ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЕГІС НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

129

0

Аудандарға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданындағы Шалқия қорғаныс-мырыш кеніншінде тау-кен байыту комбинатының құрылыс барысы мен  Сығанақ қалашығындағы археологиялық зерттеу жұмыстарымен танысты және Шиелі ауданындағы бірқатар нысанды аралап, жылдың алғашқы күріш себу рәсіміне қатысты.

«Шалқия» қорғаныс-мырыш кен орнында жылына 4 млн.тонна өнім өндіретін тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Құрылыс барысында кәсіпорында мыңға жуық жұмыс орны ашылса, пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жуық адам жұмысқа орналасады. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Шалқия қорғаныс-мырыш кен орнын қалпына келтіру және комбинат құрылысының жобасы республикалық Индустрияландыру картасына еңгізілді. Құрылыстың бірінші кезеңі 2019 жылы аяқталып, 2021 жылы кәсіпорын толық іске қосылмақ. Өткен жылы мұнда жұмысшыларға арналған жатақхана салынды. Қазіргі таңда кәсіпорында 710 адам жұмыс істейді.

Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш болып табылады. Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Археология» ғылыми-зерттеу орталығы қалашықта 2014 жылдан бастап археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологиялық жұмыстармен танысу барысында облыс әкімі  «Сығанақ қалашығы мәдени туризм орталығына айналуы тиіс» деп атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС тампонаждық цемент зауытының құрылысымен танысты. Нысан биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 1 млн. тонна цемент шығарады, зауытта 260 адам жұмыспен қамтылатын болады.

«Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бас директоры Ли Цзиньцин мырзаның айтуынша, мамыр айында аудандық колледжде білім алған 48 жергілікті жас Қытай зауыттарында қосымша оқудан өтіп, зауытқа жұмысқа орналасады.

Мұнан бөлек, облыс әкімі Шиелі ауданының бірқатар шаруа қожалықтарын аралады. Екпінді ауылдық округінің тұрғыны Ермұрат Сәдібекұлы 0,7 га аумағында жылыжай салып, 5 га жерде алма ағаш отырғызды. Ал «Ақмая» шаруа қожалығында биыл 2500 га егіс алқабында 1400 га күріш, сондай-ақ, мақсары, жоңышқа, көкніс пен бақша өнімдерін орналастырмақ.

«Бидайкөл» шаруа қожалығында алғашқы күріш себу рәсімі өтті. Қожалық төрағасы Талғат Байдалиевтің айтуынша, биыл егіс алқаптарында 1300 га күріш, 175 га күздік бидай мен жоңышқа және 320 га ескі жоңышқа өсірілетін болады.

Облыс әкімі қожалық жұмысшыларын көктемгі дала жұмыстарының басталуымен құттықтап, мол өнім алуларына тілектес екенін жеткізді.