Айтматовтың құшағы

891

0

Мемлекет  және қоғам қайраткері Аралбай Махамбетов  бар-жоғы 41 жас жасады. Құйрықты жұлдыздай ағып өткен азамат жайлы «Сыр сарабдалы Аралбай»  атты кітап баспадан шықты.

Кітаптағы Аралбайдың замандастары, інілері, көзкөргендер, қызметтес болған азаматтардың естеліктерін, өмірінің соңғы сағаттарында сүйікті жары Қанымжанға, інілері Кеңес, Сұлтанға  жазған хаттарын, адамзаттың Айтматовының толғанысын тебіренбей оқу мүмкін емес.

Аралбай 1931 жылы қазіргі Сырдария ауданындағы «Шіркейлі» ауылында  туған. Орта мектепті алтын медальмен бітірген бойда Қызылорда пединститутының тарих факультетін  тәмамдаған. Институтта жастар жетекшісі, 1952 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан соң  қалалық  партия комитетінде, обкомда бірнеше  бөлімдерді басқарған. Алла кандидаттық диссертациясын қорғауды да бұйыртады.

1964 жыл. Желтоқсан айы еді. Болашақ Жоғарғы Кеңестің депутаты Шыңғыс Айтматов Мәскеуден келе жатып, досы Қалтайдың отаны Қызылордаға аялдады. Бірден досының анасы Шәрипаға сәлем беруге, Қалтайдың туған ағасы Әбидің үйіне келді. Ағайындар жиналып, Қалтай аға әзіл-қалжыңды төгілткен сайын жұрт күлкіге қарық болып қалды. Әби аға сол жылы сақал-мұрт қойып еді, Қалекең ағасына қарап:

– Әбеке, сақалыңызды сыпырғының басына ұқсатып қойыпсыз! – деп көрімдікке, «сақалыңызға стипендия» деп бір уыс ақша ұстатты. Әнуар дейтін ағамыз «мен де сақал қойған едім» деп ол да стипендия алды. Шыңғыс аға әзілге таңырқап, күлкіден езуін жия алмай отырды. Түс ауа жазушы  «Сыр бойы» газетінде кездесу өткізді. Кездесуге Асқар ақын қатысты. Әңгіме-дүкен қызды. Айтматов жазушылық өмірі, балалық шағы, Қалтаймен құрдас, дос екенін толғаныспен айтты. Екеуінің де әкесі «халық жауы» болып атылып кеткенін, екеуін ажырамас дос еткен тағдырды көзінен жас төгілте баяндады. Кешкілік Әби ағаның үйінде басқосу одан әрі жалғасты. Бұл жолы Шыңғыс Айтматов Сырдың біртуар перзенті Аралбай Махамбетовпен өзара әңгіме-дүкен құрудан қолы босамады. Ә дегеннен ықыласы ауған жазушы Арекеңді бауырына тартып, «сусынымды қандырдың ғой» дегенде шынайы лебіз одан әрі ақтарыла берді. Шыңғыс Қалтайға бұрылып:

– Арекеңдей туысың, бөлең барын баяғыдан бері маған қалай айтпадың? Бұл бір тұнып тұрған білімдар азамат қой, мына Аралбай. Партия қызметкерлерінің білімдарлығын бірінші рет көруім,– деп таңырқады.

– Бүгін сәті түсті, Шыңғыс! – деді Қалекең. – Енді Аралбаймен жиі кездестіруді мойныма аламын.

– Солай ет, Қалтай!

Содан әрі қарай. Арекең Шығыс, Батыс әдебиетінен сөз қозғады. Шыңғыс дүниелерін електен өткізіп тастады. «Жәмилә», «Ақ кеме», «Қош бол, Гүлсары», тағы басқа туындыларын жатқа соқты. Сәлден соң «Манас» жырын алғаш жазбаға түсірген Шоқан, «Манасты» даудан арашалаған ұлы Мұхаңа – Мұхтар Әуезовке қарай ойысты.

– Шоқан 1856 жылы «Жоңғар очерктерінде» «Манасқа» айрықша тоқталған. Жыр құдіретін орыс ғалымдары В.Радлов, Г.Потанин де мойындаған. «Манас» эпосы үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Манас», екіншісі – «Семетей», үшіншісі – «Сейтек» ғой. Әлем әдебиеті Абай, Манас арқылы екі елді қазақ пен қырғызды таныды ғой, Шыңғыс аға! – деді Аралбай. – Жыраулар «Манас» жырын алты ай бойы жырлағанда таусылмаған. М.Әуезов 30 жыл бойы зерттеп, құнды ой-пікір жазғаны есіңізде ме, Шыңғыс Төреқұлович! Бұдан хабарыңыз бар болар, – деді.

Бұдан әрі тарихшы, философтардың көзқарастарын қаз-қалпында тоғытты. Шыңғыс Арекеңді құшағына қысты. «Сырдың мұндай шоң азаматын бірінші рет көруім, мені таңырқатты» деді. Ертеңіне Қызылорда вокзалынан Шыңғыс Айтматовты Бішкекке аттандыру сәтінде тағы да Арекең болды. Жазушының құшағын ажыратпай, қимай қоштасқаны әлі күні кешегідей есте.

Ш.Айтматов содан соң 1966 жылы Ыстықкөлдегі қырғыз жазушыларының құрылтайында Қалтай, Арекеңмен екінші рет кездесті. Бұл жолы да Арекеңнің бай білімдарлығына риза болып отбасына шақырды.

1967 жылы Қызылорда театрында драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Жат елде» спектаклі қойылатын болды. Осы қойылымнан соң Аралбайдың отбасында Қалтай аға бүкіл туыстарымен бас қосты. Шыңғыс аға кең жайылған дастарханға, бай кітапханасына зер салды. Арекең бұл жолы да Айтматовты мұхиттай білімдарлығымен тәнті етті. Бұдан соң Қалтайдың 50 жылдық мерейтойында кездесіп, ұзақ сыр ағытқаны бар.

1972 жылдың қоңыр күзі. Қалтайдың «Фудзямадағы кездесу»  спектаклі «Современник» театрында қойылатын болды. Талқылау жиында режиссер Галина Волчекті таңырқата ой-пікір білдірген Аралбай аға болды. Шыңғыс аға орнынан тұрып, спектакльдің бүкіл болмысына кәнігі сыншыдай баға берген оны құшағынан босатпай тұрғанда көпшілік қол соқты.

Айтматов бұл азаматты дүниеден өткенше аузынан тастамай өтті.  Телефонмен әр хабарласқан сайын Аралбай Махамбетовты сұраумен болды. «Халі қалай, шоң азаматтың. Сырқатынан жазылар түрі бар ма?» дейтін.

1973 жылдың жазында Шыңғыс аға Арекеңді Бішкекте қуана қарсы алды. Бұл жолы Тоқмақ ауданындағы дүнген емшісіне өзі бас болып, оны емдетті. Бірақ тура келген сырқаттан айығу мүмкін болмады. Арекең туған жерге оралып, айықпас сырқатпен арпалысты. Сүйікті жарына, бауырларына қоштасу өсиет-хатын жазумен болды. Ажалды жеңе алмады.

Бұл суыт хабарды естіген бойда Ш.Айтматов Махамбетовтерге: «Шоң азамат болыңдар, әкелеріңдей болыңдар, еңбек етіңдер, өмірді әкелеріңдей сүйіңдер!» деп хат жазды.

Ғұмырында бар-жоғы жиырма жылдан сәл ғана асатын уақытта Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, қалалық және облыстық партия комитеттерінде бірнеше бөлімді басқарып үлгірген азаматтың өмір жолы таңырқатады. Соңынан ерген інілері, замандастарына көмектесуі, кадр таңдаудағы тәрбие мектебінің ұстазы болғаны бөлек әңгіме, досы көп жан еді.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, әулеттің тамыры өркен жайып келеді. Соңынан ерген інілері Сұлтан, Кеңес, Барақ бар. Аралбай ағаның төрт бірдей ұлы – Серік, Сәкен, Асқар, Еркін бір-бір шаңырақ.

Сырдария жағалауынан үлкен көше ашылды. Ол жаңа  көпірден ескі  базарға дейін созылады. Бір кезде әскери комиссариат үйі, содан соң үлкен су айдайтын насос стансасы болған, Аралбай аға талай серуендеген, балалық дәуірдің қызығын өткізген жер. Сол дария жағалауындағы  үлкен көпірден  бастау алған аумақ – Аралбай Махамбетов  атындағы көше. Сырдың біртуар перзентінің мәңгілік ескерткіші  осы көшеден бастау алып тұрғаны қандай ғанибет.

«Ат тұяғын тай басар» деген сөз  қандай қасиетті еді. «Орнында бар оңалар» деп тағы қосамыз.

Бұл күндері Кеңес, Сұлтан бастаған әулет  ағайындар арасында үлкен беделге ие болды.

Биік бәйтерек көкке өрлеп өседі. Сол бәйтерек секілді Махамбетовтер әулеті Сыр аспанында  биікке қарай құлаш ұрып, жапырақ жая жайқалып тұр. Қуанасың, қызығасың.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор,

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<