өзге мектептердің ұстаздары тәжірибе алмасу үшін арнайы келіп, жылыжай жұмысының қыр-сырын меңгеруде. Себебі бұл жобаны басқа білім ошақтары да жүзеге асыруды қолдап отыр.

– Жылыжайдан алынған өнімнен қияр салатын жасап, оны аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға берілетін тегін астың тізіміне енгізбекпіз. Бұл жөнінде білім бөліміне ұсыныс жасап, ол қолдау тапты. Оқушылар тамақтанғанда өз еңбегінің нәтижелі болғанын көріп, отандық көкөністің сұранысын арттыруға атсалысады, – дейді мектеп басшысы.

Қысы-жазы жайқалып тұратын бақшаға екінші егу жұмыстары шілде айында жүргізілмек. Қазан айында өнім жиналады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде.

Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<