«Ащы да тәтті өмір»

450

0

Жазушы Жолтай Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» деген кітабы түрік тіліне аударылды. Өзжан Перска тәржімалаған және Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Еуразия Жазушылар одағымен бірлесіп шығарылған кітапта повесть немесе қысқа романдар деп санауға болатын екі мәтін бар. Біріншісі «Олигарх және олимп», екіншісі «Интерадам» деп аталады.

Екі шығарманың ұқсас жағы – автор адамзат пен ол бастан кешіп отырған жүйе арасындағы байланыс шынайылығына күмән келтіруге ұмтылады. ХХ және XXI ғасырдағы қоғамдық-саяси билікке, тіпті жаһандық жүйеге, астарлы сын көзімен қараған. Сонымен қатар, адам үшін жекелеген қақтығыстармен күресу және өз өмірінің мәнін түсінуге тырысу, сондай-ақ басқа адамдармен белгілі бір саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйе шеңберінде қарым-қатынас орнату мен оларды жалпыадамзаттық қасаң принциптерден сақтандыру маңызды екендігін еске салады. Қазіргі әлемде қарқынды дамулар орын алып, биполярлық жалпыадамзаттық тәртіпте капиталистік және социалистік жүйе арасында үлкен билік үшін күрес жүріп жатқаны рас. Ақшаның жекелей масштабта әкелетін күші мен харизмасы пенделердің өмірге деген көзқарасын өзгертсе, жаһандық ауқымда ұлы державалардың мүдделері соғысына негізделген халықаралық жүйе адамдар мен адами құндылықтарды бұзады. XXI ғасырдың ерекше жағдайлары мен капиталистік жүйе тудырған қиындықтар және қалыптастырған нарықтық экономика әдебиетте әлеуметтік мәселе ретінде көрініс бере бастайды.

Кеңестік кезеңде, өзін-өзі сынауға тырысқанда, жаңа тәртіпке бейімделу процесінің ауыртпалығын жеңуге тура келетін жұмырбастыларға өз мүдделерінің, өз халқының қайғы-қасіреті мен ізгіліктің бірі ретінде адамгершілікті таңдауға сынақ берілді ме? Олардың жеке және ұлттық деңгейде өмір сүру бағытындағы күресі әділдік пен теңдікке ұмтылу бола алды ма? Жеке адам айналасынан үлкен қоғамға дейін созылатын бұл процесс Жолтай Әлмашұлының шағын романдарында адам болмысын айшықтау мен жүйені сынауға айналады.

«Олигарх және олимп» автордың айшықты алғысөзінен басталады. Жазушы бұл алғысөздің алғашқы жолдарында-ақ олигарх деген аты бар бай-билеушілерге негізделген жүйе мен адамдарды санада салмақтап, сыни көзқараспен ой өрбітеді. Капиталистік дәуірге көшу ауыртпалықтары мен байлықтан басы айналып, өз құндылықтарынан алыстағандар туралы баяндайды.

«Интерадам» шығармасының бас кейіпкері – Қоңырхан есімді журналист. Облыстық газетте жұмыс істейтін Қоңырхан жаңа заман технологиясын жақсы меңгермесе де, кәсібіне орай кейбір жаңашылдықтан алыс емес. Өзі жұмыс істейтін газеттің басшысы Қоңырханнан қызықты да оқылымды мақала сұрайды. Қиялға беріліп, не жазуды ойланып отырғанда, бір күні оған интернеттен хабарлама келеді. Хабарламаны жіберуші «Interadam» атты пайдаланушы және бұл қолданушының жалғыз ақпараты. Қоңырхан ә дегенде бұны кім жазғанын түсіне алмайды. Хабарламаны жіберуші өзін «мырза X» деп атай алатынын айтады. Бұл адамның (бәлкім адам емес пе?) нақты кім екенін білмесе де, Интерадамның өзі туралы көп мәлімет білетінін түсінеді және бұл жағдайға таңғалады. Ол Қоңырханның кей пікірлеріне қарсы шығып, онымен интеллектуалды пікірталас жүргізгісі келетінін айтады.

«Олигарх және олимп», «Интерадам» романдарында жекелік құндылықтарды жоғалтпай, әлеуметтік және жаһандық жүйеде өмір сүру үшін жеке адамның күресіне назар аударылған.

Технология, әлеуметтік құрылым мен философия тоғысатын адамзат пен жүйе туралы көпжақты талқылауды қарастыратын бұл шығармалар жазушының қазіргі заманауи серпілістер мен тайталастарды терең бақылап отыратынын және осы оқиғалар туғызған адамзаттық проблемаларды өз шығармаларына шынайы қалпымен, батыл түрде кіргізе алатынын анық көрсетеді.

«СБ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз