Базар жырау толғаулары: жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктері

3654

0

Қазақ халқының қастерлейтіні, қадір тұтатыны сөз өнері десек, өздерінің шығармаларымен Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақ жұртының руханият дүниесінен ерекше орын алатын Сыр сүлейлерінің басында Базар жырау Оңдасұлы тұр.

Базар жыраудың шығармалары Сыр өңірінен шыққан ақын-жырау­лардың ішінен алғашқылардың бірі болып Ә.Диваев, ­С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ә.Мар­­ғұ­лан, Ә.Қоңыратбаевтардың на­за­рын аударған. С.Сейфуллин «Бұ­қар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау» десе, М.Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған» деп, Базар жыраудың ақындық қабілетін жоғары бағалаған. Базар жырауды атақты Тұрмағамбет шайыр Ізтілеуовтің өзі ұстазым деп ұлықтап өтсе, ­М.Байділдаев: «Кеншімбай, Оңғар, ­Жиенбай, ­Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын, әнші-жыраулар – Базар жыраудың мектебінен үлгі алған түлектер» деп Базар жыраудың бағасын асыра түседі.

Кеңес  дәуіріндегі  қазақ  әдебие­ті  классиктерінің бірі А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылғаны және бар. Бұл романда дәстүрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған.

Жыраудың шығармалары ке­ңестік кезеңде «Үш ғасыр жыр­лайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» жинақтары мен «Базар жырау шығармалары» (А., «Жазушы», 1986) кітабына енсе, егемен ел  болған тұста «Жәмиғы қазақ бір  туған», «Назбедеу» жинақтары күйінде және «Сырдария кітапханасының» құрамында бір том болып жарық көрді.

Базар жыраудың әдеби мұрасы филолог мамандар даярлау барысында курстық, дипломдық жұмыс­тарға, магистрлік, кандидаттық, докторлық диссертацияларға зерттеу нысаны болып келе жатыр.

Сыр сүлейлерінің шығарма­шылығы – қазақ әдебиеті делінетін үлкен өнердің құрамдас бөлігі, яки бүтіннің бөлшегі. Әдебиетіміздің басқа кезеңдерімен салыстырғанда толық хатталуға жақын қалды деп жүрген ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі кез келген мәселені, демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларынсыз зерттеп-зерделеу дұрыс бола бермейді. Сондай-ақ Сыр сүлейлері шығармаларының әдебиет тарихындағы өзіндік орнын, ерекшеліктерін бүгінгі әдебиеттанудың талап-талғамына сәйкес айтып та отыруымыз қажет.

Негізінен ескіше (арабша) сауатты болған Сыр сүлейлері өздерінің шығармашылықтарында шығыстың классикалық әдебиеті дәстүріне шындап ден қойған болатын. Шығыс­тық өркениетпен аралас-құралас дамуға Кеңестік респуб­ликалардың әдебиеті мен өнеріне саналы түрде тосқауыл қойылды. Ұлттық көркем өнеріміздің өркениетті елдердің әдебиетімен, өнерімен шығармашылық байланыста болып, сырттай түлеп, іштей түрленіп өсуіне қойылған бұндай тежеуді Сыр сүлейлері шығармашылықтары да бастан кешті. Діни сюжетті, шытырман оқиғаға толы, негізінен, гуманис­тік идеяларды насихаттайтын қисса-дастандардың талайының өмірі қысқарды. Көзі қарақты, көңілі ояу адамдардың қолында қалып, күні бүгінге дейін сақталып келген осындай қисса-дастандардың мазмұнында адам миын улайтындай, рухани дүниесіне теріс әсер ететіндей ешнәрсе жоқ. Керісінше, шығыстық өркениет пен әдебиет дәстүрін меңгере отырып жазылған бұндай шығармаларда мұсылман дінінің гуманистік идеялары, адамгершілік сапалар насихатталады. Бұл айтылғандардың Ешнияз сал, Базар жырау, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет Ізтілеуовтердің шығармашылықтарына тікелей қатыс­ты екенін айтсақ, ақиқат ауылынан алыс кетпейміз.

Базар жырау – дәстүршіл ақын. Есін білгелі ел аузындағы жыр термелерді, толғау-дастандарды жаттап өсу – жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты. Ал халық ауыз әдебиетінің мол қазынасы, тарихи әдебиеттің тағылымды мұралары, өзі өмір сүрген өнер ортасы – бұлар оның өмірлік те, өнердегі де оқулықтары еді.

Құлаштап дүние сені

қармансам да,

Керімі келген шығар

ер Қорқыттың, –

дейді Базар жырау. Бұл жолдардағы Қорқыт есімі жайдан-жай аталмаған. Бір қызығы, Сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің жыр-толғауларында Қорқыт есімін атап отырады, өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп меңзейді. Демек, Сыр сүлейлерінің шығармаларын Қорқыт дәстүрінен бастау алатын, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақын-жыраулар шығармаларымен тығыз байланыс­та дамып келіп, әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүниелер деп есептейміз. Базар жырау шығармалары да өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас болып келіп, оның ұлттық дәстүрін жалғастыр­ған. Ұлан-байтақ территориямыздың кеңдігіне, баспа ісінің кешеуілдеп келуіне қарамастан, әдебиет дәстүрінің еліміздің әр жерінде қанатын кең жайып, тарап, мықтап орнығуы, тарихи әдебиет туындыларының қара тастай ұлттық дәстүрге берік  болуы  –  бұл  енді ғажайып құбылыс. Әдебиет туындыларының ұлттық дәстүрге тұрақтылығы қазақ көркемөнерінің дәстүрлілігінің ұзақ ғұмырлылығын және мәуелеген жемістей жасампаздығын дәлелдейді.

Өнердің мұраты – адамзатқа қыз­мет ету. Өнердің тақырыбы – адам тағдыры. Жанрлық тұрғыдан алғанда қазақ поэзиясының дәстүрлі түрі толғаудың да туу, қалыптасу, даму арналарының болатыны секілді, бұндай процесті әрбір әдебиет өкілдерінің шығармашылығы да басынан өткереді. Әрбір әдебиет өкілінің ұлттық әдебиет дәстүріне қосқан үлесі оның суреткерлік қарым-қабілеті, таланты, өмірлік тәжірибесі мен білім-білігіне тікелей байланысты болады. Осы тұрғыдан келгенде, Базар жырау – ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байытушы.

Базар жырау шығармашы­лығында, біздіңше, адам, адам тағдыры туралы айту ерекше орын алды. Адам туралы жаппай айтудан толғау үлгілі өлеңіміздің тарихында алғаш рет нақты айту, мораль, адамгершілік сапалар мен адамдық қасиеттерді көркем шығарма нысанына нақты адамды ала отырып жыр­лау жүзеге асты. Кез келген мәселені нақты, деректі жырлауы арқылы Базар жырау шығармалары толғаудың жанрлық мүмкіншілігін жетілдіре түсті. Көркем шығарманың өзі өмір сүріп отырған дәуірдің ділгір мәселелерін көтеруін, уақытпен үндесуін, реалистік сипатының артуын жолға қойды. Кез келген өнер туындысының бойынан адам бейнесі, оның жан-жақты жасалуы, сомдалуы неғұрлым айқын көрінсе, бұндай ерекшелік әдебиеттің соғұрлым нәтижелі даму жолына түскенін, есейіп келе жатқанын дәлелдей түседі. Демек, поэзиямыз­дың тарихындағы барынша жетілген, өмір құбылыстарының философиялық мәні мен маңызын, адам өмірінің саяси-әлеуметтік мәселелерін терең жыр­лайтын Базар жырау толғауларын өз заманының үздік туындылары деп нық айтуға болады. Мысал үшін жыраудың «Әр кемелге – бір зауал» толғауында адам, аң-құс, жануарлар бейнесі типтендіріле отырып, өмір құбылыстарының мәні ашыла түседі, дүниенің жалғандығы мен өткіншілігі, өзгермелілігі «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» дегендейін ыңғайда жырланады. Желге жеткізбес жүйрік аң – кер құлан, назбедеу тұлпар, қыран бүркіт, бай мен батыр – Базарша айтқанда бәріне де зауал бар, мәңгілік еш нәрсе жоқ. «Әлі де сенде арман жоқ» делінетін толғауда да сондай:

Көзі ақықтай сүзілген,

Маржандай тісі тізілген,

Келімі келген кермиық,

Сағағынан үзілген,

Белгілі ару қор болып,

Кімдерден жылап қалған жоқ,–делініп ару жайында, одан әрі тұлпар ат, батыр туралы айтылып кетеді. Образды ойлаудың бейнелілігі, көркем тіл дәстүрлі қазақ поэзиясын осы тұста да Базарлық анық ақындық қолтаңбамен байыта түскенін байқау қиын емес. Қазақ әдебиетінің дәстүріне өзіндік мәнерімен ендіріп жіберген осындай үздік үлгілі толғауларын Базекең одан әрі түрлендіре түседі.

«Ел жақсыларында» Сыр өңірі­нің мынадай айтулы тұлғалары жыр­ланады: Өткелбай сыпа, Бекетай молда, Құлбарақ батыр, Самырза, Көбек, Басықара билер, ­Бекмырза, Бәймен, Төртқара, Үмбеттер. Әр­қайсысының есіміне Сыр елінің әр жерінен жер-су атаулары берілген бұндай тарихи тұлғаларымызды жырау басқаларға үлгі ете жырлайды. Осы бағыт «Сұм дүниеде» одан әрі жалғаса түседі. Сұм дүниеден бәрі өткен. Олар: Әбіл­қайыр, Нұралы, Есім, Тәуке, Жәнібек, Абылай мен Жәңгір хандар, олар: Баба түкті шашты Әзиз, Сейтпембет, Мағзам, Марал ишан, Софы Әзиз әулиелер, олар: Жабағы, Сыпа, Өтеген, Ақмырза, Қуан, Көшермен батырлар, олар: Қазыбек, Төле, Әйтеке, Мөңке, Көбек, Өтетілеу, Сарытай, Тампыш, Мұрат, Киікбай билер, олар: Жанқожа, Есет, Қыстаубай, Қасым, Сейіл, Бұқарбай, Малайсары, Жантайлақ, Сәмет, Тоғанас, Қарадос, Өске, Бұдабай, Серәлі, Садыр, Орынбай, Шер­нияз, Шыман, Өтеген, т.б. батырлар мен билер, ақындар мен жыраулар. Бұл айтылғандар – Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ жұртшылығына танымал есімдер.

Базар жыраудың ақындық орбитасының кең де кемелдігіне таңғаласыз. Осыншама тарихи тұлғаларды қамтып жырлау, олардың өмірін өзгелерге үлгі ете отырып толғану Базарға дейінгі ешбір жырауда болған емес. Өз өлкесі мен елінің елеу­лілерінің есімдерін елеп, өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жыр­лау – Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Бүгінгі сырбойы­лықтардың жоғарыда аталған есімдерге бей-жай қарай алмайтыны, ата-бабаларының атын есітіп, жанын түлетіп, санасын жаңғыртатыны өнердің арқасы. Базар арқылы бізге жеткен мағыналы мағлұмат, құнды деректің әсері екенін айтуымыз керек. Толғау­лардағы осыншама адамдардың есімдерінің аталуы, оларға бірде тікелей, кейде жанама түрде болса да мінездеме, сипаттама жасалуы, сөйте отырып әділ биліктің, көшелі ой мен пайымды парасаттың, сұлулық пен батырлықтың, отансүйгіштік, туған жерге, елге адалдық, т.б. адамгершілік қасиеттердің насихатталуы – Базар жырау тұсындағы толғау үлгілі поэзиямыздың өскен өрелі биігі, жеткен жетістігі. Адамдық бітім-болмысқа, адамгершілік қасиеттерге қатысты нысанаға алынған, мысалға келтірілген кісі аттары, толғау кейіпкерлері бір қарағанда екінші жоспарда, негізгі мәселенің фонында ғана жырланып өтетіндей болып көрінгенімен, шынтуайтында, бұндай ерекшелік толғау жанрының уақыт пен кеңістік алдындағы мүмкіншілігін молайта түсіп, өлең өміріне адам кейіпінің, бейнесінің дендей түсуіне жағдай жасап отыр. Базар жырау өзі көтеріп отырған мәселенің мәні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен адамгершілік қасиетін ашу арқылы дәлелдеп береді. Дәл осындай жанрлық сипат толғау­дың әдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі өмір мен адам танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды. Толғау өлең өміріне әдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу – Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы.

Демек, Базар жырау туындылары өз кезі үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де көркем шығарма ретіндегі қызметін мінсіз атқарған құнды дүниелер болды деп айта аламыз. Екіншіден, толғау жанрының үздік үлгілері күйінде әдебиет тарихына үлкен үлес болып қосылған Базар жырау толғаулары өз заманындағы әдебиет өкілдерінің шығармашылықтарының дамуына игілікті әсер етті. Бұл бағытта жетекшілік рөл атқарды, қазақтың кәсіби жазба әдебиетінің қалыптасып-дамуына толық алғышарт болды. Жауыннан кейінгі көктей дүр ете қалып, бірден кәсіби әдебиеттің даңғыл жолына түсіп, дамуға бет алған қазақ әдебиетінің құнарлы топырағы Базар жырау сияқты сирек таланттарымыздың шығармашылығы болғанын түйіндер едік. Ақырында Базар жырау толғаулары өлкеміздің тарихынан мол мағлұмат беретін ғылыми дерек көзі ретінде де аса бағалы. А.Тоқмағанбетовтің Сыр өңірінің көркем шежіресін жасаған «Жыр күмбезі», «Көтерілген күмбез» романдарының материалы Сыр сүлейлерінің шығармашылығы болғаны көп жайды аңғартса керек.

Кез   келген   көркем   туынды   өмір құбылыстарының күнгей жақтарымен бірге, көлеңкелі тұстарын да көрсете алуымен құнды. Базар жырау толғауларындағы негізгі тақырыптар: өткінші дүние, өзгермелі өмір, адам өмірінің қысқалығы, т.б. жырланғанда адамдық мінез-құлықтың жақсы жақтарының айтылуымен бірге, жағымсыз тұстары да сыналып отырады. Оның: «Нарманға», «Лепес туралы», «Мау­танға», «Қаражан болысқа» толғаулары – осы бағыттағы туындылар. «Қаражан болысқа» 220 жолдан тұратын көлемді туынды. Базар жыраудың осындай көлемі жағынан ұзақ толғауларының кейінгі ұрпаққа жетуінің бір сыры олардың сол кездің өзінде-ақ хатталып отырғанынан болу керек.

Базар жырау «Қаражан болысқа» толғауында:

Баласы батыр Қабақ,

молда Қисық,

Қолыңа қалам алып жазшы хатқа,

Себеппен азын-аулақ

айтып толғау,

Жаздым сөз жақсыларға

сынатпаққа, –

дейді.

Ұзақ толғауды айтылған заматта хаттап үлгіруге қаншалықты мүмкіншіліктің болғанынан бейхабармыз. Қалай болғанда да түйдек-түйдегімен беріліп отыратын орамды ой, кестелі сөз, ойлы образдарды талантты, шығармашылық қарым-қабілеті, импровизациялық қуат-күші жағынан жазба әдебиеті үлгілерімен таластыра алатындай туынды «Қаражан болысқа» сияқты дүниелердің жарыққа шығуында тоқсан толғану, күрделі шығармашылық акт, процесс жүріп өтетінін ескерсек, Базар бабамыздың тума таланттылығына тағы да ден қоя түсеміз.

«Қаражан болысқаның» тақырыбы – тойына арнайы шақырып, жырлатып, астына арық ат мінгізген болысқа Базар жыраудың ренжігені, ал идеясы – сараңдықты сынау, адамгершілік мәселесі. Міне, осы мәселені Базар жырау 220 жол көлемінде ұзақ толғаған. Толғаудың композициялық құрылымы, сюжеттік желісі негізгі ойды, идеяны ашу үшін шебер қиюластырылған. Базар жырау бірден Қаражанның сараңдығын бетке баса жөнелмейді, оқырманын ойға шақырып, тыңдарманын тебіреніске түсіріп, адам болмысындағы мінез-құлықтар сырын ұзақ толғап кетеді. «Біреу – мәрт, біреу – жомарт, біреу – нәмәрт» дегендей, сыңайлы адамдар арасындағы алыс-беріс қарым-қатынастардың қазақы тұрмыстағы орнын, маңызын жырлай отырып, оларды жіктеп-жіліктеп тастап отырады. Тыңдарманын еріксіз баурайтын толғаудың әр жолы – ойлы, тұжырымды, әр сөзі – алтын, бейнелі, үлгілі.

Ойды ашып отыруда:

Арғымақ шаба алмайды

тер қатқан соң,

Арық ат қисаңдайды

ер батқан соң, –

дегендей поэтикалық контраст құрайтын  жолдарды жиі қайталап отыру – Базар жырау стиліне тән ерекше әдіс. Базар жырау толғау­ларындағы ой мен сезімнің белгілі оқиға сілемімен, сюжеттік желімен беріліп отыратынына «Қаражан болысқадағы»:

Сыпалар тыңдап сөзді

мен айтқан соң,

Еміреніп есіткендер

судай тынды,

Көңіліне жағып

Кеңес ұнатқан соң,

Ұлықсат еттің болыс

таң атқан соң –

делінетін жолдар дәлел. Осындай баяндаулар арқы- лы негізгі идеяны бірнеше қырынан келіп қайталап отыру тақырып ашудағы кәсіби шеберліктің жарқын мысалы болатынын жоққа шығара алмаймыз. Болыстың сараңдығын айтпас бұрын Қаражанның руы Кетеден шыққан игі жақсыларды, атақты адамдарды: Бекмырза, Пірен, Тұңғышбай, Дәуімшар, Қитар, Жұбанбай, Нысанбай, Бекет, Аман, Барақ батыр, Садыр молда, Мыңжасар, Ешнияз, Мырзабектерді жақсы жақтарынан атап өтеді. Домбыраның құлақ күйін келтіргендей осыларды термелеп атап алғаннан кейін:

Қаражан асып тудың

Жиенбайдан,

Мен сені кем көрмеуші ем

Атымтайдан,

Дүниенің қызығына түсемін деп,

Талайлар құр қалып жүр

абыройдан,

Өзі арық, өзі жауыр,

алжыған көк,

Қолыңа қапелімде түсті қайдан, – деп бір түйреп кетеді. Осындай мазмұндағы тирадалар ұзақ толғау­дың өн бойында бірнеше рет қайталанып отырады. Мақтамен бауыздағандай сараңдықтың сырын сызылта отырып түйрей беру сөз түсінетін адамға оңайға соқпасы анық. Базар жырау Қаражанды сөз өнерінің құдірет-күшімен осылайша тірілей өлтіргенге ұқсайды.

Толғау үлгілі поэзиямыздағы оқшау үрдіс – жырауларымыздың өз бейнелерін сөзбен сомдауы, жырмен жасауы. Жалпы өлең сөздің теория­сында ақындық «мен», жыраулық «мен» делінетін ұғымдардың маңызы зор.

Суреткердің стильдік даралығы, көркем шығарманың жанрлық сипаты, ерекшелігі, т.б. қисын-қағидаларды жыраулық немесе ақындық «мендер» яки суреткердің өнердегі өз бейнелерін жасау арқылы түсіндіруге болатынын естен шығармаған ләзім. Басқаларды айтпағанда ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтитын поэ­зиямызда осындай өнерлік ұғымға қатысты жыраулық бейнелердің небір әсем үлгілерін кездес­тіруге болар еді. Жыраулар үшін шабыт шақыруға, әруақтануға тиесілі көрінетіндей осы бір авторлық бейнелердің, ақындық шығандаулардың сөз өнеріміздің теориясында өзіндік орны бар.

Әлім менен Шөменнің,

Мен едім даңқты шайыры,

Екі енені тел емген,

Күшпек санды күреңмін,

Төсімнен тартса жетпейтін

Жуандықтан айылы,

Өзімдей-ақ ұл туар,

Бір адамның зайыбы.

Қабыл алмай алдымнан,

Қазақ халқы кеткен жоқ,

Сөзімнің келсе қайымы.

Базар жыраудың шалқар шабытын, әруақты ақындығын, талантының тегеурінділігін дәлелдейтін бұндай өлең жолдарының үздік үлгілілігі өз алдына, жыраудың осындай жолдарды саналы түрде қайталап отыруы, тыңдаушыларының назарын өзіне үнемі аударып отыруға ұмтылуы ерекше ден қоюға тұрарлық жағдай.

Саф алтындай жарқыраған, қарапайым да қатпарлы, мазмұнды әрі мағыналы, нақты, затты, көркем, бейнелі, шырайлы ана тіліміз, сөз мәйегі мен асылы – Базар жыраудың әдеби мұрасының айрықша сипаты. Тіл шұбарланбаған, мөлдіреген сұлу сөз дала жырауларының соңғы өкілі Базар жыраудың шығармашылығында тұнып тұр.

Ашығын айтсақ, Базар жыраудан кейінгі Сыр сүлейлерінің шығармаларында тіл шұбарлау элементтері кездеседі, араб-парсы сөздерінің орынды-орынсыз қолданылулары ұшырасады.

2011 жылы Базар жыраудың туғанына 170, дүниеден озғанына 100 жыл толды. Базар жыраудың 150 жылдығы еліміз бойынша кезінде аталмай, Өзбекстанда тойланғанын ескере отырып, Қызылорда қаласының төрінен батырлықты қастерлеп Жалаңтөс баһадүрге монумент орнатқанымыз секілді, Базар жырауға да ескерткіш қойсақ, бұнымыз сөз өнерін қадір тұтатын ұлттық ерекшелігіміздің жарқын үлгісі болар еді. Базар жырау тұлғасы бұл құрметімізге барлық жағынан лайық.

Базар Оңдасұлы – Сыр сүлейлерінің көшін бастап кеткен даңға­йыр жырау, саңлақ суреткер. Жыраулық поэзияның дамуындағы қол жетпестей биіктікпен ғана белгіленер оның шығармалары қазақ халқының қандай ұрпағының болмасын жанына сәуле, рухына қуат құя беретініне ешқандай күмән жоқ.

 

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми­-зерттеу институтының директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<