Абай мұрасы – ұлттық ақыл-ойдың көрінісі

1779

0

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып белгіленді. Мемлекеттік мерекелер тізбесіне енді. Бұл қазақ әдебиеті мен мәдениеті, жалпы ұлт руханияты үшін үлкен мәртебе. Олай дейтініміз, Абай мұрасы – жалпыадамзатқа ортақ құндылық, ұлттық ақыл-ойымыздың көрінісі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз»-деп, жаһандану уақытында ұлттық құндылықтарымызды бағалап, ұлт мүддесі үшін пайдалана білудің маңыздылығын айтқан еді. Осы ретте, Абай мұрасы біздің темірқазығымыз болуы керек. Ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімі жеке тұлғаның интеллектуалдық мәдениеті мен қалыптасуының ғана емес, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың өзегі. Туған халқының бүгіні мен ертеңіне кемеңгерлікпен қарап, ел болашағының білім мен ғылымда екендігін көрсеткен Абай, ұлт болып ұйысудың, қазақ қоғамын әлемдік өркениетке танытудың жолын көрсетті.  

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында республикамызда түрлі шаралар өткізілуде. Қазіргідей қиын кезеңде ұлт кемеңгерінің мерейтойын мағыналы, мәнді, ең бастысы болашақ ұрпақ өнеге алатындай тағылымды шаралар өткізілуде.

Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде де ақынның өмірі мен шығармашылығын зерделеу, олардың тағылымдық мәні мен мағынасын түсіну мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Абай өлеңдерін оқу челленджі университет студенттері мен оқытушы профессорлары арасында жалғасын тапты. Студенттер арасында өткізілген ақын өлеңдерін жатқа оқу байқауында филология мамандығының 2-курс студенттері Елена Пак 150 өлеңін, Айсана Тынбай 30 қарасөзін жатқа айтып, республикалық конкурсқа жолдама алды.

Университет оқытушы-профессорларының ұйымдастыруымен кафедра, институт, университет және облыстық, республикалық деңгейде өткізілген ғылыми-танымдық, тәрбиелік шаралар Абай мұрасының өміршең, мәңгілік екендігін, қазақ қанына сіңіп, қазақпен бірге өмір сүре беретіндігін көрсетті.

Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Тау тұлғалар да солай. Зерттеп, зерделеген сайын ойы тереңдеп, сыры құпиялана түседі. Абай мұраларының әдебиеттану, лингвистика, педагогика, өнертану, философия ғылымдарының назарына ілігіп, зерттеу нысанына айналғанына да екі ғасырға жуық уақыт болды. Қазақ ғылымында Абай шығармашылығына байланысты жүздеген монография, мыңдаған ғылыми мақалалар жазылды, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Ұлы Әуезов негізін қалаған «Абайтану» ғылымы өмірге келді. Бірақ Абай әлемінің сырын ішіне бүккен әлі талай жұмбағы бар. Соның бірі ақын поэзиясы мен қара сөздеріндегі ұлттық философияның астарын ашу, М.Әуезов айтқан «Сыншыл ақылдың» діни-исламдық тереңіне сүңгу, лирикадағы ой ағысын зерделеу болмақ. Осы мақсатта университет ғалымдары, магистранттар мен докторанттар Абай шығармашылығын зерттеп зерделеуге баса мән беріп келеді. Алдағы қазан айының алғашқы онкүндігінде «Абай мұрасы – жалпыадамзаттық құндылық» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізу жоспарланып отыр. Онлайн түрінде өткізілетін ғылыми конференцияға отандық абайтанушылармен қатар, Түркия, Азербайжан мемлекетінің ғалымдары да қатысады деп күтілуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «…Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен ба­ғалай­тынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныс­тыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақ­тың қастерлі борышы»,-дей келе: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық.

…Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал»,-деген еді.

Ендеше, ақын арманы мен аманатына адал болайық! Абай мерекесі – ұлт руханиятының мерекесі, ұлттық мереке! Мереке құтты болсын!

Бейбіткүл Кәрімова,

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда университетінің ректоры,

филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<