Қапы қалмаңыз, оқырман!

806

0

Бүгінгі «Сыр бойы» біздің жастық шағы­мызды елестетеді. Басылымды ауылдағы жұрт құмарта оқитын. Біз тыңдаймыз. Ауыл­дағы хат тасушы майдангер Рүстем ата қы­рық шақырым қашықтағы қалаға қара есе­гімен қатынап, кештете оралатын. Келген бойда үйді-үйге ұлы Камар екеуі хат пен газетті таратады. Біз таңырқаймыз, қалай шар­­шамайды дейміз. Сол ата отыз жылға жуық дүниеден өткенше газет, хат-хабар тарату­шы болды.

Елу жылдан астам бауыр басқан «Сыр бойының» әрбір саны көкірегімде сайрап тұр. Осы уақытқа дейін күнделік жүргіземін. Ұшқыр ой, ұтымды сөз кездессе, жерден жеті қоян тапқандай қуа­намын. Сол сүрленген қо­йын дәп­те­рімді  парақтап оқып, қуат аламын. Ба­сы­лым­ның тәуір дүниелерін насихаттаймын.

Ақын Әбділда Тәжібаев баспасөз құдіретін былайша суреттейді.

Ұлым менің, ұрпағым мақтанатын,

Сен туғансың еліңді сақтау үшін.

Сен туғансың еліңді жоқтау үшін

Намысыңды, арыңды сақтау үшін!

Қандай керемет теңеу! Бүгінгі тоқсан жылдық белесіне шыққан «Сыр бойы» талай тұлғаларды одан әрі асқақтатты. Атақты дала академигі Ыбырай Жақаевтың бірден-бір наси­хаттаушысы болды. Зейнулла Шүкіровті Ұзақ Бағаевтың «Құрыш қазақ» очеркі оқырманға паш етті. Атақты механизатор Қасымтай, диқандар командирі Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов сынды Еңбек Ерлерін жарқырата көрсетті. Қазақтың руханияты мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің сақ­­талуына бұл газет айрықша үлес қосып келеді.

Шындығын айтайын, бір кездесуге, жиын­ға баратын болсақ, «Сыр бойына» бір сәт көз жүгіртіп, содан ұтымды пікірлерді ойға түйетін болдық. Қазіргі басылым формасы мүлдем бөлек, ой саларлық, танымдық дүние­лері өмірге деген  құштарлықтың жаршысы секілді қуат ұялатады. Бұл күндері Сыр өңірінде баспасөзге жазылу жүріп жатыр. Осынау сәттерде аға буын өкілдері ықы­ласының тағы да бөлектігі байқалады.

Қапы қалма, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты басылымдарға жазыл, үлесіңді қос, оқырман!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<