Мұхамеджан Тынышбаевтың ғылыми- ағартушылық қызметі

3273

0

Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі мемлекетіміздегі жаңарулар мен тың серпілістер тарихи оқиғаларға жаңа тарихи таным бағытында зерттеу мен тың деректер негізінде қайта сараптап зерттеу мүмкіндігін әперіп, Отандық тарихымыздың «ақтаңдақ» беттерінің орнын толтырып, болған оқиғалар менқұбылыстарға жаңа көзқарас тұрғысынан сараптап, тарихи шындықты зерттеп, зерделеп жария етіп отыратыны ұлттық зиялылар қызметі арқылы жүзеге асатыны мәлім.

Егеменді Қазақ мемлекетін құру жолында ұлттық сананың қалыптасуы мен қазақ ұлтының өткен тарихын, жекелеген тұлғалары мен тарихи үрдістерін шынайы түрде толық қарастыруды қажет етіп отыр. Сондай ұлы тұлғалардың біріМұхамеджан Тынышбаев туған халқына бостандық, теңдік әперіп, өркениетті елдердің қатарына қосу мақсатында өзінің перзенттік күш-қуатын, ақыл-білімін, өзінің адамдық қасиетін күрес жолына сарп еткен ұлы қайраткер.


Мұхамеджан Тынышбаев қазақ даласында орын алған далалық өркениет пен қалалық тұрмыс-тіршіліктің, мал шаруашылығы мен егіншілік мәдениеттің ара қатынасын зерттеу нысанын ете білді. Осының нәтижесінде туындаған еңбектері инженер Мұхамеджан Тынышбаевты әрі тарихшы, әрі өлкетанушы ретінде көрсетті. Өз өлкесін зерттеу барысында оның тарихи дүниетанымы қалыптасып, шынайы тұжырымдар жасады.Патшалық отарлық кезең мен тоталитарлық жүйе дәуіріндегі өкімет саясаты нәтижесінде «ұлтшылдар», «халық жаулары», «шовинистер» деген айыптар тағылып, тағдырлары талқыға салынған және қиындықтардың болатындығын біле тұра ұлты үшін аянбай еңбек етіп, күресіп өткен М.Тынышбаев сияқты аяулы азаматтардың өмірі мен қоғамдық саяси қызметтерін, тарихи еңбектерін, көзқарастарын зерттеу қоғамдық ғылымдардың, ең алдымен тарих ғылымының алдында тұрған үлкен істердің бірі болып табылады.


Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12-мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Жыланды тауының баурайында дүниеге келеді. Ол, 1900 Верный қаласындағы Ерлер гимназиясын үздік аяқтап, император Александр І атындағыЖол қатынасы инженерлері корпусы институтына оқуға түседі.Студент шағында баспасөз беттерiнде патша үкіметінің отарлау саясаты туралы мақалалар жазып, ел iшiнде үкiметке қарсы үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзумен айналысты. Сонымен бiрге патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партиялары менбірге түрiкшiлдiк және мұсылмандық қозғалыстарға да қатынасты. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюға әкелді. 1907 жылы Жетісу облысының мұсылман халқы атынан ІІ Мемлекеттік Думаға сайлануы, оның сол кезеңде-ақ халық алдындағы беделі мен сенімге ие болғанын көрсетеді.


М.Тынышбаевтың 1916 жылғы 25 маусым жарлығына қарсы шыққан халық көтерiлiсiнiң салдарын (Жетiсу облысындағы қазақ-қырғызға жасалған қанды қырғын, халықтың босқындыққаұшырап, бұрынғы жұпыны күйлерiнен-де айрылуы және т.б.) күнi бұрын-ақ болжап, көтерiлiстi болдырмауға тырысты. М.Тынышбаев күшi басым империялық билiкке қарсы шығудың, қарусыз халыққа тек қайғы-қасiрет әкелетiнiн алдын-ала түсiнiп, елдi сабырға шақырған «Қазақ» газетi төңiрегiндегi зиялылармен бiр пiкiрде болды. Кейiн осы көтерiлiстiң зардабын жою iсiмен айналысты.


Ол 1917 жылдың ақпанында дүниеге келген Уақытша Үкiметтiң Түркiстан Комитетi құрамына мүше болып, халық трагедиясын шешуге барынша атсалысты. М.Тынышбаевтың қоғамдық-саяси қызметiнiң келесi бiр өте маңызды кезеңi — 1917 жылы қараша айының соңында құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясы үкіметінің төрағасы болады. Кейіннен 1917 жылдың соңына қарай Алашорда үкiметi жағына шығып,Алаш зиялыларының ұлттық автономия мәселесін көтеруіне ықпал етеді. Бiрақ басталып кеткен азамат соғысы бұл шешiмнiң орындалуына қолайлы жағдай туғыза қойған жоқ. Соған қарамастан Алашорда үкіметі бұрынғы империя метрополиясы мен отар аймақтарында пайда болған түрлі саяси билік құрылымдарымен келіссөздер жүргізіп, қазақ мүддесін қозғауға ұмтылды. М.Тынышбаев белсенді мүшесі болған ұлт автономиясының көсемдері, ең алдымен халықтың амандығын, бүтiндiгiн сақтауға тырысты.
М.Тынышбаев 1920 жылы 1 қазанда Ташкентте ашылған Қазақ Ағарту институтының оқытушысы болып қызмет істеп, онда түркі-моңғол тарихынан дәріс оқып, физика, математика пәндерінен сабақ береді. Институт ұжымы оқу орнын қалпына келтіру мақсатында халықтан қаржылай көмек сұрауға М.Тынышбаевты Шымкент және Әулиеата уездеріне жібереді.Институтты ұйымдастырушылардың бірі ретінде М.Тынышбаев оқу орнын қолдау мақсатында ел арасынан қаржылай көмек ұйымдастырып, қызмет бабымен өлке аудандарына іс-сапарға шыққанда қазақ жастарын білім алуға шақырған. Сондай-ақ ол өзінің жұмысбасты болғанына қарамастан оқу орнында дәріс беруін тоқтатпаған. Ол институт басшылығына таңертеңгі 8-9 сағат аралығында, түстен кейін сағат 16-дан оқу орнына сабақ жүргізуге мүмкіндігі болатыныдығын айтып хат жазған.Бұл құжат М.Тынышбаевтың ұлт мүддесі жолындағы жан қиярлық қызметінің бір ғана көрінісі еді. Ұлт мүддесі жолындағы М.Тынышбаевтың мұндай еңбегі бағалауға тұрарлық іс болатын.Сонымен қатар, осы институтта жүріп, жүйелі түрде тарихи-зерттеушілік жұмыстармен айналысып, қазақ халқының этникалық және саяси тарихын зерттеумен айналысады.Ол 1920 жылы Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамын құрушылардың бірі болып, «Сана» журналының шығуына атсалысты. Осы журнал бетінде қазақ халқының қамын жеген, мүддесін көздеген зиялы қауымның шығармашылық еңбектері жарық көре бастайды. Солардың қатарында 1923 жылы М.Тынышбаевтың «Түрік-Моңғол тарихы» деген еңбегі жарық көреді. Онда ХІІ ғасырдағы монғол шапқыншылығына дейінгі қазақ тайпаларының географиялық орналасуы, құрылымы, өзіне тән қоғамдық-діни мәдени дамуы туралы тың мәліметтер келтірді. 1924 жылы 22 маусымда болған археология және этнография секциясының кезекті мәжілісінде қоғамға толық мүше болып қабылданады.
М.Тынышбаев 1925 жылдан бастап Ташкент қаласындағы Орыс Географиялық қоғамы бөліміне мүше болып жүрген кезінде өлкетанушылық, этнографиялық зерттеулермен шұғылданады. Соның нәтижесінде ғалымның қаламынан «Қазақ-қырғыз тарихына материалдар», «Көксу үйіндісі және Қойлық қаласы», «Қызылөзен үйіндісі және Баласағұн қаласы» атты еңбектері жарық көрді.

Бұл еңбектерде Қазақстанның Жетісу өлкесіндегі орта ғасырларда мәдениеттің ошағы болып, Жүсіп Баласағұн сияқты ойшылдар еңбек еткен, монғол, жоңғар шапқыншылығы нәтижесінде үйіндіге арналған Қойлық, Қызылөзен, Баласағұн, Ілебалық сияқты қалалардың тарихтағы орны баяндалады. М.Тынышбаев осы кезеңде тарихшы-ғалым ретінде өзіндік зерттеу жолына ие болды.


Сонымен қатар, оған сол заманда өзімен қатар өмір сүрген ғалым-зерттеушілер де өз ықпалдарын тигізді. Қазақ халқының тарихына байланысты өз замандастары жариялаған еңбектерге ол дер кезінде пікір айтып отырды. 1925-1926 жылдары А.П.Чулошниковтың «Қазақ-қырғыз тарихының очерктері» атты еңбегіне оның сын ескертпесі жарық көрді.


Осы еңбекте қазақ халқы тарихының көп жағдайда бұрмаланып берілгендігіне төзе алмаған ол нақты деректер негізінде еңбектің кемшіліктерін көрсетті. Міне, сондықтан М.Тынышбаевтың бұл тарихи еңбектері қазақ тарихына деген қатынасын айқын білдірген, тарихтың керек екендігін халқына жеткізе білген, ұлт тарихының кейбір күрделі мәселелері мен тарихнама туралы құнды пікірлер айтқан ғылыми туындылар болып табылады.


Тарихи деректерді, өлкетанушылық материалдарды жинақтауда М.Тынышбаев өзінің негізгі принципін олардың тарих пен этнография мәселелерін зерттеудің негізі ретінде маңызын ашып, осы бағытта ғылыми ізденістер жасау деп анықтады. Әсіресе, ғалым халық ауыз әдебиетін халықтың тарихы мен мәдениетінің негізгі дерегі ретінде қарастыра отырып, өлкетанушылық, этнографиялық тұрғыдан ғылыми мәселелерді шешіп отырды. М.Тынышбаев өз өмірінде мамандығына байланысты қызметінен басқа көптеген ғылыми зерттеулер, мақалалар жазды. Олар оның барлық қоғамдық қызметтері сияқты тыңғылықты жасалып, зерттелгендігімен, толық сындық-сараланудан өтуімен және өзіндік ой-тұжырымның жасалуымен ерекшеленеді.


Тарихшы-ғалымның ғылыми қызығушылығы өз халқының мүддесі және оның өткені мен болашағы туралы ойларының көп толғанысынан туындады. Ол Орыс Географиялық қоғамының Түркістан бөлімшесі қоғамымен байланысты болды. Қоғамның әрбір өткен мәжілістерінде ғалым М.Тынышбаев сараптаушы ретінде ғана емес, сонымен қатар өз баяндамаларын да жасап тұрды. Өз өмірінің көп кезеңін ізденіспен өткізген ол тарих ғылымын құнды зерттеулермен толықтырып отырды.


М.Тынышбаев Орыс Географиялық қоғамының Жетісу бөлімшесінің мүшесі, Орыс Географиялық қоғамының Түркістан бөлімшесінің мүшесі және 1920 жылы Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының мүшесі болады.


Қазақ тарихының білгірі М.Тынышбаевтың көзқарастары мен еңбектері жалпы қазақтың, оның мәдениеті мен тарихының дамуына елеулі үлес қосты. Ол қазақ халқының шығу тегін анықтау үшін оған қатысты деректерді ұзақ жылдар бойы жинақтайды да, оны кейінірек қазақ шежіресін жазуға негіз етті және оның ізденістері Қазақстанды зерттеу қоғамының «Еңбектерінде» жарияланады.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қоғамның дамуында ұлт бірлігін нығайтып, ұлттық сезімді оятып, ұлттық психологияның нығайту ісінде тарихи мәселелер маңызды орын ала бастайды. Мұны жекелеген замандастарынан кеңірек те тереңірек түсінген М.Тынышбаев инженерлік қызметпен қоса ғалым-тарихшылықты қатар атқарды. Нәтижесінде инженерлік қам-қарекетті тарихшылықпен қатар алып жүрген М.Тынышбаев ғылыми-танымдық және қолданбалық маңызын осы кезге дейін жоймаған тарихи зерттеулер тізбегін қалдырды.


Мұхамеджан Тынышбаев кәсiби қызметiнде Жетiсу жол құрылысы, Қызылорда, Алматы қалалары сәулет-ғимарат нысандарын жобалау және салу, Түркiстан-Сiбiр темiр жолын тұрғызу тәрізді ірі техникалық туындыларын қалдырды. Соның ішінде Т.Рысқұлов басшылық жасаған атақты Түркiстан-Сiбiр темiр жолын салудағы тұңғыш қазақ инженерінің ерен еңбегi отан тарихында алтын әріппен қалды. Қазақстан көлік және коммуникация әлеуетін қалыптастыруда Мұхамеджан Тынышбаевтың көшбасшы болып табылды.Кеңес үкіметі Алаш зиялыларының іс-әрекеттерін жіті назарда ұстап, 1937–1938 жылдары жаппай жазалауға ұшыратты. М.Тынышбаев 1930 жылдың тамыз айының 3-жұлдызында кеңес билігі тарапынан саяси қуғындауға түсті.


Бүгінгі таңда мемлекетіміз өз тәуелсіздігі мен егемендігін алып дербес құқықтық мемлекет болып қайта құрылғанда, жаңарған мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен, қазақ қоғамы қайраткерлерінің ісі қайта қаралып, әділеттілік орнап, Қазақстан тарихынан күштеп аластатылған қайраткерлеріміз, отанымыздың ұлттық тарихының сахнасына қайта оралып, елімен қауышты.


«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында М.Тынышбаевтың бұрын-соңды жарық көрмеген қолжазбаларын жинақтап, толықтырып барлық еңбектерін «Шығармалары» ретінде жариялау бүгінгі елімізді, ұлтымызды көрсететін мәдени қадам болар еді.Әсіресе, Мұхамеджан Тынышбаевқа қатысты тарихи құжаттар мен деректер елімізде, ТМД елдері қалаларының (Мәскеу, Петербург, Самара, Уфа, Том, Қазан, Ташкент, Ашғабад және т.б.) мұрағат қорларында және алыс шетелдерде түрлі ресми-қоғамдық мекемелермен жеке коллекционерлер қорларына шоғырланған. Оларды іздеу, жинау, деректанулық талдау жұмыстары үздіксіз жалғаса берсе деген ойдамыз.

Кенжегүл Ахметова,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<