Сыр өңірінен солтүстікке 114 отбасы қоныс аударды

656

0

Қызылордадан былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша Солтүстік өңірлерге 114 отбасы қоныс аударды. Осы жылы 6 отбасы көшсе, тағы да 60 жанұя қоныс аударға ниет білдірді.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.


-Бағдарламаның мақсаты – облыстың тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге қоныстандыру. Жалпы 2014 жылдан бері облысымыздан 563 отбасы көшті. Бүгінде Павлодар облысынан тиісті сала басшылары келіп, аймақ халқына бағдарламаны түсіндіруде. Сондай-ақ, теріскейге қоныс аударудың шарттары мен тиімді тұстарын айтатын болады, – деді Жанар Жұмабекқызы.


Қазіргі таңда Павлодар облысында үш мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Яғни білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығының мамандары жетіспейді.

– Облысымызға 262 қандас және өзге аймақтардан 1155 адам көшіп келді. Оларға өңірлік квотаға беріліп, мемлекеттен қолдау көрсетілуде. Биыл 500 қандасты және басқа өңірлерден 2600 азаматты қабылдауды жоспарлаудамыз. Бағдарлама аясында әрбір отбасы мүшесіне көшуіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет субсидия төленеді. Жалдамалы үй алғысы келетін жанұя баспанамен қамтамасыз етіледі немесе тұрғын үйді жалдауға 12 айға субсидия беріледі. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің санына байланысты 43 мыңнан 87 мың аралығында болады. Мамандығы жоқ отбасы мүшелері арнайы орта біліммен қамтылып, жұмысқа орналастырылады, – деді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<