Мәңгі аласармас мұзарт

2531

0

Халқымыздың дарабоз ақыны Мұқағали Мақатаев – өз заманынан озық туған тұлғалардың бірі. Бұқар жыраудан бері Махамбет, Абай, Мағжан мұраттарынан қуат алған ақын қазақтың рухын көтеріп, намысын қайраған күрескер ақын.

Ол шовонистік, отаршылдық саяса­тының салқыны ұрған, «кең құрсақ» көрінген кеңестік заманда өмір сүрді. Алайда, ақынның «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» коммунистік қоғамның өзінде тәуелсіздік үшін тіл қаруымен күрес жүргізгенін «Райымбек, Райымбек» поэмасынан-ақ анық аңғаруға болады.

«Қауқары жоқ қайран жұрт,

қайран халық,

Сайран салып жатушы ең,

жайлау барып.

Опат болып, ақ ордаң

ойранданып,

Қара жауың әкеліп қара қайғы,

Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан қазақ!

Алты жасар ұлыңды майданға алып», – Қабай жыраудың аузына салған ақынның осы сөзі ол замандағы емес, бұл замандағы зары болатын. Бірақ, мұңлық ақынның бұл жанайқайын ұққан кім бар? Сонан соң халқының бодандығын беріректің болмысымен өлең етті.

Ат басы алтын берсе табылмаған,

Сыбағам қайда менің алынбаған.

Бір түйір кәрі көздің жасы

емес пе ем,

Ұшында сақалыңның дамылдаған.

Мұқағалиға мұң болған бір тақы­рып – адам баласына тән жаман әдет, жат қылықтар – жалғандық, жағым­паздық, жәреукелік, барша бейадами әдеп­сіздіктер. Ақын апайтөс аталарымыз бен Бибіпатыма аналарымыздың алтын қалпын аңсады. Әлемде болып жатқан қақтығыстар мен қантөгістер оның үлкен жүрегіне жебенің оғын­дай қадалды.

Адамның бүкіл айыбын

арқалап алып,

Азабын өзім көрер ем.

Жамандық басқан денемен.

Жандырып жатқан,

тоңдырып жатқан тамұққа,

жамандығыммен төнер ем.

Бүкіл дүние жамандықтарын

Артыңдар маған, көтерем.

Қарызым болсын өтеген.

Жауыздық біткен менімен ғана

бірге өлсе,

Бүгін-ақ өліп кетер ем.

Адамзат тыныштығы үшін өзін өлім­­ге қию – ерлік дәстүрі. Ал, Мұқағали өлімге ғана емес, Құдай-ау, ол өзін жамандыққа қиып отыр.

…Дүниедегі тірілер,

Жамандық іздеп

бақпасын.

Жауыздық жатқан,

Арамдық жатқан көрімнің

Қақпасын келіп қақпасын.

Ол өлгеннен кейінгі абырой-бақты тәрк қылады. Ешкім еске алмаса да, ешкімге керек болмай қалса да, жамандық атаулы жойылса екен дейді.

Мағжан ақынның:

«Жер жүзін топан басса екен,

Асқар таудан асса екен» дейтіні бар. Кезінде оны «өзі өлетін болған соң, өзгелерге өлім тілеуші» деп сынаған. Айналасы ақиқаттың көзін ойған – жалғандық, жауыздық, зәбір мен жапа болса, ақын бұл сойқаннан осылай құтылмағанда қайтпек?

Ақын тағдыры талай талқыны бас­тан өткізген. Замандастары оны тү­сінбек түгілі, кейбір баспада отырған редакторлар Мұқаңның өлеңінен «қате» тауып, сызып тастаған. Сөйтіп, оның көп өлеңі бізге жал-құйрығы кесіліп жеткен.

Ақынның бейкүнә ойын баласын суреттейтін бір өлең жолдарында: «Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген, танауыңнан айналдым сүртілмеген» деген тіркес бар екен. Осы сұлу образдылық ақын кітаптарына енбей қалған. Әлгі бір «сыпайы» баспагерлер: «Бұл өлеңдегі бала коммунистік тәрбиемен өскен бала емес, ескі замандағы күтімсіз, тазалығы жоқ бала» деп бір-ақ кескен. Бала қай заманда да бала ғой, оның бейнесін идео­логия емес, өмір кезеңі ғана өзгерте алады.

Мен қазақтың дарынды ақыны Ибрагим Исаевпен өте жақын аралас­тым. Алматыдан келген сайын осы Қызылордадан іздейтін төрт-бес адамы болатын, соның бірі мен едім. Ибекең әңгіме арасында Мұқағалидың жанында жүрген кездерінен сыр шертетін. Сондай әңгімесінің бірі есіме түсіп отыр.

«Бір күні Мұқаң екеуміз тоғызыншы қабаттағы дәмханаға кіріп, қызыл ша­рап іштік. Сосын төмен түсу үшін лифтіге мінгенбіз. Бізбен бірге бейтаныс үш қыз да мінді. Бұл Мұқаңның Италияның ұлы ақыны Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшаға аударып, қуаныш үстінде жүрген кезі болатын. Лифті ішінде Мұқаң: «Қыздар, сендер Дантені білесіңдер ме?»– деді. «Білеміз» десе, «Мен Дантені аударғанмын» деп айтпақшы болған шығар. Бірақ, ол қыздар: «Данте деген кім?» деп тыжырынды. Сол-ақ екен, Мұқаң үнсіз қалды. Көшеге шыққанда да үнсіз. Мен салпақтап соңынан еріп келе жатырмын. Не дерімді білмеймін. Енді солай үнсіз жүре бергенім ыңғайсыз еді. Сосын әзілдемек болып: «Мұқа, ол қыздар он төртінші ғасырда өліп қалған италияндық Дантені қай­дан білсін, сіз оларға Алматының Мұқа­ғалиын білесіңдер ме деуіңіз керек еді», – дедім. «Дантені білмей тұрғанда Мұқағалиды қайдан білсін олар?!» – деп Мұқаң ашуланып, сол бойы үн­демей үйіне қарай бұрылып кетті».

Осы әңгімеден түйген ойым Мұқағали поэзия оқымайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына қатты уайым шеккен сияқты. Шынында, поэзия – адам баласының жүрегіндегі мейрімділік пен болмысындағы сұлулыққа нәр беріп тұратын сиқыр. Алайда, Мұқағали ақынның сол жолғы уайымы бекер-ақ болған деп болжаймын. Өйткені, Мұқағали жыры біздің заманымызда мәңгі аласармас мұзартқа айналды.

Қай кезде екенін білмеймін, бір тілші Мұқағалиға: «Сіздің ұстазыңыз кім?» деген сұрақ қойыпты. Сонда ақын: «Менің ұстазым – қара өлең», – деп жауап беріпті. Мұқағали жырларының санамызға сіңе кетіп, жадымызда жат­тала қалатын құпиясы да – сол. «Қа­зақтың күпі киген қара өлеңін, үстіне шекпен жауып қайтарамын» демейтін бе еді өзі.

Қазақтың қара өлеңінде шынында құдірет бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<