Қызылордалық ағаштан кәдесый жасаудың құпиясымен бөлісті

351

0

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Мұрат Жәрімбетовті жергілікті жұрт ағаштан сан алуан бұйымдарды жасай білетін шебер ретінде бағалайды. Ол жасаған бұйымдарға тұтынушылар тарапынан сұраныс зор, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
Қазіргі таңда Мұрат Жәрімбетовтің көздің жауын алған тамаша туындылары ел назарына іліккен. Сондықтан да оған сұраныс өте көп. Оның шеберханасы есік алдына орын тепкен. Алғашқыда ол бұл істі қызығушылықпен бастаған еді. Ойлағаны іске асты. Беріде шеберханасы да кеңейе түсті. Бұл орын «Шеберлер орталығы» болып қайта құрылды. Ағаштан көздің жауын алатын кәде-сый жасауға әбден машықтанған  ұста әрбір бұйымын жасауға ерекше мән беретінін айтады. Ол жайында өзі бізбен былайша ой бөлісті. «Әрбір бұйымға ерекше назар аударамын. Сызбасын жасағанда ойға берілемін. Кейде қиялға берілетін сәтіміз бар. Соны сызбамда пайдалануға тырысамын. Ол өз ойымдағыдай шықса, оған ерекше қуаныш білдіріп жатамыз. Бұл – мен секілді азаматтардың барлығында кездесетін жағдай», – деді Мұрат Жәрімбетов.
  Сызбаны әзірлеу де оңай емес. Кейде оған аз уақыт жұмсайды. Кейбірінде біразға созылып кететіні тағы бар. Десе де әрбірінің сәтті шығуына барынша назар аударады. Қазірдің өзінде ағаш ұстасы «Қорқыт қобызы», «Домбыра», «Шаңырақ шаттығы» және «Ана жаулығы» секілді дүниелерді елдің назарына ұсынды.  «Мына «Ана жаулығы» деген кәдесый қазақ аналарының дархан пейілін, перзент үшін жасайтын қамқорлығын дәріптейді. Оны жасау барысында осындай ойда болғаным рас. Қазақ аналары қай кезде де перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөледі», – дейді ол.
 Мұрат Жәрімбетов өткен жылы Астанада өткен халықаралық ЭКСПО көрмесінде өз туындыларын шетелдіктер назарына ұсынды. Ағаш шебері онда  100-ге жуық туындысын алып барды. Шетелдіктер оларға ерекше қызығушылық білдірген.   Отанасы – Дина Жәрімбетова киіз басу өнерін жетік меңгерген. Одан жасаған дүниелерді көрмелерде насихаттап келеді. Сондай-ақ, студент ұлы – Асылбек ағашты баптау, бабына келтіру, пішін сызу, кескіндеу және өзге де ұстаға қажетті істерді жете меңгеріп алды. Бұл отбасында бес ұл, бір қыз тәрбиеленіп өсіп келеді. Олар ата-анасының шеберлік қасиеттерін зердесіне тоқып жүр.     

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<