Мейірбектің мерейі

359

0

2006 жылы Жалағашта өткен Тәуелсіздіктің 15 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында мектеп оқушысы Мейірбек Сұлтанханды алғаш рет кездестірдім. Сөз саптасы ерекше, өзін сахнада еркін ұстайды. Он үш жасар баланың қарсыласқа қайтарып жатқан уәжі бет қаратпайды. Мен қазылар алқасының мүшесі едім. «Әлі оқушы ғой, ағаларының алдына салмай-ақ қояйық, алыпұшпа сияқты» – деген пікір де айтылды.  Бірақ, мен көнбедім, сол жолы оған бірінші бәйгені бердік.

Мейірбек алыпұшпа емес, алысқа шабатынын дәлелдеді. Сонан бастап, барған жерінің бәрінен жүлдесіз оралған жоқ. Мен оны сырттай бақылап жүрдім.

2009 жылы Талдықорған қаласында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысында бас жүлдені иемденді. Елордада қала күніне орай өткен дәстүрлі республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін алды. Одан кейін талай жердің дәмін татып, талай бәйгені бөктерді.

Кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсті. Оқуға да құлшына кірісті. Айтысып қана қоймай, ұлт өнерінің қыр-сырына тереңдеді. «Қазіргі айтыс өнерінің синкреттілігі» деген тақырыпта диплом қорғап, педагогика ғылымдарының магистрі болып шықты.

Биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Атақты тапсыру рәсімі «Риксос» аталатын Президент отелінде өтіп, оны ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б.Сапарбаев сөз сөйлеп ашты. Мейірбекке сыйлық «Қазақстан» ұлттық арнасы басқарма төрағасы Л.Танысбайдың қолымен табысталды. Көз алдымызда өскен «өзі қол басындай, сөзі қорғасындай» Мейірбегіміздің мерейі тасыған күн бәріміздің де ерекше қуанышымыз еді.

«Жаназардың жарқылдаған қылышы,

Жақаевтың жайнаған ақ күріші.

Мықтылардан кім шықты емес, бұл жерден,

Кім шықпады деп сұраңыз, дұрысы» – деп ақынның өзі жырлағандай, мен үшін осы күннен бастап Мейірбек ақын Шиеліден шыққан тұлғалар биігін бетке алып, бел асты!

«Дарын»  – екінің біріне бұйыратын сый емес. Тәуелсіздік жылдарында бұл атаққа 250 жас еге болыпты. Бұған дейін осы атақты Сыр елінен жырау Берік Жүсіпов, ғалым Амантай Шәріп алған еді. Биыл ел ішіне есімдері өте танымал болған үш жерлесіміз лайық болды. Олар – бокстан әлем чемпионатының 2 мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, атақты мәнерлеп сырғанаушы Елизабет Тұрсынбаева және Мейірбек!

– Мейіржан, елорда төрінен өз қаражатыңмен үй сатып алдың, өз еңбегіңмен атың алысқа танылды. Ұстазың әрі ағаң Мұқтар Ниязов секілді Сырды сағындырмай ауылға қайта келу ойың бар ма? Ендігі мақсат не? – деп сұрақ қойдым мен оны құттықтап хабар алысқан кезімде.

– Әке-шешемнің Арқаға көшкісі жоқ. «Алла разылығы ата-анаңның разылығында» деген, біздің заң-зәкүніміз сол кісілердің сөзі ғой. Мақсат – әуелі бас құрау, сосын елге қызмет ету, – деп жауап берді ол.

– Қайда жүрсең де аман бол, сүлейлердің сарқыты. Қазағыңның қадірін арттырып, атын асқақтата бер!

Бұл сөз – киесін кеудесіне сақтаған Сырдағы барша ағайынның ақ тілегі!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<