Сыр құрылысшылары жүздеген үйді жөндейді

281

0

Ақпарат көздерінен хабардармыз, таяуда  Арыс қаласына Үкімет басшысы Асқар Мамин бастаған делегация келіп, арнайы мәжіліс өткізді. Осы жиында қаланың 44781 тұрғынына 100 мың теңгеден беру жөнінде шешім қабылданды. Бұл мақсатқа қажетті 4 млрд 478 млн 100 мың теңге қаржының 2 млрд теңгесі республикалық, 1 млрд теңгесі облыс­тық бюджеттен, қалған қаражат «Түркістан» корпоративтік қорына түскен қаржы есебінен үйлестірілетін болады.

Апаттан зардап шеккендерге еліміздің әр аймағы көмек көрсетуде. Солардың қатарында біздің облыс та бар. Сыр өңірінен 22 мекеме жарылыстан қираған үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті.

Айта кетейік, қазір Арыс қаласында жағдай тұрақты. Мемлекет тарапынан  түрлі әлеу­­меттік қолдау шаралары қолға алынған.

Қалада орын алған төтенше оқиғаға байланысты құзырлы орындар тарапынан қажетті шаралар қабылданып, алғашқы кезекте атқарылуға тиіс жұмыс­тар шұғыл қолға алынды. Ел болып жұмылған соң қауіп, қайғы сейіліп, қиындық сәл де болса еңсерілгендей. Бүгінгі таңда жарылыс салдарынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы 17 сектордың да жұмысы қауырт, ертелі-кеш тынбай еңбек етуде. Атап айтқанда, қаладағы 104 көпқабатты, 7200 жеке тұрғын үй қорын жаңғыр­туға еліміздің бар аймағы атсалысып отыр. Олардың қатарында қызылордалық мердігер мекемелердің де белсенділігі ба­сым.

Облыстық сәулет, құрылыс, бақылау басқармасының басшысы Марсбек Молдабаевтың ай­туынша, біздің өңір құрылысшылары 254 жеке үйді күрделі жөндеуден өткізеді. Сондай-ақ, жөндеуге жарамсыз бір үйді қайтадан салады.

– Қазіргі таңда мұнда жұмыс жасап жатқан 22 мердігер мекеме 4 топ бойынша  жасақталып, құрылыс жұмысына қызу кіріскен. Бізге берілгені 16 көше, 254 үй. Айта кетейік, жарылыс кезінде көп үйлердің шатыры бүлініп, есік-терезелері сынған. Жөндеу жүргізілетін ғимараттар қатарында тұрғын үйлермен бірге, әлеуметтік нысандар да бар. Құрылыс басында әзірге 30 адам еңбек етуде, алдағы уақытта мұнда 120 адамға дейін тартылатын болады. Құрылысқа  қажетті техникалармен толық қамтамасыз етілген. Сәтін салса, бұл  жұмыс­тар межелі уақытта аяқталады деп жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, облыстағы «Абусер» ЖШС, «СМП – Қызылорда», «Авангард» ЖШС, «Интегрострой» ЖШС мердігер компаниялары бастаған құрылыс жұмыстары қарқынды.

Иә, Арыс қаласындағы апатты жағдай бір-ақ сәтте берекемізді қашырып, көңілімізге қауіп ұялатқаны рас. Алайда ықылым заманнан ынтымағы бұзылмаған халқымыз бұл жолы да жұдырықтай жұмылып, тө­теннен келген қиындыққа қарсы тұра білді. Көршілес қонған Сыр өңірінің халқы да қиындыққа ұшыраған бауырластарымызға  алғашқылардың қатарында адал ниет, азаматтық қолдау танытып, қамқор қолын ұсынды. Айталық, бүгінге дейін біздің облыстан 10 млн теңгеден астам қаржылай және 39 тонна материалдық  (азық-түлік, киім-кешек) көмек берілді. Бұл жұмыстарға облыс кәсіпкерлері, түрлі мекемелер, жекелеген азаматтар үлкен ұйым­шылдықпен үлес қосуда.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<