Оңтүстік аудандарда оңды іс көп

452

0

Бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған, Шиелі аудандарында іссапармен болып, жылдың алғашқы күріш егу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы сапар аясында өндіріс орындары мен жергілікті кәсіпкер жұмысымен танысып, әлеуметтік, мәдени нысандарды аралап көрді.

Жаңақорған: өндіріс өрге басты

Аймақ басшысы әуелі Жаңақорған ауда­нында болып, «Шалқия» қор­ғасын-мырыш кенішінде тау-кен байыту комбинаты құрылысының барысымен таныс болды. Бүгінде ТМД елдерінің ішінде Қазақстан бұл металдың ең ірі өндірушісі болып табылады. Ал, Шалқия – елімізде ғана емес, дүние жүзінде мырыш өндіретін алып кеніштің бірі. «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ акциялары 2014 жылы «Тау-Кен Самұрық» АҚ жарғылық капиталына берілген. Мұнда қазір жобалау жұмыстары жүзеге асуда.  «Шалқия» кен орнын игеру, сыртқы электрмен жабдықтау жобасы, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарын жетілдіру, кеннің байытылуын зерттеу, ішкі инфрақұрылым жобалары, сумен жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, «Выдачная» шахтасының апаттық жағдайда тұрған кен қазбалары қалпына келтірілген. Жаңа кен байыту фабрикалары іске қосылса, кеніштің өнімділігі жылына 4 млн тоннаға артады. Тарқатып айтсақ, 2017-2019 жылдары жобаның бірінші кезеңі жүзеге асып, жылына 2 млн тонна кен өндірілсе, 2021 жылы екінші кезең аяқталып, жылына 4 млн тонна өнім өндіруге мүмкіндік алады.

– «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржыландыруымен көптеген мәсе­ленің түйіні тарқады. Сонымен бірге жоба үшін «Еуропалық қайта құру және даму» банкінен займ алу мәселесі шешілуге жақын. Мамыр айында конкурстың алғашқы легі басталады. Бірі – кен байыту фабрикасын салатын, екіншісі – кенішті, рудникті қайта құратын екі мердігер анықталады, − деді «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Нажмадин Мұсабаев.

Шалқыған Шалқияның өнімі – дүйім елдің игілігі. Қорғасын-мырыш кен орнын қалпына келтіру және комбинат құрылысының жобасы 2015 жылы республикалық Индустрияландыру картасына ен­ген болатын. Өткен жылы мұнда жұмыс­шыларға арналған жатақхана салынды. Қазір кәсіпорында 710 адам еңбек етсе, пайдалануға беріл­геннен кейін жұмысшылар саны 1500-ге жететін болады.

Облыс әкімі Жаңақорғандағы сапарында Сығанақ қалашығында болып, мұндағы архелогиялық және қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Орта ғасырда Қыпшақ хандығы, Ақ орда, Қазақ хандығы мемлекеттеріне астана болған Сығанақ республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш. Мұнда Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Архе­о­логия» ғылыми-зерттеу орта­лығы 2014 жылдан бастап қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал­да тағы үш жылдық жұмыс жоспары бар. Биыл сәуір мен тамыз айларында қалашықтың шығыс жақ қақпасы тұрғызылады. Екі жақ қамалы 3 метрге дейін көтерілсе, қақпаның биіктігі 1,5 метрге жетеді. Осы кезге дейін бой көтерген қақпаның төменгі бөлігінің кірпі­ші бөлек. Қызметкерлердің айтуын­ша, бұл қазба жұмысы кезінде табылған Сығанақтың өз кірпіші екен. Жобаның бас мердігері «Қазқайтажаңғырту» РМК құры­лыс­ты орта ғасырдағы Сығанақ қандай болса, дәл сондай бейнеде тұрғызуды жоспарлаған. Әзірге қамалдың аз ғана бөлігі қаланыпты. Сондықтан, ғалымдардың алдында тарихи мекенді одан әрі тереңірек зерттеу міндеті тұр. Бұрын археологтар мен тарихшылар ғана «мына жерде мешіт, мына жерде қақпа болған» деп ойша елестетсе, енді ашық аспан астындағы мұра­жайға келушілер қайта тұрғызылған нысандарға қарап, тарихқа бір қадам жақындай түседі.  Археологиялық жұмыстармен танысқан аймақ бас­шысы «Сығанақ қалашығы мәде­ни туризм орталығына айналуы тиіс» деп атап өтті.

Шиелі: дамуда динамика бар

Облыс әкімі Шиелідегі жұмыс сапарында қуаттылығы 1 млн тонна болатын цемент зауытының құрылысымен танысты. Тампо­нажды цемент зауыты – Қазақстан мен Қытай Халық Республика­сының бірлескен кәсіп­орыны. Өткен жылдың желтоқ­санында, индустрияландыру аясын­дағы жалпыұлттық теле­көпірде Мемлекет басшысы зауыттың құрылысымен танысқан болатын. Ел үшін игілігі мол зауыт өнімі құрылыс, мұнай-газ және уран өндірісінде кең қолданылады.

«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС директоры Ли Цзиньцин жоба­ның жүзеге асырылуы туралы баяндап, құрылыс жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізіліп  жат­қа­нын атап өтті. Бұл жердегі құрылыс өткен жылы басталған болатын. Осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған зауытта дәл қазір құрылыс қарқыны қатты. Кәсіпорын іске қосылғанда 260 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазір мұнда 658 адам жұмыс істейді, оның жартысы біздің елдің азаматтары.

Кәсіпорынның жергілікті ха­лық­тың әл-ауқатын арттыратын ықпа­лы әлден-ақ байқалуда. Бүгінде Шиелідегі жұмыссыз жастардың ішінен 48 адам іріктеліп, аудан орталығындағы техникалық кол­ледж­де білім алуда. Келесі айда осы бір топ жас Қытайға аттанып, бірнеше ай мамандық бойынша біліктілігін арттырады. Демек, жаңа экономикаға жаңа, жас кадрлар дайындалуда. Қазір зауыт жанынан 200 орынға арналған жұмысшылар кенті салынып жатыр. «Бұл бас­таманың басы ғана, екінші лекте 70-ке тарта ел азаматы осылай кәсіби білім алып, тампонажды цемент дайындаудың маманы болады», − дейді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы. Білікті, сапалы кадр дайындау – экономиканы индустрияландыруға деген маңызды қадам.

Сапар барысында аймақ бас­шысы «Бидайкөл» шаруа қожа­лығына барып, жылдың алғашқы күріш егу рәсіміне қатысты. Өткен жылы облыста жиналған күріш көлемі рекордтық көрсеткішке жеткені белгілі. Әр гектардан 55,3 центнерден өнім жиналып, экспорт көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 61,1 процентке артты. Жалпы Сыр елі үшін ақмаржан – несібе мен береке. Кездесуде аудан ардагерлері, диқандар ақмаржан бітік шығып, ел ризығы мол болсын деп, бата жасады.

«Бидайкөл» шаруа қожалығы туралы сандарды сөйлетсек, 2014 жылы құрылған шаруа қожалығы өткен жылы 1300 гектар жерге күріш дақылдарын егіп, 8840 тонна өнім жинаған. Талғат Байдалиев төрағалық ететін қожалық биыл күрішті 1300 гектар аумаққа егуді жоспарлап отыр. Қазір 500 гек­тар жерге дән себіліп, суға бас­тырылыпты.

Облыс әкімі «Ақмая» шаруа қожа­лығының жұмыс барысымен де танысты. 2014 жылы құрылған шаруа қожалығы егін саласында жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Өткен жылы 1400 гектар күріш дақылының әр гектарынан 71 центнерден өнім алған диқандар биыл да ел несібесін молайтуға күш салады.

 «Ақмая» ағымдағы жылы 2500 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруда. Оның ішінде, 1400 гектарға күріш дақы­лы, 244 гектарға күздік бидай, 56 гектарға мақсары, 379 гектарға жаңа жоңышқа, 580 гектарға ескі жоңышқа және 150 гектарға көкөніс, бақша дақылдарын егеді.

Шиелі ауданында биыл 270 гек­тар жерге қызанақ егіледі. Оның ішінде 70 гектар аумақты құрайтын көкөніс пленкамен қапталған. Пленка біріншіден, қызанақты суық пен қатты ыстықтан қор­ғайды, екіншіден, тез өнім алудың амалы. Ел жазғытұрым дәру­менге бай көкөністің қоры азайғандықтан, жылыжайдың өні­мін пайдаланатыны рас. Енді ең алғашқы болып, жаз айының басын­да пленка астындағы қызанақтар өсіп шығады.

Облыс әкімі сапар барысында жеке кәсіпкер Қанат Мұсаевтың қызанақ алқабын аралады. Кәсіпкер 27 гектар жерге, оның ішінде эли­талық қызанақтың «Таня» сортын – 7 гектарға, қауынның «Торпеда», «Басинка» сорттарын – 11 гектарға, қарбыздың «Бархан» сортын 13 гектар жерге егіп бастаған. Көкөніс­тің тұқымы Оңтүстік Қазақстаннан әкелінген.

– Пленка сәуір айының басын­дағы суықта қызанақты үсуден сақтады. Сондықтан, мұның әлі де пайдасы мол деп ойлаймыз. Жаңа әдіспен, жоспар бойынша маусым айының бірінші онкүндігінде қар­быз, екінші онкүндігінде қызанақты сатылымға шығарамыз. Көкөніс пен бақша дақылдарын Ресейге, Мәскеу, Самара облыстарына жіберуге келі­сім­шарт жасалды, − деді Қанат Барлыбайұлы. Облыс әкімі жұмыс жайымен танысқан соң, мәселелердің бар-жоғын анықтап, экспорт көлемін ұлғайтуды тап­сырды.

Түгін тартсаң, майы шығатын Шиелі топырағы жеміс ағаштарын өсіруге қолайлы. Гигант ауылдық округіне қарасты «Нәлібай» шаруа қожалығы биылғы жылдан бастап, 10 гектар жерге алма көшетін отырғызды. Төрағасы – Қыдырәлі Есенбеков.

Жалпы, Шиеліде алма туралы ауыз толтырып айтуға болады. Аудан әкімінің айтуынша, жылдан-жылға, жоспар да, алмалы бақтың көлемі де ұлғая түспек. Өткен жылы 30 гектар жерде алма ағашы егілсе, биыл 70 гектар аумаққа дейін алма көшеті отырғызылады. Ал келесі жылы 100 гектар аумақты алма бағы деп атайтын боламыз.

«Нәлібай» шаруа қожалығына қайта оралсақ, бүгінгі күні баққа Оңтүстік Қазақстан облысынан әке­лін­ген жиырма мың түп «Сими­ренко», «Крепсон», «Золотой превос­ход» және «Розмарин» сорт­тары егілген. Биылғы жылы отырғызылған алма көшеттері 2020 жылға қарай өнім беріп, 10 гектар жерден 400 тонна алма жиналады.

Облыс әкімі қожалық жұмыс­шыларын көктемгі дала жұмыс­тарының басталуымен құттықтап, мол өнім алуларына тілектестігін жеткізді.

Мұнан кейін жұмыс тобы Бәйгеқұм ауылындағы Ханқожа көліне табан тіреді. Аймақ басшысы көл аймағындағы туризмді дамыту жобаларымен танысты. Жалпы аумағы 400 гектарды құрайтын көл жағалауына тұрғын үйлер жақын орналасқан. Қазір 26 кәсіпкер тұрғын үй, моторлы қайықтарымен халыққа ақылы қызмет көрсетіп отыр. Олар арнайы салық орган­дарына да тіркелген. Көл жағалауы балық аулаумен қатар демалуға да қолайлы.

– Кәсіпкерлердің сервистік қыз­мет көрсетуі жақсарып келеді. Көл маңы спорттық демалу-жаттығу орталығын салуға қолайлы. Аудан­да бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы жұмыстар жолға қойылған. Өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі спорт кешені пайдалануға берілсе, биылғы жылы осы механизм арқылы төрт спорт кешені салынып жатыр. Ханқожа көлінде су спор­тын дамытуға болады. Облыс бойынша су спортынан жүлде алған спортшылар да бар. Егер бұл жоба жүзеге асса, жастардың салауатты өмір сүруіне, бұқаралық спортты дамытуға ықпалы мол болады, − дейді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы.

Туризмді дамыту, туған жер­ді көркейту мақсатында аудан әкімі «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының «Қазақстанның қасиет­ті жерлері» кіші бағдар­ламасына енген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойындағы «Оқшы ата» мазаратының кіре­берісін жаңғырту жобасын ұсынды. Дәліз бойында Оқшы ата кесенесіне баратын жолдың ұзындығы 4,7 шақырымды құрайды. 

Шығысында тарихи астана Сығанақ­пен, теріскейінде қарт Қара­­таумен, түстігінде желі құм суырған Қызылқұммен түйі­сетін Шиеліде кәсіпкерлік, индус­трияландыру бағы­тын ауыл шаруа­шылығы сала­сын, туризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Облыс басшысы сапар соңында ел игілігі жолында атқарылатын істерге сәттілік тіледі.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<