Асыл ана

3061

0

Аяулы анам Балагүл Қосшыбайқызына

Жан ана, асыл ана, аяулы ана,

Жүзіңді ұмытайын қалай ғана.

Сақталып қалған сенің

нұрлы бейнең,

Мәңгіге жүрегімде, санамда да.

Жан анам, жанарыңнан

нұр тараған,

Сәтіңді аңсадым ғой бір қараған.

Сағынтты оттай ыстық алақаның,

Аялап маңдайымнан сыйпалаған.

Өмір бұл бүгілмейтін, иілмейтін,

Өткені, өзгергені білінбейтін.

Сағындым жан анашым сөздеріңді,

Елжіреп “Жаным” дейтін,

“Күнім” дейтін.

Жанымда жүрген менің кездеріңде,

Сездім бе қадіріңді сезбедім бе.

Бір арман қалды ма екен

жүрегіңде,

Бір үміт жанды ма екен көздеріңде.

Көңіліңнен шықтым ба,

әлде шыға алмадым,

Қолыма қонбады ма қиялдағым.

Менің де көкірегімде

мұң орманым,

Менің де жүрегімде мың арманым.

Арманым – ақ сүтіңді ақтадым ба,

Ақ ниет, ақ жолыңды сақтадым ба.

Жанымда жүрсің әлі желеп, жебеп,

Жан анам сәл қысылған

шақтарымда.

Арманым – шыға алдым ба

тілегіңнен,

Жаныңды жасанттым ба

гүл өрілген.

Кім мені бір өзіңдей еркелетіп,

Кім мені бір өзіңдей сүйе білген.

Жан анам, жүрегімде

мың арманым,

Бәрі де болады ма қиялдағым.

Көзіме нұр бейнеңді елестетіп,

Өзіңе бір азырақ жыр арнадым.

***

…Жан анам Қармақшыңның

қырында өскен,

Сол жақтың гүлін теріп,

суын кешкен.

Бәрін де сағынышпен айтушы еді,

Шығармай Ақтайлақтың

құмын да естен.

Айтатын өзі өскен ауылын көп,

Сол кезде отыратын жаны гүлдеп.

Атақты Тұрмағамбет ақынды да,

Айтатын аталас бір бауырым деп.

“Білмеймін, Тұрекемді кем етті кім,

Көп жайды ашып айту керек бүгін.

Жарықтық жанынан

еш қалдырмайтын,

Ұнаған шығар, бәлкім, зеректігім.

Халқының асылы еді бір қалаулы,

Көп көрді қиянатты, шырғалаңды.

Ақынға жызықсыздан жала жауып,

Алтындай жырлары да бұрмаланды.

Кім ұғып үкіметті, ұғына алды,

Айрықша Тұрекемді қырына алды.

Ақыры азаппенен өтті өмірден,

Тек қана жүректерде жыры қалды.

Көтерді соның бірақ бәрін ақын..,”

Деп анам кейде үнсіз қамығатын.

Мұндайда бізге әр кез секілді еді,

Жас шағын, өскен жерін сағынатын.

Жылынбас жақсы жырдың

отына кім,

Бұрғандай біздің үйге бетін ақын.

“Атақты ақын аға өлеңі” деп,

Жаттаған жырын айтып отыратын.

Ту ұстар Тұрмағамбет туған ерек,

Ол жайлы анам айтар сыр да бөлек.

Әспеттеп ақын жырын әсерлі етіп,

Жан анам бізді өсірді жырға бөлеп.

Тамаша жырына ел таңданатын,

Қашанда өнегесін жайған ақын.

Жан анам арқылы да біздің үйде,

Жыр шалқып, жазушы еді

ән қанатын.

Қашанда қорғар мені, қолдар мені,

Өзіңе өмірімде тең бар ма еді.

Шаттанып, шалқып, тасып

жүрген шағым,

Аяулы жан анашым сен барда еді.

Жанымды жылаттым ба,

жырлаттым ба,

Жақсының жанына еріп,

тіл қаттым ба.

Жалғанда сенен артық, сенен асыл,

Жан анам, жоқ екен ғой

қымбаттым да.

Тулаған теңіз өмір тыншымаған,

Дамылсыз мың толқытып,

мың сынаған.

Қашанда, қай кезде де

қалмай менен,

Жанымда жебеуші боп

жүрсің анам.

Жан анам дидары Ай, жүрегі Күн,

Бауыр ет баласына тілегі мың.

Көрсеткен жарық күнді

маған алғаш,

Өзімен қай кезде де бір өмірім.

Туыппын қырық екінің ақпанында,

Әлемдік соғыс өршіп жатқанында.

Қамыққан көңілдерді жаншып,

таптап,

Қайғының қара бұлты жапқанында.

Соғыстан соққан дүлей қара дауыл,

Қаралы ел, қаралы жұрт,

қаралы ауыл.

Айырылған талай асыл азаматтан,

Жүрекке түскен зіл мен

жара да ауыр.

Талпынып өмірге енді енгенімде,

Көрдім бе сол кез жайын

көрмедім бе.

Өртіне соғыс салған, өршіп жанған,

Шарпылдап мен де жатқан

жөргегімде.

Майданда оқтар қарша

борап жатты,

Көп ерлер елін қайта көре алмапты.

Аттанған менің сегіз айлығымда,

Жан әкем сол соғыстан оралмапты.

***

Білдірмей жоғын анам

жарының да,

Бейнеттің көрген талай ауырын да.

Көрсетпей қатарынан еш кемдікті,

Өсірген төрт баласын бауырында.

Ардақтым, аяулым да,

дара да анам,

Қашанда қамқор бізге сая да анам.

Ешкімнен кемдік көрмей

есейгенбіз,

Бауырында балапандай паналаған.

Жан анам бізді аялап, мәпелеген,

Естімей өстік сөзді “әке” деген.

Қатардан бізді ешбір қалдырмады,

Анашым қолымыздан жетелеген.

Көп жайды аңғардым ба,

аңғармадым,

Соғыстан соңғы қиын

жайлар мәлім.

Біз үшін анам күн-түн еңбек етті,

Кездерін көргенім жоқ

алған дамыл.

Күн шықпай егістікте бола алатын,

Әлсіреп шаршап түнде оралатын.

Сонда да үйде диірмен

тартушы еді,

Кездерін көргенім жоқ дем алатын.

Жұмылған жұмысына көпке еріп,

Елдегі қай істен де шеттемедік.

Бау тасып, отақ отап, егін егіп,

Біздер де ерте есейіп кеткен едік.

Ананың жұмыстағы соңына еріп,

Біздер де көп бейнетті көріп едік.

Мектепте бастауышта оқысақ та,

Колхоздың мүшесіндей

болып едік.

Бала боп ойынға бас бұра алмадық,

Достармен допты да көп

қуа алмадық.

Ашқұрсақ болып күнде

жүргенменен,

“Жасасын, партия!” деп ұрандадық.

Комсомол – партияның қолғанаты,

Пионер – комсомолдың оң қанаты.

Павлик Морозовқа еліктедік,

Әкені сатып мәлім болған аты.

Кештерде алау жағып,

дабыл қағып,

Жас ұлан болып жандық,

жалындадық.

Партия комсомолмен не айтса да,

Біздер серт, ант сөзіндей

қабылдадық.

Қаһарлы кезең бұлттай қазандағы,

Бой тіктеп, ел еңсесін жаза алмады.

Темірдей қатал тәртіп тітіреткен,

Тұтас ел елестетті казарманы.

Көрсетті қатыгездік күшін қатты,

Бір ауыз артық сөзі үшін де атты.

Ашыққан балаға уыс бидай алған,

Ана да түрмелерге түсіп жатты.

Сыр бермес тарыққанда,

жабыққанда,

Төзімді біздегідей халық бар ма.

Ерінбей еңбек етіп, мал өсіріп,

Ерлігін солар елге танытқан да.

Еңбегі ел, Отанға ерен еді,

Қайғысы, қасіреті де терең еді.

Аяулы асыл жандар ауылдағы,

Солардан көріп өстік өнегені.

Жаппаймын жалған сөйлеп

жауырды көп,

Ауыр кез, ауыр жылдар,

ауыр міндет.

Қиындық көрген халық арасынан,

Қашанда айта аламын

табылдым деп.

***

Ойыма келіп отыр тағы анашым,

Аяулым, асылым да дана анашым.

Анасыз қайдан шуақ ала аласың,

Анасыз қайдан қуат таба аласың.

Жан анам арман, ойым, қиялым да,

Есіме алмай күнде тұрамын ба.

Ана ғой жылытатын шуағым да,

Ана ғой алдан жанған шырағым да.

Ойламай өзін қалай тұра аламын,

Құдіреті шығар әлде бұл ананың.

Жанымда жебеуші боп

жүреді анам,

Өмірдің көрсем де сан бұралаңын.

Есімде бізді өсіріп, баққандары,

Біз үшін талай бейнет тапқандары.

Есімде, әлі есімде біздерге арнап,

Өмірі жайлы да өз айтқандары.

Жасынан қалған емес өмір көштен,

Көргенде көз қуанып,

көңіл де өскен.

Әкесі Қосшыбайдың бай ағасы,

Қыз болып Өтегеннің

қолында өскен.

Бір елдің бас көтерер биі болып,

Қайынаға кете еліне жиі келіп.

Ақыры құда бопты әкелерім,

Ділмар да діндар жанның

тіліне еріп.

– Осылай, – деуші еді анам

келін болдым,

Атақты Ер Келменбет елін көрдім.

Келгеннен жаңа жұртқа

тез сіңісіп,

Мен істер қызметінен ерінбедім.

Әр ісім болды көзге ілінетін,

Қартына дайын еді құрметім.

Жастары өздеріне жақын көріп,

Алдымнан болды көрсе жүгіретін.

Қайынағам маған риза болушы еді,

Әкеңнің көңілі де толушы еді.

Қарт ата-енемді де бағып, қақтым,

Батасын беріп те олар қоюшы еді.

Ақ ниет адал болса татқан асың.

Жақсы боп ел есінде сақталасың.

Бақиға қос қартымды аттандырдым,

Алдым да ризалық, ақ батасын.

Анамның көп өмірі көз алдымда,

Қадірін сезбедім бе,

сезе алдым ба.

Есінде қалған жайды жиі айтатын,

Отырып кейде менің өзі алдымда.

Сан жайға бұрсадағы сыр арнасын,

Жүзінде жылы шуақ тұрар басым.

Бүлдіршін кезінде ерте

қайтыс болған,

Тұңғышы еске алатын Күландасын.

Жүзінен жылы шуақ үзілмейтін,

Сақтайтын бойын таза түзу кейпін.

Өзімен бірге өсіп, егде тартқан,

Күлипаш бұл екінші қызым дейтін.

Жан анам тағы сырын толғар еді,

Жүзіне бұл кез бір мұң орнар еді.

Қайтейін жас кетті деп қамығатын,

Үшіншім Нағметбай ер бала еді.

Содан көп уайымдап

жүрдім дейтін,

Көзде жас, көңілімді мұң билейтін.

Бір күні түнде атам түсіме еніп,

Қайғымды болдым кейін

білдірмейтін.

Атамның шығар желеп, жебегені,

“Қамыға берме, балам” деген еді.

Қолыма қос қабырға беріп теріп,

Ұрпағың болар деді өнегелі.

Түсінен бөленгендей нұрға бөтен,

Қуанып содан анам тұрған екен.

Ұмытып қайғысын да көңілдегі,

Бекініп белін берік буған екен.

Бір шаттық ұялатып жүрегіне,

Жүздіріп жылы шуақ нұр өңіне.

Қос ұлды содан кейін болыпты

анам,

Түсіне көрген ата тілегі ме.

“Рақыш, Махмұтбай құлындарым”,

Шығатын биік болсын тұғырларың.

Келдіңдер атаның ақ тілегімен,

Болыңдар бірің – ғалым,

бірің – дарын.

Жүрегі жан анамның жарқын еді,

Елжіреп бізді ойлап балқыр еді.

Мәпелеп бауырына алған күнде,

Балада еді оның бар тілегі.

Реніш салмай ана жүрегіне,

Мұң салмай жарқыраған нұр өңіне.

Тырыстық біз де адал болу үшін,

Ананың адал ниет, тілегіне.

Ғылымда жасап Рақыш көп тірлігін,

Көрсетті іскер, өжет, өткірлігін.

Мәскеуде болды ғылым кандидаты,

Қорғады сол жақта да докторлығын.

Атқандай менің де алда

нұрлы таңым,

Алдымда аласармай тұрды тауым.

Мүше боп Жазушылар одағына,

Жиырмаға тарта шықты

жыр кітабым.

Көп істі бітіреміз, бітірмейміз,

Қайсысын сан жыртықтың

бүтіндейміз.

Ақтауға ана үмітін жасап жүрген,

Осынау ісімізге шүкір дейміз.

Ақ тілек асыл ана деген осы,

Бұл кезде кең жайылды керегесі.

Өркендеп ұрпақтары өсіп, өніп,

Көбейді немересі, шөбересі.

Ойымда өткен күннің көп елесі,

Ғалымым еді тұңғыш немересі.

Болсын деп Ғалым атын өзі қойған,

Ақ тілек асыл ана деген осы.

Баламның жатыр қанша

жолы алдында,

Көбіне мен де куә болармын ба.

Ғалымым ғылым жолын қумаса да,

Қайраткер болды жүрген

ел алдында.

Ғалия қызымның да талабы асты,

Жасынан қызметке араласты.

Мәскеуде әкімшілік жүйесінде,

Дамылсыз бола білді дара басшы.

Еселеп ана үміті ақталуда,

Жүректе айтқан сөзі жатталуда.

Сүйікті Әлия, Ізет немересі,

Жұмысын абыроймен атқаруда.

Ананың осы еді ғой бір арманы,

Қолыңа қона бермес қиялдағы.

Үлгі боп асыл ана өнегесі,

Нұр шашып ұрпағына тұрар мәңгі.

Ана ғой ең қымбатың өмірдегі,

Сақталар орны жүрек төріндегі.

Қос ұлы Рақыштың Қаныш, Нұрлан,

Полковник, бірі майор шеніндегі.

Кең жайған деген осы керегесін,

Әженің олар да алған өнегесін.

Екеуі жүр басшылық қызметте,

Биіктеу тең құрбыдан терезесі.

Жылжиды уақыт тынбай

алға асады,

Ұрпақтан ұрпақ өсіп жалғасады.

Ана ғой тілекшің де, қорғаушың да,

Анасыз бұл өмірдің бар ма сәні?

***

…Аз емес кездерің де қиналатын,

Мың тоғыз тоқсан жетінші

жыл болатын.

Айырылып осы жылы жан анамнан,

Айықпас менде де ауыр

мұң болатын.

Анашым, асыл анам, аяулы анам,

Қамқоршым, панам да анам,

саям да анам.

Біз үшін өмір бойы еңбек етіп,

Бойын да тіктеп тұрып жая алмаған.

Әрі ана, әрі бізге әке де еді,

Кем етпей ешкімнен де мәпеледі.

Соғыстан қайтпай қалған

жары орнын,

Жоқтамай ана бізді жетеледі.

Аялап бізді әлдилеп, тербегені,

Анаға қандай адам тең келеді.

Аздаған ақындығым болса менде,

Ол-дағы жан анамнан келген еді.

Балалық шығармайтын күнін естен,

Кетпейтін Ақтайлақтың құмы да

естен.

Туысы Тұрмағамбет соңына ертіп,

Жырларын жастай жаттап жүріп

өскен.

Ақынның бар өлеңін білетін-ді,

Кейбірін бізге де айтып жүретін-ді.

Түнімен диірмен тартып,

ән де айтып,

Тек таңның алдында көз ілетін-ді.

Жыр айтқан әрі әнші болған да

анам,

Кезім аз жырын тыңдап,

толғанбаған.

Бойымда сәл ақындық бола қалса,

Ол-дағы ана арқылы қонған маған.

Өнер де берген әрі өмір маған,

Мен үшін бар міндетті орындаған.

Жан еді жүзі жарқын, жүрегі алтын,

Жанаттың жүрген шығар төрінде

анам.

***

Зымырап өтіп жатқан білінбес күн,

Ұға алмас ай мен жылдың сырын

да ешкім.

Ашқалы дүние есігін аз ба, көп пе,

Сегіз он, сегіз белес ғұмыр кештім.

Қарайтын кез де келді арты,

алдыма,

Өмірде өз жүгімді тарта алдым ба?

Алдымен дүниеге алып келген.

Борышын ата-ананың қайтардым ба?

Әлі де көңілімде көп арманым,

Әкемнің жүзін де анық көре

алмадым.

Соғысқа кеткен сегіз айлығымда,

Анам көп айтушы еді. Содан мәлім.

Күтті ме мен туғанда әлде үмітті,

Рүстембек жырауға ән салдырыпты.

Соғысқа кетіп бара жатып сүйіп,

Атымды үйге жазып қалдырыпты.

Әкенің ақтадым ба аз мұратын,

Таптым ба көркем жыр мен

сөз қуатын.

Басшы боп отыз жылдай

басылымға,

Мың рет, миллион рет

жаздым атын.

Анамның көрдім бұған қуанғанын,

Бұл да бір маған деген сыйы

Алланың.

Білмеймін әке үмітін ақтадым ба,

Әйтеуір анық атын шығарғаным.

Жан анам кейде маған елжірейтін,

“Жарығым, аман жүрсең болды”

дейтін.

Бүгінгі амандығым, өміріме,

Сияқты “Шүкір, көңлім толды”

дейтін.

Борышым көп қой бірақ

ел алдында,

Көп жүгін көтеруге жарармын ба?

Таусылмас аман жүрсең борыш,

міндет,

Дос, бауыр, ағайын мен

бала алдында.

Орындап шыға аламын қалай

бәрін?

Әйтеуір қай істен де аянбадым.

Кетігін дүниенің жаппасам да,

Бір кірпіш болып анық қаланғаным.

Өмірдің көрдім ауыр, қиынын да,

Дей алман шайқап өстім

тұнығында.

Қашанда бейнеті көп, беделі аз,

Қызметтің жүрдім төмен буынында.

Болған жоқ менің істен

тынымым да,

Біреуге міндет артып, бұйыру да.

Жөн көрдім бәрін қолмен

атқарғанды,

Жалқаулық жоқ болды

еш ұғымымда.

Мәртебе, атақ қуып жүгірмедім,

Не елеп, ескермесе күйінбедім.

Мен “Ерен еңбегі үшін” медалімді,

Елбасым, елден алған сыйым

дедім.

Қараймын жүріп өткен жолдарыма,

Жасамай босқа дақпырт,

мол дабыра.

Ризамын Қызылорданың және

ауданның,

“Құрметті азаматы” болғаныма.

Мен үшін осы сый да жетер деймін,

Өткен жоқ өмірім де бекер деймін.

Зымырап өткен зулап сегіз он жыл,

Секілді бір сегіз күн екен деймін.

Білмеймін қанша алдымда

ғұмыр барын,

Алланың көремін де бұйырғанын,

Жүрермін туған жерде

шыр айналып,

Шыққанша көкірегімнен

шыбын жаным.

***

Таңға жол түнді сүйем ашқаны

үшін,

Шуағын күнді сүйем шашқаны

үшін.

Сүйемін туған жерді топырағын,

Жан анам табанымен басқаны

үшін.

Сылдырап суды сүйем аққаны

үшін,

Жолымда құмды сүйем жатқаны

үшін.

Сүйемін жыңғылды да,

шеңгелді де,

Жан анам отын етіп жаққаны үшін.

Қырымды қалың бұта қалқалаған,

Думаны кенен далам тарқамаған.

Көрінер қарабарақ қашанда

ыстық,

Жан анам отын үшін арқалаған.

Арылмай бір басынан күллі бейнет,

Жамаулы жаны жүдеп киді көйлек.

Сүйемін ауылдағы жолдарды да,

Жан анам осы жолмен жүрді ғой

деп.

Қаншама біздер үшін тапты бейнет,

Алмады шайын да іше тәтті демдеп.

Сүйемін сексеуілді құмда өсетін,

Жан анам отқа талай жақты ғой

деп.

Жан анам біздер үшін не көрмеді,

Түнде де бізді ойлап елеңдеді.

Келсе де күндіз шаршап

жұмысынан,

Тоқитын түнде кілем көп өрнегі.

Біздерді аялаған, асыраған,

Аяулы ардақты анам, асыл анам.

Мейірім, шапағаты айрықша еді,

Нұрындай таңның таза шашыраған.

Анамның белдерімнен ізін көрем,

Аяулы көлдерімнен жүзін көрем.

Жан анам, туған жерім

қос шырағым,

Сәулесі жүрегімде үзілмеген.

Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<