Белгілі қаламгер Сыр елінде

1193

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жазушы, драматург Сәбит Досановпен кездесті. Аймақ басшысы жазушының шығармалары әлемнің бірқатар елдерінде таныстырылғанын атап өтіп, руханият саласына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.


– Сіздің есіміңіз, шығармаларыңыз елімізге ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал. Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» ордені мен «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың, Қырғызстанның «Алтын қалам» ұлттық әдеби сыйлығының иегері болғаныңызды, Ресей әдебиеті академиясының академигі, Ресей педагогикалық және әлеуметтік ғылым академиясының академигі, бірқатар университеттердің профессоры атанғаныңызды білеміз. Шығар­маларыңыз алыс-жақын шетелдерге тарап, руханият жанашырларының жоғары бағасына ие болды. Елдің ықыласына бөлене беріңіз,– деді облыс әкімі.


Кездесу барысында Сәбит Досанов аймақ басшысына алғысын білдіріп, Сыр елінің ерекшелігі мен руханият әлеміндегі орнына тоқталып, кітаптарын тарту етті.


– Сіздермен кездескеніме қуаныштымын. «Сыр – Алаштың анасы» деп бекер айтпаған. Бұрындары жиі келетінмін. Тіпті облыстың мен бармаған ауданы жоқ. Аралдың шалқып жатқан кезін де көрдім. Сыр елінің мен үшін орны ерекше, – деді жазушы.


Қаламгер Сәбит Айтмұханұлы 1940 жылы, 12 қаңтарда Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында туған. Көптеген роман, повесть, әңгімелердің авторы. «Қайырлы таң», «Жанр тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор степного кургана» атты кітаптар жазған. Оның театр тақырыбына арнаған «Тау жолы» шығармасы мен «Советский писатель» баспасынан шыққан «ХХІ ғасыр» роман-эпопеясы әлемдік әдебиеттен лайықты орын алды. Ал, «Ақ аруана» туындысы француз тіліне аударылып, әлемдік бестселлер қатарынан табылса, «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Атырау, Жезқазған, Семей, Тараз, Бішкек қалаларының сахналарында қойылды.


Кездесу соңында аймақ басшысы жазушының әр еңбегінен тарихи оқиғалар мен құндылықтарға негізделген тың деректерге қанығуға болатынын атап өтті.


Кездесуден соң Сәбит Досанов Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылында болды. Мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет пен аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Белгілі қаламгердің өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, жергілікті ақындардың арнауы оқылды. Кітап көрмесі ұйымдастырылды.


– Қазақ жерінің мен үшін бөтені, жаты жоқ. Сыр елі – өнер өлкесі. Бұл жердің киелісі сол бір ауылдан жүз шайыр шыққан. Бүгінде олардың ізінен ерген талай дарын өсіп келеді. Осы күнгі қазақ әдебиетіне көзқарасымды сұрасаңыз, Әуезовтің кезіндегі әдебиеттің деңгейінен асып кетті, бірақ Әуезовтің деңгейіне әлі жеткен жоқ, – деді қаламгер.
Шарада жазушы шығармалары оқылып, аудан көркемөнерпаздарының концерті тамашаланды. Ардагерлер қаламгермен сырласып, ақ тілектерін білдірді.


– Сәбит Досанов – қазақ қаламгерлерінің арасындағы елеулі тұлға, жазушы, драматург және сыншы. Осының барлығын бойына сыйдырып әдебиеттің барлық жанрына қалам тербеген адам. Ол басқаларға ұқсамайтын қабілетімен ерекше. Шәкірт тәрбиелеуде де көпшіліктен ілгері. Жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, үлгі болып жүр, – деді сырдариялық ақын Мұхтар Сақтапов.


Шара соңында қатысушылар батыр ауылындағы «Тағзым» алаңына барып, құрмет көрсетті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<