Қызметі бағаланып, еңбегі еленді

904

0

Бүгін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалында мерекелік шара өтті. Жиында филиал директоры Айнұр Тобаева әріптестерін мерекемен құттықтап, Егемендіктің қазақ халқы үшін қастерлі екенін айрықша атап өтті.


Сондай-ақ мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне де тоқталып, корпорация қызметкерлерінің де ел дамуы ісіне атсалысқанын айта кетті.

– Биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуда. Осы аралықта мемлекетіміз үлкен жетістіктерге жетіп, әлемге жақсы атымен таныла білді. Біздің корпорациямыз да күні кеше Біріккен Араб Әмірлігі елінде Біріккен ұлттар ұйымының жоғары бағасына қол жеткізді. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» қызметінің барша тұрғындарға қол жетімді болғанының дәлелі. Аталған жетістік сіз бен біздің мызғымас бірлігімізге, орасан еңбегімізге берілген баға деп білемін. Алдағы уақытта да толағай табыстардың бастамашысы болатындарыңызға сенемін, – деді Айнұр Тобаева.


Филиал директоры Айнұр Тобаева осы жиында халыққа қызмет көрсету орталығының бірнеше қызметкеріне түрлі марапаттарды табыс етті. Атап айтар болсақ, ҚР Президентінің 2021 жылдың 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша филиалдың 5 қызметкері «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің жергілікті кәсіптік Одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» медалімен 3 қызметкер және осы бірлестіктің «Кәсіподақ қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен 4 қызметкер марапатталды.


Шара барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасы Әділ Қожықовтың «Алғыс хаты» филиалдың 47 қызметкеріне табысталды. Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың «Алғыс хатын» Халыққа қызмет көрсету орталығының Шиелі аудандық бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Мәуленов, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» директоры Ләззат Ортаеваның «Алғыс хатын» филиал менеджері Мейірбек Әбутәліпұлы иеленді.


Мерекелік шара барысында «ADS» дуэті әннен шашу шашып, салтанатты жиынның көркін қыздырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<