Мейірхан Ақдәулетов – өз заманының барометрі

2250

0

«Иен даласының соры шыққан болсын, мейлі, әркімнің туған жері өзіне ыстық » дегендей, сол туған жеріңнің аты аталса, жүрегің лүпіл қағып кетеді емес пе?! Жырақта жүрсем де, туған жерге бір құлағым түрік жүреді. Қуанышына бірге қуанып, жайсыздауына «қап, әттеген-ай» деп отырамын.

Ақпараттың дамыған заманы емес пе? Жақында фейсбук желісінде «Ақтөбе облысында ақын, журналист Мейірхан Ақдәулетовтің шығармашылығына арналған «Оқитын өлке» атты акциясына арналған жерлесім, кластасым Сәметов Болатбек Тәмбайұлының видеожазбасын көріп, риза болдым. Халқымыз қашанда ақиқат пен шындықтың жаршысы деп, ақын-жазушыларын құрмет тұтқан. Әр өлкеде өз кезеңінің бетке ұстар тұлғалары болады. Олардың игілікті істері, ізгі жолдары «болашақ жас ақын, жазушы, журналист боламын» деп талпынып жүрген өрендерге тәлім болары анық.

Үндемей отыруды өзіме сын көрдім. Себебі, Мейірхан ағаны оқушы кезімнен білемін. Ақтөбе облысы, Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетіне шыққан өлеңдерін үзбей оқып тұратынмын. Жазушы ретінде ол кісі тілі өткір, ойы ұшқыр жан, ал ақындық жағынан сыршыл, сезімтал, яғни лирик ақын. Қойындәптерімде 3-4 өлеңі жазулы екен… Солардың бірінен үзінді келтіре кетейін:

Сен екен ғой сағынышым,

Кештеу қалып,

Күзде келіп кездестің.

Жанымды ұғып, жүрегімді тербеттің,

Өмір бойы сағынғаным, күткенім

Сен екенін алғашқыда сезбеппін…

Жетпістің желкесіне шыққалы тұрған Мейірхан Ақдәулетов бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр, Аллаға шүкір! Ақтөбе мәдениет пен тілдерді дамыту басқармасына, М.Горький атындағы қалалық кітапхана ұжымына осындай тау тұлғаларды ұмыт қалдырмай, оқырманның есінде мәңгі қалуы үшін ұйымдастырып отырған іс-шаралары жалғасын таба берсін деп, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Ақын Мейірхан ағаға денсаулық тілей отырып, қаламыңыз мұқалмасын, әлі де жазарыңыз таусылмасын дегім келеді. Қалың оқырманыңыз, ізбасарларыңыз барда мың жасайсыз!

Бибісара Кенжебекова-Омарова,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<