«ҰШҚЫННЫҢ» ҮЛГІСІ

292

0

«ҰШҚЫННЫҢ» ҮЛГІСІ Арамызда мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ерекше дарынды, өмірге құштар жандар бар. Олар тағдырдың талқысына қарамастан мықты болуды, кез келген қиындыққа төтеп беруді бойына сіңірген. Әрқайсысы шексіз құрметке лайық. Тән азабын тартса да, жанын жүдетпеген бүгінгі заманның батырлары кімге болмасын айрықша үміт сыйлайтындай. Түрлі кәсіптің басын біріктіріп, істі ұршықша иіріп отырған Бақыт Жұмашев солардың қатарында.

Бақыт Төлеутайұлы – қаладағы «Ұшқын» мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 2012 жылы ашылған бірлестікте осы кезге дейін көптеген мүмкіндігі шектеулі жан еңбек еткен. Кейіпкеріміздің баспаханасы, компьютерлік оқыту орталығы, жарнама агенттігі мен жиһаз жасау цехы бар. Баспаханада компьютерлік қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Бет қаттау, теру, көшірме жасау, түрлі-түсті қағаздар басып шығаруға сұраныс жоғары. Кәсіпкер пластиктен есік-терезе жасауды да қолға алған, орайын тапса өзге де кәсіптің көркін қыздыруды ойлайды.

– Бәсекеге лайықты бизнес өркен жаюы үшін өзіңнің күшіңе деген сенімділік пен табандылық қажет. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Сондықтан, біздің бар мақсат – дүниеге кірпіш боп қаланып, қоғамға қажеттілігіңді сезіндіру керек,– дейді ол.

Шағын ұжым бір мақсатқа ұйысқан. Жансарайы таза жандармен жүздесу жүрегіңе жылылық ұялатады екен. Себебі, мұндағы әрбір адамның жанарынан өмірге деген сүйіспеншілікті көресіз, кемтармын деп кері кетпей, кемел­денуге талпынғанын байқағанда, жарық дүниенің бағасын одан әрі бағам­дайсыз.

– Біздің орталықта талай жастың талабы ұшталды. Олар еңбекке деген құштарлықтан танған емес. Компьютерлік саланың қыр-сырын меңгеріп, жеке кәсібін дөңгеленткендер, электронды үкімет бағдарламасын үйренгендер бар. Бүгінде олар үкіметтік емес ұйымдармен қатар көптеген мекемелерде  қызмет етіп жүр, – дейді кейіпкеріміз.

Бірлестік қайырымдылық шара­лары­нан да қалыс қалмауды әдетке ай­нал­дырған. Мәселен, облыс көлеміндегі мүм­кіндігі шектеулі жандар бірлестіктен тегін полиграфиялық көшірме көмек ала алады. Соғыс ардагерлеріне де ұшқындықтардың қолынан шыққан тұрмыстық жиһаздар үлестіріледі. Кемдігін кеңдікпен жауып, ерлігін елдікке арнаған жандардың бұл игілікті ісі көпке үлгі боларлық. Осы тұста ұжымды ұйыстырып, жаңа жетістіктерге бастап отырған Бақыт Жұмашевтың еңбегі бір төбе дер едік. Өйткені, «Өмір – сынақ. Сол сынақ сағыңды сындырмауы керек» деп есептейтін қайсар азамат алға ұмтылатын қасиетімен мол мотивация береді. Еңбегі елеусіз емес. Оның марапат қоржынында  облыс әкімінің, бірқатар іргелі басқармалардың, облыстық, республикалық байқаулардың Алғыс хаты бар. Бірақ, кейіпкеріміз үшін бастысы ол емес. Бақыт Төлеутайұлы үшін маңызды дүние – өмірден баз кешкен жандардың қоғамға бейімделуі, қабілетіне қарай кәсіпке машықтанып, өз орнын табуы.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<