«Менің жырым – жан хәлімнің тәпсірі»

1389

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ­әмбебап-ғылыми кітапханасында ақындық өнерде өзіндік қолтаңбасы бар, бірнеше жыр жинақ­тарының авторы, ақын Елубай Әуезовтің «Менің жырым – жан хәлімнің тәпсірі» атты шығармашылық кеші өтті.

Адамзат жаратылысы ас­тарынан ақиқат іздеп, екі дүние арасындағы жұмбақ әлемнің сан қырлы құпиясын жырларына арқау еткен ақынның шығармалары шы­найылығымен бағалы. Ойлы да астарлы өлеңдері оқыр­манды еріксіз баурап алады.

Ақынның кешін ҚР Мәдениет қайраткері Айдос Рахметов жүргізді. Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев, жазушы-сатирик Қазыбек Әшірбек сөз алып, ақын шығармашылығының басты тақырыбы – қарапайым өмір өрнектері екенін, сондықтан қалың оқырман жүрегіне қапысыз жол табатынын айтты.

–Табиғат берген талант пен тынымсыз ізденістің, шығармашылық шабыттың көрінісі – бірнеше жыр жи­нақ­тарының өзіндік салмағы бар, – дейді Т.Абы­лаев. Сол сияқты, ақын Оңталап Базаралиев, жыршы Берік Саймағанбетов ақын Е.Әуезовтің азаматтық ұстанымына қатысты жү­рек­жарды пікірлерін біл­діріп, алдағы уақытта тың толғаныстар мен жаңа туын­дылар күтетінін жет­кізді. Арасында ақынға оқыр­мандар тарапынан сауалдар қойылып, өзара пікір алмас­ты.

Әлеуметтік желі арқылы ақын жырларымен жақсы таныс, тұрақты оқыр­ман­дарының бірі, зейнеткер ұстаз Қанзада Алтаева кеш иесінің  шығармашылығына тілектестігін білдіріп, оның жаңа туындыларын шабыттана оқыды. Сондай-ақ, жас оқырмандар жырға кезек берді.

Өмір жолы, шығар­ма­шылығы, шабытты шақтары туралы қызықты әңгімелеп берген ақын, сиясы кеппеген жаңа жырларын оқып, оқырмандардың рия­сыз ықыласына кенелді. Қау­малаған оқырманның ыстық ықыласынан шабыт алған ақын жыр тиегін ағытып, тылсым өнер тұр­ғысындағы еркін ойларын ортаға салып:

Ашылса деп маған тылсым Хақ сыры,

Ұмтыламын көп жырлауға жақсыны.

Сізді бейжай қалдырмауы өлеңнің,

Менің жырым – жан хәлімнің тәпсірі – деп қорытындылады.

Әдеби кешті қорытын­дылаған кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас ел руханиятының дамуы жолында еңбек етіп жүрген өнер, шығармашылық өкілдерінің жұмыстарын жас ұрпаққа насихаттау бағытында жүйелі жоспар жасалғанын айтып өтті. Сөз соңында ақынға шығармашылық табыстар тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<