Жылдан жылдың жүгі жеңіл емес

1008

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді. Оған орынбасарлары, басқарма басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері қатысты. 6 мәселе қаралып, 2020 жылы түрлі салаларда атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіліп, биыл іске асатын негізгі міндеттер сараланды.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­ма­сының басшысы Нұрғали Қордабай облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қоры­тын­ды­ларын баяндап, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың орындалу барысын сөз етті. Сондай-ақ, салалардағы индикаторлық көрсеткіштерге тоқ­талды.

Мәжілісте облыс әкімі мемле­кеттік бағдарламаларды іске асыруда бірқатар мәселелерге мән беріп, қала және аудан әкімдері, тиісті бағдарлама әкімшілеріне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы жүзеге асыруды, істің сапалы, қаржының тиімді және толық игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

2020 жылдың қорытындысы негізінде облыс бюджетінің иге­рілуі бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова талдау жасады.

Айту керек, 2020 жылы облыс бюджеті 377 млрд теңгені құрап, бюджет қаражаты 98,1 процентке игерілген.

Қаржыны уақытылы игеру мәселесіне қа­тысты өңір басшысы биыл ай сайын қаржыландырудың жоспарына қарай бөлінген қаражатты толық игеруді және мемлекеттік сатып алу жоспарларына сәйкес тиісті конкурстарды мерзімінде ұйымдастыруды қатаң тапсырды.

Жиында жұмыссыздықты азай­ту мәселесі қаралды. Пандемия ке­зе­ңінде халықты жұмыспен қамтудың бел­сенді шаралары ұдайы жүргізілуі керек. Бұл ретте, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова хабарлама жасады.

Облыс әкімі «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасатынын айтып, жобалар бойынша тиісті іс-әрекеттерде кемшіліктерге жол бермеуді қатаң ескертті.

– «Еңбек» бағдарламасы бойынша биыл тұрақты жұмыспен қамтылғандар үлесін көтеру керек. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қата­рындағы еңбекке жарамды азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуын, мүге­дектігі бар адамдардың қажетті тауарлар мен қызметтерді «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы алынуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – осы санаттағы от­басыларды «дағдарыс» жағдайынан шы­ғарып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Жиында Индустрияландыру бағ­дар­ламасының орындалу барысы сараланды. Өңір үшін өзекті өндіріс орындарын ашу, индустриялық аймақтарда жобалар бастау мәселесін индустриялық-инно­вациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев айтты.

2020 жылдың қорытындысымен іске қосылған жобалар арқылы 34,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, бағ­дарлама аясында облыста құны 561,9 млрд теңгені құрайтын бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған жаңа 37 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде 20 жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енген.

Биыл аймақта 19 жобаны Ин­дус­трияландыру картасына енгізу жұ­мыс­тары басталады. Сонымен бірге құны 48,5 млрд теңгені құрайтын жоба іске қосылса, құны 328,8 млрд теңге болатын 3 жобаның құрылысы басталады. Мұнан бөлек, Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты және «Балауса» ком­паниясының өнімдерін шығару жалғасын табады.

Жиын барысында облыс әкімі биз­несті қолдаудың нақты шаралары бойынша атқарылған жұмыстардың есе­бін тыңдады. Облыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов пандемиядан кейінгі кезеңде шағын және орта бизнесті жедел дамыту жөніндегі міндеттер туралы баяндады.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында өңірде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» іске асырылып, былтыр жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 89 жоба жүріп, нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Ал, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді қаржыландыру бағы­тында өзінің тиімділігін дәлелдеген «Қы­зылорда» өңірлік инвестициялық ор­талығының қызметі 2025 жылға дейін ұзартылып, «Даму» қоры арқылы 1 млрд теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 200 млн және облыстық бюд­жеттен 488 млн теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде 251 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.

Осы мәселелер саралана келе, облыс әкімі басқарма басшысына ша­ғын және орта бизнестің облыстағы үлесін 2025 жылға қарай 25 процентке дейін ұлғайтуды, өңірлік микроқаржы ұйымдары және банктермен бірлесіп, «Қарапайым зат­тардың экономикасы» бағдарламасы аясында несие портфелін ұлғайтуды тапсырды.

Денсаулық сақтау саласын дамыту және коронавирус індетімен күрес бойынша атқарылған жұмыстарды об­лыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов айтып берді.

Биыл медицина саласында мамандар тапшылығын жою мақсатында диплом­нан кейінгі резидентура арқылы 20 ма­ман оқытылмақ. Ал, Сырдария өзенінің сол жағалауында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы бас­талады. Мұнан бөлек, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы іске қосылмақ.

Жиын соңында облыс әкімі Ден­саулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индика­торларына қол жеткізу үшін Өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығын қалалық емхана ретінде қайта құру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, Сырдария өзенінің сол жағалауында 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана құрылысын бастау мәселесін пысықтау қажеттігін қаперге салды.

Ал, аудан әкімдіктерімен бірлесіп 14 дәрігерлік амбулатория және 9 медициналық бекет құрылысының жо­балық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді қам­тамасыз ету тапсырылды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әрбір тоқсан сайын көрсеткіштердің са­раланатынын назарға салды.

Суреттерді түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<