Тұрғындар тілегі тұрақты бақылауда

477

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Сайлыбаевпен кездесті. Сондай-ақ аймақ басшысы облыс орталығында бірқатар нысандарды аралады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Серік Дүйсенбаевпен кездесуде кеңестің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есе­бі тыңдалды.

«Облыс әкімі Қуанышбек Дос­ма­йыл­ұлының қабылдау­ын­да болып, Сыр өңірі ардагерлер кеңесінің жұмысы туралы қысқаша мәлімет бердім. Аймақ басшысы бірқатар тапсырма жүк­теді. Сондай-ақ, қала, аудан­дарды аралау барысында жергілікті ардагерлермен кездесу туралы ұсыныс айттым. Әрі қарай да бірлесіп жұмыс іс­тейтін боламыз», – деді Серік Әбіш­ұлы.

Жалпы, ардагерлер өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Мерекелік іс-ша­ралар мен күнделікті жұмыс барысында ақыл-кеңестерін айтып, жастарға патриоттық тәрбие беруден жалыққан емес.

«Осы жылдың 6 айында біраз жұмыс атқарылды. Мә­селен, сәуір айындағы ҚР Пре­зидентінің сайлауалды нау­қа­нында Сыр ардагерлерінің қос­қан үлесі ерекше. Халықпен кездесіп, ақпараттық және үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Ардагерлеріміздің ай­­мақ дамуына қосқан үлестері үшін алғысымыздың белгісі ре­тінде «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» медалін әзірледік. Сыр өңірінде үлкен абыройға ие, белсенді жұмыс істейтін аға буын өкілдерін осы медальмен марапаттайтын боламыз», – деді Серік Дүйсенбаев.

***

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасымен кездесуде аймақ тұрғындарының өзекті мәселелері талқыланып, кеңестің жартыжылдық жұмыс қорытындысы бойынша қысқаша есеп берілді. 

 

«Аймақ басшысына облыс­тық қоғамдық кеңесінің жұмысы туралы қысқаша баяндап, облыс халқының өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар айттым. Қазір халықты алаң­дататын мәселелер: аяқ сумен қамту, газдандыру және оның тарифтері, көпбалалы от­басы­ларды әлеуметтік қамту мәселелері бойынша сұрақтар бар. Облыс әкімі Қоғамдық кеңестің басты мақсат-міндеті – тұрғындарды алаңдататын өзекті проб­лемаларын билікке жедел түрде жеткізу, яғни, жер­гілікті билік органдарының жау­апкершілігін арттыруға ықпал етуі қажет екенін айтты», – деді Бақытжан Әбдіхалықұлы.

***

Жаңа басшы тұрғындар тарапынан әлеуметтік желіге келіп түскен мәселелерге ерекше басымдық берді. Осының негізінде жоспарланған нысандардан бөлек, алдын ала ескертусіз қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасымен танысуды жөн көрді. №11 бағыттағы автобусқа қарапайым жолаушы ретінде мініп, Тасбөгет кентіне дейін барды. Автобуста жұртшылықпен тілдесіп, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.  Жолаушылар тариф көтерілген уақытта атқарушы билік қызмет сапасының жақсаруын талап еткенін, алайда келісімшартта көрсетілген талаптардың орындалмай отырғанын алға тартты. Өйт­кені, кей автобустарда желдеткіш дұрыс жұмыс істемейді. Ал, бұл проблеманың өзектілігі аптап ыстық күндері қатты білінеді. Сонымен қатар билет мәселесіне қатысты пікір білдіргендер болды. Бұл ретте облыс басшысы олқылықтарды жоюға тапсырма берді. Сондай-ақ, тұрғындарды бірлесіп  жұмыс істеуге, тікелей байланыс үшін өзінің Twitter аккаунтына  өңірді дамытуға қатыс­ты ой-пікірлерімен бөлісуге шақырды.

Мұнан кейін өңір басшысы «Сәулет» шағын ауданында болды. Байқағанымыз­дай, мұндағы көлшікке заңсыз қоқыс тас­тау пайда болған. Тұрғын Өмірзақ Асановтың айтуынша, бұл мәселе әлеу­меттік желілерде қызу талқыға салынуда. «Сәулет» ауданының тұрғындары жағдайдың оңалуын күтеді. Осы орайда аймақ басшысы қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұриддиновке мәселені толық зерттеп, бір ай көлемінде шешуді тапсыр­ды.

Келесі кезекте Қуанышбек Дос­майыл­­­ұлы үлкен сыйымдылықтағы авто­бус­тарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және басқа  мүмкіндіктер қарастырылған автобус паркінің қызметіне қанықты. Мекеме  директорының орынбасары Қанат Рахметов жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту – күн тәртібіндегі басты мәселе екенін айтып, екінші жартыжылдықта электронды билеттерді енгізу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді. Қанат Рахметовтің сөзінше, мұнда 758 автокөлік, оның ішінде сыйымдылығы үлкен – 112, сыйымдылығы орташа – 293, аз сыйымдылықтағы 343 автобус бар. Сыйымдылығы үлкен жаңа үлгідегі 112 автобус бейнекамералармен, мүмкіндігі шектеулі жандарды отырғызуға арналған аппарельдермен жабдықталған. Сонымен қатар №2 қалалық маршрутта қатынайтын «ПАЗ 32054» маркалы 10 автобус та сатып алыныпты. Серіктестікте қазір 450 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Сондай-ақ, облыс әкімі 1969 жылы салынған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен де кездесті.

– Қырымбек Елеуұлының сіздерге ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Ертеңгі «Шахтермен»  өтетін ойында сәттілік тілеймін. Біз өз тарапымыздан сіздерге тиісті қолдау көрсетеміз. Ал, сіздер, жанкүйерлеріңізді жеңістеріңізбен қуанта беріңіздер, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде қайсарлықтар да толық жаңғыртудан өткен, заманауи талапқа сай стадион үшін алғысын білдірді. Сенімге селкеу түсірмеуге тырысатындықтарын жеткізді. 

Айта кетерлік жайт, 2001 жылы стадионды қайта құру жұмыстары жүргізілген, содан соң да конструкциялар ішінара ауыстырылып, жөндеуден өткен болатын. Өткен жылы да қалпына келтіру жұмыс­тары қолға алынды. Мердігер мекеме «Интегрострой» ЖШС футбол алаңында жасанды газонды және трибунадағы орындықтарды ауыстыруды орындайды, сайдинг­пен қапталған металл қалқа орнатады, сондай-ақ жылыту, дренаждық, кәріздік және су құбыры жүйелерін ауыс­тыруды, бетон-темірбетон конструкцияларын орнатуды жүзеге асырады. Қазір стадионның сыйымдылығы – 7000 орын, нысанның жалпы ауданы – 16700 шаршы метр.

Одан бөлек, облыс әкімі «Қызылорда ЖЭО»  кәсіпорнының жылыту маусымына дайындығын көзбен көрді. Мекеме директоры Руслан Нұрмағамбетов хабарлағандай, дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде. Қондырғыларды ағымдағы жөндеуге арналған қаражаттың бір бөлігі, резервті мазут отынының қалдықтары кәсіпорын филиалдарының нормативтік-пайдалану қорында сақталуда. Тек қордаланған қарыздың көптігі қынжылтады.

– 1 шілде бойынша кәсіпорын алдында 388,7 млн теңге дебиторлық қарыз бар. Оның ішінде көпқабатты үй тұрғындарының қарызы – 328,4 млн теңге. Жеке сектор тұрғындары 54,4 млн теңге, шағын және орта бизнес нысандары 54,4 млн теңге және бюджеттік мекемелер 1,96 млн теңге берешек. Электр қуатын пайдаланушылардың дебиторлық төлемі 132 млн теңгені құрайды, оның ішінде 70 млн теңге «Энергосервис» серіктестігіне, 62 млн теңге «Қызылорда Су Жүйесі» кәсіпорнына тиесілі, – деді Руслан Нұрмағамбетов.

Облыс басшысы нысандарды аралай келе, бір қайнауы кем мәселелерді бақылауда ұстауға тапсырма берді. Нақты міндеттерді жүйелеп, бірлескен жұмыс­тардың қолға алынатынына сенім білдірді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<