Ұлт болмысының айнасы

948

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей қаласына жұмыс сапары «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу салтанатымен басталды. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Тұрағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Автор ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен.

Мемлекет басшысы жұрт­шылықты Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдық мерейто­йымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ұлы Абай – біздің еліміз­дің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық бол­мы­сы­мыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзектілігін жо­­­ғалт­қан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибрат­ты ғұмыры мен мол мұ­­расы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қа­зы­насы. Абайдың өсиеті – өске­лең ұрпақтың айнымас темір­қа­зығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент дамуды тежей­тін бес дұшпаннан ары­лып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қоғамдық сананы жаңғыртатынымызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйе­сінің берік орнығуы ақын айтқан асыл қасиеттерге байла­нысты екеніне тоқталды.

– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, ру­хани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Тұрағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақ­тастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын бас­ты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын наси­хаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

– Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңға­за­лыққа  жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыю­­дың бір жолы осы деп санай­мын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абай­дың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ескерткіштің ашылу сал­та­натынан кейін Президент Абай­­дың «Жидебай-Бөрлі» мем­­­лекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қо­рық-мұражайын аралап көр­ді. Мұражай 1940 жылы ақын­­­ның туғанына 95 жыл то­луы­на орай ашылған. Бұл Қа­зақ­­стан тарихында тұңғыш әдеби-мемориалды мұражай саналады.

Ойшылдың 175 жылдық мерей­тойына орай музей зал­дары қайта жөнделіп, ғима­раттың қасбеті мен аумағы жаңартылған. Бүгін Мемлекет басшысы салтанатты түрде ашқан «Ұлы ақын Абай ұл­дарымен» ескерткіші де осы мұражай аумағында орна­ласқан. Президентке мұра­жайдағы жаңа экспозициялар ұсынылды. Айта кетейік, енді музейге келушілер экспо­наттарды көріп қана қоймай, заманауи құрал-жаб­дықтардың көмегімен Абай өмір сүрген заманның рухын сезініп, ұлттық аспаптардың үнін тың­дай алады. Қасым-Жомарт Тоқаев мультимедиялық зал­дың жұмысына оң баға берді.

Сонымен қатар Қазақстан Президентіне «Ақынның ба­ла­лық шағы», «Ақынның қа­лыптасуы», «Ақынның шы­ғар­­машылығы», «Абайдың поэзиялық мектебі», «Отбасы», «Қара сөздер» залдарындағы жәдігерлер таныстырылып, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында жан-жақты мәлімет берілді.

Семейге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы кө­лемі 203 гектар болатын Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынымен танысты. Абайтанушы ға­лым­дар­мен кездесіп, Жидебайға ар­найы барып, «Абай-Шә­кәрім» мемориалдық ке­шені мен ақынның мұражай-үйін аралап көрді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<