Ерлік жас талғамайды

432

0

Сіз жастық шағын келер ұрпақтың, мына біздің жолымызда құрбан еткен жалынды жауынгер Баубек Бұлқышев жайлы естіп пе едіңіз? Сұрапыл соғыста от кешіп, небәрі жиырма жасында елі үшін еткен еңбегі мен ерлігі туралы не білесіз?

 Көңілі тек оқуда, арманы асқақ, мақсаты айқын жігіттің жастық шағын фашистің өрті шарпып өтіп, бір сәтте рухы биік ержүрек жауынгерге айналды. Отан үшін от кешіп, азаттық үшін арпалысқан айбарлы жауынгер өлімнен еш сескенбеді де. Жас болса да қанды қырғын шабуылда болып, ел қорғанына айналуы оның қайтпас қайсарлығын дәлелдегендей. Өлімді көп көріп, қыршын кеткен майдандастарынан айырылып, жүрегі қан жыласа да беріспеді. Алайда, сол бір кезеңде көңіліне медеу, жаныңа сүйеу болғаны ″жігіттер майданда ерлерше өліп жатыр″ деген берік сенім! Яғни, олардың өлімінде де өмір бар.Себебі, олар жеңіс туын желбіретіп, бізге жарқын болашақ, бейбіт өмір сыйлады. Арман-мұратынан бас тартып, балғын жастық шағын фашисті талқандаумен өткізді. Осындай ердің ерлігі ешқашан өлмек емес. Ер есімі-ел есінде.

  Ал, қазіргі жастар осындай ерлікке бара ала ма? Көпке топырақ шашудан аулақпын.Әйтсе де, өзге тұрмақ өз басына жауап бере алмайтындар қаншама… Ойлағаны іске,жоспары жүзеге аспаса тіпті өзін өлімге итермелеп жатады.Әйтеуір бір күнім өтсе екен деп, арзан ойынға салынатындар да бар. Белгілі бір жетістікке жетпесе де, биік шыңды бағындырмаса да екі қолын қалтасына салып жалғанды жалпағынан басатындар да жоқ емес. Жиырма жасында ел қорғанына айналмақ түгілі өз-өзін қорғай алмайтындар баршылық.Алайда, біздің қоғамда, елімізде Мағжан ақын сенген жанынан арын биік қоятын, көздерінде от ойнаған жастар да жетерлік.Егеменді еліміздің атын төрткүл дүниеге танытып,абыройын асқақтатып жүр. Жалпы бұл менің біреуді даттап,енді біреуді жақтағаным емес, өз ойым, өзіндік пікірім.Қорыта айтқанда, біздер, жас буын ұлылардан үлгі алсақ деймін.

                                                                                       

     Замира ҚОНЫСЖАН,

                                                                                    ҚМУ-дың 1-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<