Басылымдар өткен белес

464

0

Өткен жыл бірқатар қоғамдық-саяси басылымдар үшін мерейлі белес болып, тарих парағына басылды. Айталық, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» басылымы 100 жылдық тарихын тойлады. Ғасыр жасаған «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда  жарық көрген «Ұшқын» газетінен басталатынын білеміз. Одан кейін басылым атауы бірнеше рет өзгеріп, «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды қазақ» деген атпен шықты. Ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгерілді де, осы атпен жарты ғасырдан астам жарық көрді.
Ел тәуелсіздігін алған 1991 жылы басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Бұл кезде оның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза еді. Ал 1993 жылдан бас редактор Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауы «Егемен Қазақстан» болды. Осы атпен газет 23 жылдан бері шығып келеді.
Аймақ тарихында ай­рықша орны бар «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдары осы жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Жыл бойына басылымның өткені мен бүгінінен сыр шертетін мақалалар, қа­ламгерлер өмірі жайлы сыр-сұхбаттар жарияланып отырды.
Қос басылымның 90 жылдық мерейтойы аясында өткен «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда басылымдар тарихындағы тың дү­ние­лер қозғалып, талант иелерінің еңбегі терең насихатталды. Аймақтың бел­гілі ғалымдары мен жур­налистика саласының қайраткерлері басылымдар тарихынан мазмұнды да маңызды ойларын ортаға салды.
Жазба ақындары арасында «Атыңнан айна­лайын, атамекен!» тақы­рыбында туған өлкемен бірге жасасып келе жатқан «Сыр бойы» басылымы та­рихын арқау еткен жыр бәйгесі, сондай-ақ, өмірі аңыз ақын Әділ Бот­­пановты еске алуға ар­налған «Мені өлді деген сөздер – ертегі» атты жыр мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ, «Сыр медиа» серіктестігі ардагерлері мен жастарының арасында спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Қырық мыңға жуық халқы бар Жалағаш ауда­нының арғы-бергі тарихын түгендеген аудандық басылымның жарыққа шыққанына биыл 85 жыл толды. Сонау 1934 жылы «Колхозшы» деген үнпарақтан бастау алып, одан кейін «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Ком­мунизм шамшырағы», «Жаңадария», бүгінде «Жалағаш жаршысы» атауымен тұрақты шығып келе жатқан қоғамдық-саяси  басылым әр кезеңнің талабына сай шығармашылықпен еңбек етіп, қалың бұқараның қалтқысыз құрметіне бөлене білді.
Шиеліде Ә.Тәжі­баев­тың 110 жылдығы мен «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығы бірге аталып өтті. Ақын мерейтойына арналған арналған жыр мүшәйрасы, аудандық ба­сылымның тарихы түзілген «Өскен өңір-80» кітабының тұсауы кесіліп, тақырыпқа сай ғылыми-таным­дық конференцияда газеттің өткені мен бүгіні, алдағы басым бағыттары туралы мәселелер тұжырымдалды.
Бір сөзбен айтқанда, қоғам, ел өмі­ріндегі жауапты міндетті арқалап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары жаңа медиа кеңістіктің талабына сай табанды еңбегімен табысқа  жетіп келеді.

Ғазиза Әбілда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<