Математикамен өрнектелген өмір

277

0

Фото: автордан

Осы күнге дейін ширақ жүретін, кездескен адамдармен күліп сөйлесетін, орташа ғана бойлы, шағын денелі, ақсары жүзді жігіт ағасы Ералыны өмір бойы білемін деп айтуыма болады. Оның себебі де бар, ең алғашқы рет екеуміз сонау 1972 жылдың шілде айында С.Киров атындағы ҚазМУ-дың атақты №1 жатақханасында кездестік (Ә.Нұршайықовтың кейіпкері Меңтай тұрған жатақхана). Екеуміз де талапкерміз, мен Аралдағы №15 орта мектепті бітіргенмін, Ералы Алматыдағы №56 физика-математика мектебінің алғашқы түлектерінің бірі. Сол жылы бірге осы университеттің механика-математика факультетіне «математика» мамандығы бойынша оқуға түстік. Қырық жылдан аса уақыт Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Математика және қолданбалы механика» кафедрасында бірге қызмет істеудеміз.

Жастайынан оқуға зерек болды. Ера­лының математикаға ерекше қабілетін байқаған ұстаздары, Қызылорда қаласы­ның білім бөлімі арқылы, 1968 жылы қаладағы С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің 6-сыныбын бітірген оны, Алматыда енді ашылған физика-ма­те­матика мектебінде оқуға ұсыныс жаса­ды. Алғашында бұл мектепте бір қазақ сы­ныбы және бір орыс сыныбы ғана болды. Ералының сыныбындағы 24 оқушының арасынан бір академик, үш ғылым док­торы, төрт ғылым кандидаты шық­ты.

Кейін талай дарынды балаларды тү­ле­тіп ұшырған осы білім ордасы, 1968 жылы академик Орынбек Жәутіковтің бастамасымен ашылған еді. Оның да өз себебі бар болатын, өткен ғасырдың 60-жыл­дарының басында Кеңестер Одағы деп аталатын алып мемлекетте жоғары білікті инженерлер мен ғалымдарға де­ген сұраныс өте үлкен болды. Осыған бай­ланысты, елдегі үлкен университеттер жанынан арнаулы физика-математикалық мектептер ашыла бастады. Алдымен 1963 жылы академик А.Колмогоровтың бас­тамасымен М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университеті жаны­нан №18 физика-математика мектебі ашыл­ды. Ізінше Ленинград, Киев, Новоси­бирск университеттері жанынан осындай ар­наулы мектептер ашыла бастады. Бұл мек­тептерге қабылданатын оқушылардың саны шектеулі болғандықтан, ауылдық жерлерде тұратын оқушыларды ғылымға баулу үшін, академик М.Гельфандтың бас­тамасымен Бүкілодақтық сырттай ма­­тематикалық мектеп ашылды. Бұл мек­­тептің еліміз бойынша 20-дан аса фи­лиал­дары болды. Осы мектептердің не­гізгі мақсаты – дарынды балаларды ғы­лымға баулу. Бұл жерде өткенді дәріптеп отырған жоқпыз, алайда, сол кездегі білім жүйесінің мықтылығын айтуға тура келеді. Ерекең бітірген мектеп, қазір академик О.Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебі деп аталады. Өзінің Жәутіков мектебінің түлегі екенін әрдайым мақтан тұтады.

Университетті бітірген 1977 жылдан бастап, Ерекеңнің бүкіл саналы ғұмыры Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетімен тығыз байланысты. 1984-1986 жылдар аралығында Т.Шев­ченко атын­дағы Киев мемлекеттік универ­сите­тінің «Ықтималдар теориясы және мате­матикалық статистика» кафедра­сының аспирантурасында оқыды. 1987 жылы осы университеттің ғылыми кеңесінде «Кез­дейсоқ процестердің кейбір банах кеңіс­тік­теріндегі аналитикалық қасиет­тері» тақырыбы бойынша диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кан­дидаты ғылыми дәрежесін иеленді.

Осыншама жылдар ішінде Ерекеңңің алдынан мыңдаған студент өтті. Олар қазір еліміздің барлық аймақтарында қыз­­мет істейді. Сонымен қатар, дарынды оқу­шылармен де жұмыс жүргізуді ұмыт­пайды. Адами болмысы, жүріс-тұрысы қарапайым, өз мамандығына адалдығын осы күнге дейін дәлелдеп келеді. 45 жыл­дан аса ұстаздық қызметте жүрсе де әрбір сабағына мұқият дайындалып, сту­денттерге қатаң талап қоя біледі. Өз ма­мандығына соншалықты берілу – адам­дарда сирек кездесетін қасиет деп білемін.

Ералы Әбдіғаппарұлы сонымен қа­тар үлгілі отбасының басшысы. Құдай қосқан қосағы Бектай екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, жақсы азамат қылып өсірді. Үлкендері Айна Л.Гумилев атындағы Ев­разия ұлттық университетінің докто­ранты болса, Ержаны Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясында оқытушы, қол­да­рындағы Бекжан ішкі істер бас­қар­ма­сының ақпараттық басқару орта­лығында қызмет істейді, ал кенжелері Жайна Ас­танада дәрігер-педиатр.

Ералы Әбдіғаппарұлы – 70-тен ас­там ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұ­­мыс­тардың, екі оқу құралының,  «Ық­ти­малдар теориясы» пәнінен элек­т­рон­­дық оқулықтың авторы. Қазақстан Рес­пуб­ли­касы білім және ғылым министр­лігінің Ы.Алтынсарин медалімен (2005 ж) Қор­қыт ата атындағы алтын медальмен (2015 ж) және Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін медалімен (2025 ж) марапатталған.

Бүкіл саналы ғұмыры математикамен өрнектелген Ерекең, мерейлі жетпіс жасқа толғалы тұр. Бұл – өмірлік бір белес.

Бақытжан ЖАНМОЛДАЕВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор