Тұрмыстық зорлық-зомбылық: Жаңа заң жобасы нені көздейді?

365

0

сурет ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қарастырылып жатқанын айтқан еді.

– Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді, – деді Президент.

Айта кетсек, өткен жылы отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралды. Былтырғы шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті, яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес.

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.

69 әйел, 7 бала көз жұмды

Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр. Жаңа заң жобасы әлі Парламент қарауына жіберілмегенмен, ондағы бірқатар өзгертулер таныстырылып, қоғам талқысына ұсынылды.

Айталық, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қатысушыларды Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында АМАNАТ партиясы фракциясының депутаттарымен, мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасының негізгі нормаларымен таныстырды.

– Жазасыздық көбінесе ауыр зардаптарға әкеліп жатады. Өткен жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел, 7 бала көз жұмды. Зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза қарастырылғанын бәрі білуі керек. Зорлық-зомбылықтың алдын алу кешенді шараларды талап етеді және бұл үшін барлық қажетті норма көзделген. Оның ішінде отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, агрессормен психологиялық жұмыс, агрессорды пәтерден шығару және тағы басқа, – деді Динара Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, заң жобасында ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі және орташа, ауыр зиян келтіру сияқты қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды қарастырған.

Айта кетейік, заң жобасы қазір Үкіметтің қорытындысында және осы айдың соңында жұмыс тобында талқылану үшін Мәжіліске түспек. Оған сәйкес, енді сот оқшаулаудың жаңа тәртібін жүзеге асыруы мүмкін. Отбасына зорлық көрсетуші уақытша өз үйінен аластатылады. Отбасылық зорлық-зомбылық туралы заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекетте ана мен баланы қорғаудың жаңа жүйесі пайда болады. Отбасылық құндылықтарды арттыру үшін заң қатаюы тиіс.

Ішкі істер министрілігі адам денсаулығына жеңіл зақым келтірілсе де, түрлі дене жарақатын қылмыс деп табуы мүмкін. Тәртіпке бағынбай, отбасы мүшелеріне зорлық көрсетушілер әлеуметтік оңалту орталықтарына тоғытылатын болады. Ол жерде зорлық көрсетуші психологиялық түзету курстарынан өтіп, оның мінезін түзеу үшін арнайы жұмыстар жүргізіледі. Ішкі істер министрілігі мұның барлығы өз отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырап келген ана мен баланы қорғау бағытында жүзеге асырылатындығын мәлімдеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға Қылмыстық кодекс баптары бойынша жаза тағайындалады.

Жапа шегуші қалай қорғалуда?

2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64 пайызы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров мәлім етті.

Ішкі істер министрлігі жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығына әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есеге өскенін хабарлады. Бұл ретте 27 мыңнан астам отбасы сотта татуласқан.

– Министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты күшейтті. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының тәртібіне 15 мың арнайы талап қойылды. Бұл тұлғалар полицияның күшейтілген бақылауында. 12 мың шектеуді бұзудың жолы кесілді, – деді Ренат Зұлхайыров.

Сондай-ақ ол елімізде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеудің, оның ішінде тұрмыстық қылмыстарды қоса алғанда, 14%-ға төмендеу үрдісі байқалғанын атап өтті.

Бұған дейін қазақстандықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, онда әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды сұраған болатын. Атап айтқанда, өтініште Қылмыстық кодекстегі «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптарының нормалары қалпына келтірілсін деп көрсетілген. Сондай-ақ азаматтар отбасылық-тұрмыстық салада басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді сұрады. Петиция 150 мыңнан астам қол жинады, бірақ жарамсыз деп таныды.

Үкімет сондай-ақ желтоқсан айының басында Президент жарлығымен адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз ету саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін хабарлады. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде әйел қызметкерлерді барынша тарта отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін мамандандырылған бөлімшелер құрылады.

Олар зорлық-зомбылық көргендерге психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді, оларды сотқа және медициналық мекемелерге алып барады, сондай-ақ зорлаушылармен және ықтимал жапа шегушілермен  профилактикалық жұмыс жүргізеді.

Премьер-министрдің тағы бір жауабына сәйкес, алименттік қарыздар бойынша жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулер жақын арада Мәжілістің қарауына жіберіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<