Ұлт өнерін ұлықтаған Шолпан

535

0

Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында Сыр сүлейлерінің жалғасы, дәстүрлі әнші, жыршы, облыс­тық филармонияның артисі Шолпан Биімбетованың «Жауһары жырдың жүректен» атты есепті концерті болып өтті.

Сахна шымылдығын жыршының өзі «Жыр бастауымен» ашты. Ол халық әндерін, сонымен бірге – Нұртуған, Қарасақал Ерімбет, Ешнияз сал секілді сүлейлердің мақамын нәшіне келтіре шырқады.

Шолпан көрерменіне дара келмепті. Елімізге есімдері белгілі – А.Ноғайбаева, М.Сәрсенбаева, А.Рахметов, А.Қуаңбаев сияқты дарабоз жыршылар сахна сәнін әрлеп, талғампаз тыңдарманға асыл жырдың маржанын төкті.

Өмірін домбырамен дәріптеп, өнегесін термемен төккен әнші Шолпан – ұлт  өнерінің рух байрағын төмен түсірмей келе жатқан талантты жерлесіміз. Сонымен бірге, ол – өзінің соңынан шәкірт ерткен ұстаз. Осы өнер жыр мерекесінде  жыраулық өнердің жампозына айналып үлгерген – Марат Сүгірбай, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәлі Бекпейсов секілді Шолпанның шәкірттері де жырдан шашу шашты. Әлімжан Әбсадықов, Абылайхан Сқақов, Алдияр Шағдатов сынды күйшілер қос ішектің құдіретін паш етті.

Әйгілі жырау Алмас Алматовтың шәкірті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының түлегі, академиялық доценті, халықаралық, респуб­ликалық өнер додаларының жеңімпазы, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Биімбетованың «Ақмешіт» фольклорлық ансамблімен қосылып әуелеткен ән мен термесі сөз жоқ, жүрек тербеді, жан ырғағын әлдилеп, көңілге шуақ септі.

Жұрт кеудесіне жырдан нұр құйған Шолпанға шығармашылық шабытың шалқи берсін дейміз. Ұлт өнерін ұлықтаған еңбегің жана берсін.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<