Наурыз тұжырымдамасынан не күтеміз?

1785

0

Әдетте көбіміз Ұлыстың ұлы күнін 22 наурызға туралайтынымыз рас. Ал елдің батыс өңірі оны әлдеқашан бастап кетті. Президент тапсырмасынан кейін пайда болған тұжырымдама бойынша Наурыз мейрамы он күнге жалғаспақ.

Оның әрқайсысы төмендегідей түрлі мазмұнды шараға арналып отыр:

14 наурыз – Көрісу күні;

15 наурыз – Жайлау күні;

16 наурыз – Шежіре күні;

17 наурыз – Тарихқа тағзым күні;

18 наурыз – Игі істер күні;

19 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні;

20 наурыз – Зияткерлік күні;

21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні;

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні;

23 наурыз – Жоралғы күні.

Ырыс пен тоқшылық мерекесінің мазмұнын байыта түсу туралы Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жазған еді. «Халқымызды бірік­тіретін ортақ құндылықтарды барын­ша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Бүкіл қо­ғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – делінген онда. Наурыздың ресми мереке ретінде аталып өте бастағанына 30 жылдан асты. Бірақ бұл ас ішіп, аяқ босататын кез емес. Оның орнына ағаш отырғызу, қоршаған ортаны тазарту сияқты қарапайым істерге жұмылған жарасымды.

Тұжырымдама шеңберіндегі шаралар шымылдығының Көрісу күнімен түрілуі тегін емес. Өйткені қазақ «тоғыс» деп атаған Ай мен Үркердің қиылысу сәті 14-15 наурызға сәйкес келеді. Ел ау­зындағы әңгімелерде қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінен басы қылтиып шығатын шақ осы. Тіпті шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулыға жан бітіп, көктемнің белгілері көрінеді.

Облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім басшысы Әйгерім Бек­құлы Көрісу күні – Наурыз мейрамы атрибуттарының бірі екенін айтты.

– Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туған-туыс, көрші-қолаңмен жүздес­кеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Өзара араздықты, өкпе-ренішті кешіреді. Елдің батысында жақсы сақталғанымен, бұл – бүкіл қазаққа ортақ мереке. Бiрақ саяси себептерге байланысты өткен ғасырдың отызыншы жылдарына қарай ұмытылды. Өзіміз Наурызбен 62 жылдан кейін ғана қауыштық емес пе?! – дейді ол.

Иә, Наурызды тұғырына қондырған тәуелсіздігіміз еді. Әйтпесе, оның кемі бес мыңжылдық тарихы барына ешкімнің таласы жоқ шығар. Ұлық мерекені неге 22 наурызға әкеп тірейтінімізді түрлі аңыз-әпсанаға сүйеніп дәлелдеуге болады. Соның біріне қарасақ, атақты астроном Ұлықбектің обсерваториясындағы көк тас дәл осы күні күн сәулесі түсіп, жібиді екен. Араздасқан адамдар салт бойынша бір-бірінен кешірім сұрауы және бірін-бірі кешіруі тиіс. Кешірмеген жағдайда «бұл күні Самарқанның көк тасы жібиді, сен тастан да қаттысың ба?» деп тоқтатады екен.

– Аңызға сүйен­сек, жер-жаһанды топан су басқанда Нұх пайғам­бардың кемесi Қазығұрт тауының басына кеп тоқтайды. Сол уақытта күн мен түн теңескен көрі­не­ді. Келесі деректе 21 наурыз күні түнгі сағат 3-тер шамасында жастар өгізге сыл­дырмақ байлап, сонымен ауылды аралайтыны айтылады. «Жаңа күн келді!» деп шулап, сылдырмақтың даусы шыққанда жұрт ұйқысынан оянады-мыс. Әйелдер жағы қазан көтеріп, наурызкөже пісірген, – дейді журналист Сәкен Алдашбаев.

Тағы бір аңызды тарқатайық. Күн мен түн теңелгенде ерекше бір гуіл көкті жарып өтуі тиіс екен. Оны «әз» деп атайды. Көшпенді қазақ халқы: «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін», – деп жорамалдаған. Ерекше гуіл 22 наурызға дейінгі үш күннің ішінде естіледі-міс.

Әріптесіміз Наурыз мерекесінің төңірегінде салт та, дәстүр де, ғұрып та қалыптасқанын жеткізді. Тек оның озығы мен тозығын ажырата білген орынды. Мысалы, «наурызкөжені тауысып ішкен адам жыл бойы тоқ жүреді» дегеннің басқа да қыры бар.

– Бір жағынан бұл «адам ауқаттанып, әбден әл жинап алсын» дегенге саяды. Сөйтіп, адамдар тал егу, айналаны қоқыстан тазарту, бұлақтың көзін ашу сияқты жұмыстарға жұмыла кіріскен. Екінші себебі – теңсіздікті жою. Кешеге дейін қазанды көп болып көтеріп келді. Ортақ ыдысқа көршілердің бірі аз, бірі көп үлес қосуы мүмкін. Сондықтан мұны бірінен-бірі өзін өктем санамасын немесе қысылып-қымтырылмасын деген әдептен туған ырым десе де болады, –дейді С.Алдашбаев.

Былтыр Қазақстанда коронавирус пандемиясы жа­рияланып, билік адам жинап, бұ­қаралық шаралар өткізуден аяқ тартты. Ел әлі елең-алаң күйде. Сон­дықтан мерекелік шаралардың дені биыл да онлайн форматта болмақ. Оффлайн түрде ұйымдастырған жағ­дайда әлеуметтік қашықтық сақтау, медициналық маска тағу сияқты карантин талаптарын орындау міндет.

Түркі жұртына ортақ мейрамды бір ізге түсіріп, оған жалпыхалықтық сипат беру қа­жеттігі көптен айты­лып келеді. Пре­зиденттің арнайы тұжы­рымдама әзірлеу туралы тапсырмасы осы мәселеден ту­ғаны анық.

– Алғашқы кез­дері Наурыз бүкіл­халықтық сипатқа ие болып, Қа­зақстан халқының ортақ мере­кесіне айнал­ған еді. Бүгінде этно­графиялық шең­берден шыға алмай келеді. Сондықтан оны табиғатпен, ғылыммен үйле­­­сімділікте жаңару, жаң­ғыру мейрамы ретінде қа­растыру керек, – дейді Ә.Бекқұлы.

Иә, көбіміз бешпент-шапа­нымызды көк сандықтың түбінен осы күні шығарып киетініміз – көңілге тисе де, шындық. Алайда, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев осы стереотиптен арылып, тақиясын тастамай жүр.

– Бес-алты тақиям бар. Ең құндысы – көкемнің тері сіңген, ысылған көне тақия. Іздегенге ұлт­тық киім табылады. Бірақ көбі сыйға беруге, мерекеде ғана киюге арнал­ған сияқты. Білінер-білінбес өрнекті қазақы киімді күнде киіп жүруге болар еді. Бірақ еш жерден таппадым. Тек тапсырыс беру керек. Әр ұлтты болмысынан бөлек, ұлттық тағамы мен киімі ерекшелеп тұрады. Мысалы, қырғыз ағайын айырқалпағын, өзбек ала тақиясын, түркімен теріден тігілген бас киімін шешпейді. Біз де қамзол-шапанымызды қысылмай киіп жүретін күнге жетеміз, – дейді ол.

Тұжырымдаманы орындау ар­қылы бірқатар нәтижеден үміт бар. Соның бірі – Қазақстан хал­қы­ның бірлігі мен келісімін кү­шейту, жал­пы­қа­зақ­стандық құндылықтар мен эволюциялық даму мәдениетін қа­лыптастыру және нығайту. Ұлыс­тың ұлы кү­нін­де ұрпақтар са­бақ­тастығы, дос­тық қарым-қа­тынас, қо­нақ­­­жайлық салты дәріп­теледі. Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданатын мереке ұлтына, дініне қарамастан барша жұртты ұйыстыратыны сөзсіз.

– Дініміз бір болғандықтан Наурызды атап өтуде айтарлықтай айыр­машылық жоқ. Біз де ырым-тыйым ұстанамыз. Мысалы, отаншыл болсын деген оймен баланы туған жердің топырағына аунатамыз. Жаңа күннің келуі, міне, бәрімізге үміт, сенім сыйлайды, – дейді облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Сайдселим Хазуев.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы сенім сыйлайтын мереке жалпыхалықтық сипатқа ие болуы тиіс. Күтер нәтиже – осы.

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<