«Бұрынғының адамдары» бүгінгінің қолында

2218

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыс­тық әмбебап-ғылыми  кітап­ханада жазушы, жер­лесіміз Айжарық Сәдібек­ұлының «Бұрынғының адамдары» атты кітабының тұсау­кесері өтті. Бұл кітап­қа жазушының «Өлер­мен өмір» романы мен «Сұрапыл», «Қарашыққа қатқан мұз» аталатын повестері енгізілген.

Шараға жазушының замандастары, мәдениет өкілдері, туған-туыстары қатысты.

Тұсаукесердің алғысөзін алған кітапхана директоры Н.Мыңжасов  бірнеше ай бұрын өмірден өткен ардақты аға, қарымды қаламгердің өлмес өмірі басталғанын, санагерлер сарайы Ә.Тәжібаев кітапханасының осындай ізгілікті істерге ұйтқы бола беретінін айтты.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова Айжарық ағаның туған жерден табан аудармай жүріп-ақ астаналық жазушылармен иық тіресе еңбек еткенін тілге тиек қылды. Мұнан соң жазушының досы Тобаш Ембергенов сөз сөйлеп, әдебиет тұлғасын дәріптеп, еңбегін ұрпаққа үлгі тұтқан азаматтарға алғыс білдірді.

Өз кезегінде жұрт алдына шыққан қаламгердің рухтас інілері – ақын Толыбай Абылаев, филолог ғалым Шанжархан Бекмағанбетов, «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Оңғарбаев келелі ойларын ортаға салды. Олар Арал қаласынан бір көшенің жазушының атына берілуін құптады.

Кітапхана қызметкерлері жиынға келгендерді жазушының шығармашылығына арналған «Ақиқат айдынындағы ақ шағала» атты кітап көрмесімен таныстырды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<