ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚЫЗЫЛОРДАДА ШЕБЕРЛІК БАЙҚАСТЫ

1373

0

Биылғы Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығы секілді тарихи мәні зор мерекелердің қарсаңында сол жағалаудағы құрылыс алаңында «Құрылысшылардың кәсіби шеберлігі» тақырыбында республикалық конкурс ұйымдастырылды. Оған еліміздің әр аймағынан кәсіби құрылысшылар келіп қатысты.
Шараны облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов ашты.
– Құрылысшылардың ерен еңбегінің арқасында облысымызда және Қазақстанның өзге аймақтарында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, заманауи нысандар салынуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қызылордада Сырдарияның сол жағалауында 15 шағын аудан, әлеуметтік және бизнес-нысандарды қамтитын жаңа қала бой көтеруде. Осы байқауды біз Астана қаласының – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай, сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырдық. Кәсіби шеберлік байқауына еліміздің барлық аймақтарынан құрылысшылар қатысуда, – деді Қуанышбек Ысқақов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау барысында барлық тапсырмаларды дұрыс орындаумен қатар қауіпсіздік шараларын сақтау және шығармашылық көзқарас есепке алынды.
Конкурстың қорытындысымен, «Үздік қалаушы» номинациясы бойынша бірінші орынды Айжарық Ниязов (Атырау облысы), екінші орынды Зердебек Исқалиев (Батыс Қазақстан облысы), үшінші орынды Бауыржан Чунетов (Маңғыстау облысы) иеленді. Ал «Үздік сылақшы» номинациясында бірінші орынды Нина Дерксен (Қара­ғанды облысы) жеңіп алса, екінші орын Еркемай Темірғалиеваға (Пав­лодар облысы), үшінші орын Ғани Елғожинге (Жамбыл облысы) бұйырды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтымызға «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің  ғимараты сызбасымен салынған «Руха­ни жаңғыру» орталығы бой көтерген. Қазіргі таңда мұнда салынып жатқан 18 көпқабатты тұрғын үй қала күніне орай пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, 320 орындық балабақша, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар ресурстық орталығы, емхана, Неке сарайы мен өзге де әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды.

Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<