Талантты жастың табысы

877

0

Қызылордалық жас шахматшы Назерке Нұрғали 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатының төртінші тұғырынан көрінді. Шахмат Олимпіне бет алған спортшының Түркиядағы бұл табысы басқа жетістіктерінен ерекше болып отыр.

Шахмат ойынынан хабары бар әркім-ақ бұл жеңістің оңайлықпен келмегенін сезеді. Өйткені, Сырдың жас спортшысы өзінен 5-6 жас үлкен қарсыластармен сынға түсті. Осыған қарамастан, Назерке өз ойынымен әлемді мойындатып, лайықты орын иеленді.

Назеркенің осыған дейінгі жетіс­тікерін бір саралап өтейік. Ол ФИДЕ шебері, әртүрлі жастағы шахматшылар арасында Қазақстанның 9 мәр­те чемпионы, бірнеше мәрте құрлықаралық біріншіліктердің жеңім­пазы, жүлдегері атанды. Бұл титулдарына оның мектеп оқу­шылары арасындағы әлем чемпионы екендігін қоссаңыз, он төрт жастағы Назеркенің ел спортындағы салмағы сезіле түседі. Дегенмен, шаршы тақ­таның майын ішкен мамандардың өзі қазір Василий Шимелков жат­тықтырып жүрген спортшының Түр­кия жеріндегі табысын бөле-жара атап отыр.

Назерке Нұрғали қаладағы №136 мектеп-лицейдің оныншы сынып оқушысы. Алты жасынан бастап №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде Риза Қошқаровадан тәлім алды.

– Шахматқа бұқаралық сипат беру бастамасы осыдан 10 жыл бұрын Аралбай Махамбетов турнирінен бастау алды. Бұл турнир талай таланттың жолын ашты. Ойлылар ойынында әуелі Әсел Серікбай, көп ұзамай Назерке Нұрғали дара шықты. Алда да бұл көш үзілмейді деген ойдамыз. Ең бастысы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев шахматты дамыту туралы ұсынымызды қолдап, барынша көмек көрсетіп келеді, – дейді облыстық шахмат федерациясының президенті Марат Есенов.

Федерация биыл жазда Қамбаш көлінде, жуырда ғана Жаңақорған ауданында оқушылар арасында облыстық турнир ұйымдастырды. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында шахмат аймақта бұқаралық сипат алып келеді. 

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<